Өңіріміздегі бірқатар аудандарда жергілікті маңызы бар жолдардың жүктеме көрсеткіштері сақталмағандықтан жолдар мерзімінен бұрын зақымданып, жарамсыз жағдайға жетуде. Сондықтан, сала мамандары облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату жөнінде ұсыныс беруде.
Жалпы жол өте маңызды салалардың бірі болып табылады. Ол облысымыздың экономикасының дамуына тікелей әсер етеді. Сол себепті жолдарды салу жұмысын тездету және оның сапасы тексеріп отыру маңызды. Жергілікті жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 95 пайызға жеткізу міндеті жүктелген. «Мердігерлер егер де жұмысты ширатпаса, ол межені бағындыру қиынға соғады», — дейді сала мамандары.
Реті келгенде айта кетейік, сала мамандарына шетелдік жүк көліктерін де қатаң түрде қадағалауға алу қажет. Себебі белгіленген мөлшерден артық жүкті артып алатын ауыр жүк көліктері жолдардың тез жарамсыз күйге түсуіне ықпал етіп жатыр. Жолға жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдары осы мәселені бақылауға алуы ләзім.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р.Ибрагимовтың айтуынша, 2022 жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға республикалық, облыстық және аудандық, қалалық бюджеттен, сонымен бірге «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы 49,8 млрд. теңге бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 794 нысан немесе 2094,9 шақырым жол мен көше қамтылды. 645 нысан немесе 1247,5 шақырым жол мен көше пайдалануға берілді. Жұмыстар нәтижесінде республикалық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 93,4%-ға жеткен. Ал жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 92%-ға жетіп отыр. 2022 жылы басқарма мен «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК ТОФ арасында келісімшарт түзіліп, филиал тарапынан нысандарға 169 рет аралау жүргізіліп, 1330 дана сынама алынған. Басқарманың тапсырысы арқылы құрылысы қолға алынған нысандардағы сапаны қамтамасыз ету бойынша мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелерге 170-ге жуық ескерту хат жолданған. 19 нысан бойынша 12 мердігер, 1 техникалық қадағалаушы және 1 жобалаушы мекемеге 133,5 млн. теңгеге айыппұл салынған. Жалпы нысандарда сапасыз атқарылған 8874 м2 жол жамылғысы қайта төселген. 2023 жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен 51,0 млрд. теңге бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 660 нысан немесе 1594,2 шақырым жол мен көшелерді қамту жоспарлануда. Жыл қорытындысымен 604 нысан немесе 1238,3 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделуде.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, өңірімізде жолдарды салу және жөндеу жұмыстарын атқару маңызды іс болып табылады. Ендігі жерде осы бағытта аудандарда атқарылып жатқан жұмыстардың барысына тоқталып өтсек. Мәселен, Отырар ауданында биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ұзындығы 19,6 шақырым болатын 10 ішкі көшеге және жергілікті бюджет қаржысы есебінен ұзындығы 24,3 шақырым болатын17 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Осылайша, аудандағы қанағаттанарлық дәрежедегі жолдар 305,4 шақырымға жетпек.
Ал, Төлеби ауданында биыл жалпы 1268, 9 млн. теңгеге 66,7 шақырымды құрайтын 59 көше жөндеуден өтеді. Оның ішінде, «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында 835,6 млн. теңгеге 38,4 шақырымды құрайтын 29 көше, аудан бюджеті есебінен 433,9 млн. теңгеге 28,5 шақырымды құрайтын 30 көше орта жөндеуден өтпек.
Қазіргі таңда Аққұм ауылдық округіндегі Әли ата, Қасқасу ауылдық округіндегі Қуандық және О.Тәжібайұлы, Алатау ауылдықокругіндегі М.Махатаев, Көсәйек ауылдық округіндегі Төлеби көшелерін жөндеуден өткізу үшін конкурс қорытындысы алынып, мердігер мекемемен келісім-шарт түзу жұмыстары басталды. Қалған жолдарды жөндеу үшін мемлекеттік сатып алу порталында конкурс өткізіліп жатыр.
2023 жылдың қорытындысымен облыстық маңызы бар жолдарды 99,5%-ға, аудандық маңызы бар жолдарды 90,3%-ға, елді мекендердің ішкі көшелердің қанағаттанарлық жағдайын 80,1%-ға жеткізу жоспарлануда.Осы жылы аудан аумағында жалпы көшелерді абаттандыру, аяқжол салу, елді мекеннің атауы жазылған арка орнату және заманауи балалар ойын алаңшасын салу бойынша 180156,0 мың теңгеге 12 нысанның құрылысы жүргізіледі. Бүгінде Ленгір қаласы, Төлеби көшесінен Аманкелді көшесіне дейінгі аралыққа, Төлеби көшесіне, І мөлтек ауданындағы 230 метр жерге аяқжол салу жұмыстары қарқын алды.
Мақтаарал ауданында өткен жылы 53,4 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар жол мен 46,5 шақырымды құрайтын ішкі көшелер орташа және ағымдағы жөндеуден өткізілді. Жетісайда биылғы жылға жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласын дамытуға Ұлттық қордың, облыстық және жергілікті бюджеттің есебінен 1,9 млрд. теңге бағытталған. Мұнда қазір осы бағытта бірқатар шаралар атқарылуда.



