Соңғы уақытта таулы аймақтардағы мұз бен жауын-шашын деңгейінің төмендеп кетуі салдарынан өңірімізде ағын су тапшылығы байқалуда. Бұл мәселе шаруаларға егін егуде тиімді жолдарды қарастыру қажеттігін көрсетуде. Айталық, Отырар ауданындағы Қарғалы ауылында шаруаларды қажетті ағын сумен толық қамтамасыз ету жыл сайынғы проблема болатын. Онсыз да ағын суды көп қажет ететін қауын, жүгері, жоңышқа секілді егістіктерден мол өнім алу мүмкіндігі аз екені айтпаса да түсінікті жайт. Осы жағдайларды ескере отырып, аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов диқандарға суды көп қажет етпейтін және ғылыммен негіздемесі нақтыланған өнім түрлерін өсіруді ұсынған болатын.
Аталған жайтқа байланысты отырарлық диқандар биыл жаз айларында су тапшылығының салдарынан бос жатқан 160 гектар алқапқа күзгі бидай егуді қолға алды. Күз бен көктемде мол ағын суды тиімді пайдаланған «Біржан-2» ЖШС, «Ақсақал», «Сағындық-М», «Әшірбай» шаруа қожалықтары аңқасы кепкен даланы жасыл желекке бөлеп, мол өнім алуды көздеп отыр. Қазіргі таңда техникалардың дайындығын пысықтаған диқандар өнімді алдағы бірнеше күн ішінде толық жинап бітірмек.
Тың тәжірибеге аудандағы өзге ауыл округтерінің диқандары қызығушылық танытса, мамандар бұл жобаны су тапшылығын жоюдың ең тиімді әдісі ретінде бағалап отыр. Жақында аудан әкімі Сәкен Асылханұлы бидай алқабына арнайы барып, жұмыстың жай-күйімен танысып қайтты. Бидай шығымын көзбен көрген аудан басшысы шаруаларға ризашылығын жеткізіп, ауыл округіндегі басқа да диқандарды ағын суды аз қажет ететін егістікпен айналысуға шақырып, алдағы уақытта туындауы ықтимал мәселелерді талқылады.
Қазіргі таңда өңірімізде аталған салада жаңа технологиялар кеңінен қолдануда. Соның нәтижесінде қарқынды бау көлемі биыл 5405 гектарға жеткізіледі. Нәтижесінде өнімділік 5 есеге артып, 300-350 центнерге дейін өнім жиналады. Су үнемдеу технологиясы 28 763 гектарға, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 9303 гектарға ендірілді. Су үнемдеуге арналған жаңа технологиялар ағын суды 2 есе үнемдеуге мүмкіндік беруде.
Сала мамандарының айтуынша, Түркістан өңіріндегі аймақтарда су тапшылығын шешу үшін бірнеше су нысанының құрылысы басталып, өткен жылы 2 нысан пайдалануға берілді. Олар:
1. «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы (Сыйымдылығы 18 млн. м3). Нәтижесінде, жылына қосымша 34 млн. текше метр ағын суды жеткізуге мүмкіндік берді.
2. Түркістан магистральды каналының 59 шақырымын бетондау арқылы 60 млн. текше метр су үнемделді.
Бұдан бөлек, «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймалары салынады. Өңірде каналдарды тазалау, жөндеу жұмыстары тұрақты жалғасуда.



