Сайрам ауданының әкімі Арман СәбитовАрыс ауылдық округіндегі атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәелелері бойынша ауыл әкімі М.Сиддиковты қабылдады.Күн тәртібінде Арыс ауылдық округі әкімінің ағымдағы жылдың қазіргі таңына дейін атқарған жұмыстары және өзекті мәселелері қаралды. Бюджеттің игерілуі, оның ішінде салық түсімдерінің орындалуы, жайылым жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару, қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру, инфрақұрылым мәселелерін тыңдалды.
Ауыл округі аумағындағы атқарылып жатқан жұмыстармен қоса, шешімін қажет ететін өзекті мәселелер де бар. Мысалы, тұрғындарды тұрақты түрде сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, Қожақорған елді мекеніндегі Жаңақұрылыс аумағына табиғи газ тарту, Нұржанқорған елді мекеніндегі Атамекен көшесіне аяқжол салып, лоток орнату.
Осы және өзге мәселелермен танысқан аудан басшысы А.Сәбитов бірінші кезекте инфрақұрылым мәселесін бітіруді, оның ішінде халықтың жиі көтеріп жүрген өзекті мәселелерін күн тәртібінен түсірмеу керек екендігін тапсырды.
Жалпы Сайрам ауданында газдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Өткен жылы Ақбай ауылындағы Жаңақұрылыс аумағындағы 150-ге жуық тұрғын үйдің басым бөлігі «көгілдір отынмен» қамтылған болатын. Жергілікті бюджет есебінен нысан құрылысына 67721,26 мың теңге қаралып, ол игерілген. Жаңа аумақтағы көшелерге жалпы ұзындығы 4,86 шақырым газ құбыры тартылған. Бүгінгі таңда аудан аумағындағы 42 елді мекеннің 30-дан астамы табиғи газбен қамтылған. 5 жоба бойынша 7 елді мекенді табиғи газбен қамту мақсатында жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылып, мердігер мекемелер анықталып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аудан 2025 жылға дейін 100 пайыз табиғи газбен қамтылады деп күтілуде.
Реті келгенде тілге тиек ете кетейік, бұдан былай облыста елді мекендердің сапалы инфрақұрылыммен қамтылуына ауқымды мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Бұрын-соңды болмаған бұл шара барысында ауыз су, табиғи газ және электр қуатымен қамту саласы егжей-тегжейлі сараптамадан өтеді. Нәтижесінде облыс аумағындағы елді мекендердің инфрақұрылыммен қамтылу төлқұжаты әзірленеді. Анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстары жауапты адамдарға жүктеледі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің баяндауынша, басқарма тарапынан мониторинг жүргізу жөнінде хат «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС, «Казтрансгаз» АҚ ТӨФ, Су беруші мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға жолданған. Сапалы табиғи газбен қамтылу барысына да, электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша да нормативтік талапқа сәйкес емес қосылған абоненттер саны, орнатылған трансформатордың қуаты, электр, орнатылған газ, су желілерінің техникалық жағдайы бойынша толық мәлімет алынады.
Ауыз сумен қамтамасыз ету саласында атқарылатын жұмыстар да ауқымды. Биыл жалпы құны 51,5 млрд. теңгеге 66 нысан құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 46 нысанның құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Қалған нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі. Нәтижесінде су құбыры мүлдем жоқ 18 елді мекен (Бәйдібек – 1, Сарыағаш – 7, Келес – 4, Қазығұрт – 1, Ордабасы – 4, Отырар –1) ауыз сумен қамтамасыз етіліп, 12 елді мекеннің (Жетісай – 1, Бәйдібек – 2, Қазығұрт – 1, Төлеби – 4, Мақтаарал – 1, Ордабасы – 1, Түлкібас – 2) тозығы жеткен су жүйелері қайта жаңартылады. 2023 жылдың қорытындысымен 833 елді мекеннің 738 елді мекені ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, биыл газбен жабдықтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс аумағында жалпы құны 60,3 млрд. теңге болатын 100 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 70 нысанның құрылысы аяқталады, қалған 30 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі. Нәтижесінде биыл 56 елді мекеннің 145 мыңға жуық халқы табиғи газ пайдалануға мүмкіндік алады.
Биыл халықты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін жалпы құны 47,2 млрд. теңге болатын 71 нысанның құрылысы жүргізілуде. 2023 жылы 40 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған, қалған 31 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі. Нәтижесінде жыл соңына дейін 47 елді мекендегі 122,3 мың тұрғын сапалы жарықпен қамтылады.