2025 жылға қарай әлемде ІТ мамандарына деген сұраныс 200 миллионға дейін артады. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge 2022 халықаралық технологиялық форумда ІТ нарықтағы мамандар тапшылығы мәселесіне назар аударды.Президенттің мәлімдеуінше, екі жыл бұрын әлемдік ІТ нарыққа 30 миллион маман керек еді. Бүгінде бұл қажеттілік 100 миллионға жетті. Ал, 2025 жылға қарай 200 миллионға дейін артады. Уақыт өткен сайын бұл көрсеткіш жоғарылай береді. «Сондықтан аталған салада кәсіби мамандарға деген сұраныс өте жоғары болады. Біз бұл сын-қатерді жақсы түсінеміз. Сондықтан 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың жоғары білікті ІТ маман даярлау міндетін қойдық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Енді бұл міндетті орындау үшін бейінді университеттер өңірлік жоғарғы оқу орындарын қамқорлығына алды, грант арқылы оқыту кеңейіп, 12 жеке меншік IT-мектеп ашылды. «Жуырда Нью-Йоркке жасаған сапарым аясында «Digital Nomads» IT-қауымдастығындағы жас отандастарымызбен кездестім. Олар АҚШ, Еуропаның ірі компанияларында жұмыс істейді және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті. Қазіргі таңда Қазақстанда да халықаралық деңгейдегі өнімдерді жасауға қабілетті талантты адамдар аз емес. Сондықтан Үкіметке келесі міндеттер қойылады: бір жағынан, жастар қай жерде жұмыс істесе де, оларға қолдау көрсету керек, ал екінші жағынан, оларды еліміздегі цифрландыру ісіне барынша араластыру қажет», – деген болатын Президент.
Бұл бағытта демографиялық көрсеткіші жоғары өңірімізде робототехника мектептерін ашуға жасалынып жатқан қадамдар қуантарлықтай. Мәселен, жақында Кентау қаласында робототехникалық мектеп іске қосылды. Бұл IT мектебі білікті жастарды даярлауға арналған. «Мұнда балалар 3 бағытта оқытылады. Атап айтқанда: Lego education kids 4-9 жас аралығындағы балаларға арналған робот құрастырудың алғашқы қадамдары,Lego education Ev3 10-13 жас аралығындағы балаларға арналған білім бағытындағы робототехника конструкторы арқылы математика,физика,информатика дағдыларын дамыту,үшінші бағыты Robo Sport 12-16 жас аралығындағы балалар роботтарды Робо-сумо, Робо-бокс, Лаберинттен т.б автаномды түрде роботтарды программалауды үйренеді, — дейді білім саласының мамандары.
RoboMektep 4 жастан 17 жас аралығында балаларға работотехника сабағын 95 пайыз практикалық түрде өткізеді.
— Бұл мектепте балалар республикалық халықаралық жарыстарға дайындалады. 1 сабақтың өзінде шын робот құрастыратын болады. Бір ай көлемінде бір бала 8 роботтың түрін құрастырады және роботқа программа жазады. 8 робот құрастырмаса келесі айын ТЕГІН оқытамыз, — дейді мектеп директоры Алмас Ташимов.
Жаңадан ашылып отырған білім ұясында ұстаздар құрамын негізінен Информатика пәнінің мамандары құрайды. RoboMektep оқыту орталығы Lego education kids, Ev3 құрылғыларымен, методикалық нұсқаулармен, 3D принтермен және компьютерлермен толықтай жабдықталған. Аталмыш мектепте болашақта IT саласының басқа да тармақтарын қамту жоспарланып отыр. Айталық, Arduino құрылғыларын пайдаланып кәсіпорын жұмыстарын автоматтандыру, Ұялы телефонға бағдарлама жазу, ойын бағдарламаларын құру, компьютерлік дизайн жасау, сайт құру, компьютерлік сауаттылықты ашу салаларын қамтымақ.
Бүгінде демографиялық өсімі жоғары Түркістан облысында білім саласында ауқымды жұмыс атқарылуда. Қазіргі таңда өңірімізде мектеп саны 1000-ға жетіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес балаларға жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе, өнерлі, білімді, спортқа бейім балаларды жан-жақты дамытуға айрықша назар аударылып келеді. Мұндай жұмыстардың біздің өңір үшін маңызы өте жоғары. Себебі еліміздегі сәбилердің бестен бірі Түркістан облысында дүниеге келеді. Облысымызда, қазіргі таңда 700 мыңнан астам бала бар. 2400-ге жуық білім беру ұйымы жұмыс істейді. Облыста 2023-2025 жылдары кезең-кезеңімен 96 мектептің құрылысын салу жоспарланып отыр.
Жалпы еліміздегі тұрғындардың 10,7 пайызы өңірімізде тұрады. 2022 жылдың желтоқсанында Түркістан облысы халқының саны 2116 450 адамға жеткен. Оның 75,5%-ын ауыл халқы құрады. 2022 жылы облыста 57429 бала дүниеге келген. Оның 605-і егіз болса, 12 үшем өмірге келді. Бұл деректер ауылға қолдауды күшейту және жыл сайын мектептер санын арттыру міндетін жүктейді. Сондықтан облыста мектеппен қамту жұмысы өте қарқынды жүріп жатыр. Облыстың 1364 мектепке дейінгі ұйымында 159 113 бала тәрбиеленуде.
Бүгінде өңірдегі 1000 мектепте 514018 оқушы білім алуда. Мектеп тапшылығы мәселесі кезең-кезеңмен өз шешімін табуда. Өткен жылы 21 мектеп пайдалануға берілді. Оның ішінде 2 үш ауысымды мектептің мәселесі шешілді. Биыл 20 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 63 мектептің құрылысы жоспарлануда. Оның ішінде 2023 жылға 31 мектептің құрылысын бастауға қаржы бөлінді.