Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Үкімет пен атқарушы органдарға отандық өндірісті ұлғайту, азаматтардың нақты табысын арттыру, экономиканы әртараптандыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Түркістан облысында осы бағыттағы жол жөндеу жұмыстары қарқын алды.
Бүгінде өңірімізде автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17 500 шақырымнан асады. Республикалық маңызы бар жолдың үлесі – 723 шақырым, жергілікті маңызы бар жол 5 755 шақырым және елді мекен көшелері 11 мың шақырымнан асады. Ағымдағы жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 41,1 млрд. теңге бөлінген. Құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 587 нысан немесе 1521,1 шақырым жолдар мен көшелерді қамту жоспарлануда. Жыл қорытындысымен 534 нысан, яғни 1237,2 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделген.
Төлеби ауданында биыл жалпы 1268, 9 млн. теңгеге 66,7 шақырымды құрайтын 59 көше жөндеуден өтеді. Оның ішінде, «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында 835,6 млн. теңгеге 38,4 шақырымды құрайтын 29 көше, аудан бюджеті есебінен 433,9 млн. теңгеге 28,5 шақырымды құрайтын 30 көше орта жөндеуден өтпек.
Қазіргі таңда Аққұм ауылдық округіндегі Әли ата, Қасқасу ауылдық округіндегі Қуандық және О.Тәжібайұлы, Алатау ауылдық округіндегі М.Махатаев, Көсәйек ауылдық округіндегі Төлеби көшелерін жөндеуден өткізу үшін конкурс қорытындысы алынып, мердігер мекемемен келісім-шарт түзу жұмыстары басталды. Қалған жолдарды жөндеу үшін мемлекеттік сатып алу порталында конкурс өткізіліп жатыр.
2023 жылдың қорытындысымен облыстық маңызы бар жолдарды 99,5%-ға, аудандық маңызы бар жолдарды 90,3%-ға, елді мекендердің ішкі көшелердің қанағаттанарлық жағдайын 80,1%-ға жеткізу жоспарлануда.
Осы жылы аудан аумағында жалпы көшелерді абаттандыру, аяқжол салу, елді мекеннің атауы жазылған арка орнату және заманауи балалар ойын алаңшасын салу бойынша 180156,0 мың теңгеге 12 нысанның құрылысы жүргізіледі.
Бүгінде Ленгір қаласы, Төлеби көшесінен Аманкелді көшесіне дейінгі аралыққа, Төлеби көшесіне, І мөлтек ауданындағы 230 метр жерге аяқжол салу жұмыстары қарқын алды.



