Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Үкімет пен атқарушы органдарға отандық өндірісті ұлғайту, азаматтардың нақты табысын арттыру, экономиканы әртараптандыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Бүгіне өңірімізде осы бағытта қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Өңір басшысы Дархан Сатыбалдының мәлімдеуінше, биыл 68 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 57 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады.
Мәселен, Отырар ауданын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2014-2017 жылдары автоматтандырылған газ тарату стансасы салынып, Шәуілдір елді мекеніне дейін 51,4 шақырым газ құбыры тартылған. АГТС арқылы 2025 жылға 34 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланып, бүгінде 22 елді мекеннің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. «Көгілдір отынмен» қамту ісі қарқын алып, бүгінгі таңда аудандағы 12 елді мекен тұрғындары табиғи газбен қамтылған. Ал, биыл 9 елді мекен табиғи газбен қамтылады.Олар – Темір, Арыс, М.Шойманов, Қарғалы, Отырар, Көкмардан, Шытты, Сарыкөл, Сырдария елді мекендері.
Сонымен қатар, биыл Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан 12 елді мекенді газбен қамту бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр. 2025 жылға дейін газ құбырын тарту жұмыстарын аяқтап, ауданның жалпы газбен қамтылу көрсеткіші 99,6 пайызға жетеді деп жоспарлануда.
Ал, Ордабасы ауданында 57 елді мекеннің 9 елді мекені табиғи газбен қамтылған. Оның ішінде 2022 жылы 4 елді мекенге газ құрылысы жұмыстарын жүргізіліп іске қосылды, мұнда тұрғындарды «көгілдір отырмен» қамту көрсеткіші 19,6 пайызға жетті. Былтыр 24 елді мекеннің құрылысы жүргізіле бастаған болатын. Жоспарланған жұмыстар 2023 жылға өтпелі болатын. Қазір бұл нысанда тиісті жұмыстар қолға алынған. 69 952 адам табиғи газбен қамтылды. Тұрғындарды табиғи газбен қамтукөрсеткіші 57,3 пайызды құрады. Ал, биыл жаңадан 4 нысан немесе 3 елді мекенге құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Бұйыртса, 2027 жылға қарай ауданда тұрғындарды газбен қамту көрсеткіші 100 пайызға жеткізілетін болады.
Қазіргі таңда Қазығұрт ауданында 62 елді мекеннің 49-ы табиғи газ жүйесімен қамтылған. Бұл 79 пайызды құрайды. Өткен жылы Еңбек елді мекеніндегі(аңағасыр, Наурыз көшелері мен Атбұлақ елді мекеніндегі Үмбеталиев, Ж.Қаппаров, Жүнісбек ата көшелерін газбен қамтамасыз етуге қазынадан 86,8 млн. теңге қаралып, тиісті жұмыстар атқарылған болатын. Бұдан бөлек, Шанақ, Ызабұлақ және Ақжар елді мекендеріне 511,3 млн. теңге қарастырылып, оның қалған 173,4 млн. теңгесі биылғы жылы атқарылатын жұмыстарға жоспарланған-ды. Биыл нысанды жыл соңына дейін тапсыру жоспарлануда.
Ағымдағы жылы Ескі Шанақ, Бақабұлақ, Шанақ бекеті елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз үшін 292,1 млн. теңге қаржы бөлініп, бүгінде мердігер мекеме анықталып, келісім шарт түзілді. Қазіргі таңда бекітілген кестеге сәйкес жұмыстар жүргізілуде.Жыл қорытындысымен аудан бойынша 52 елді мекен табиғи газ жүйесімен қамтылып, бұл 83,8 пайызды құрайтын болады.



