Кентау қаласы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр Жеңіс күніне арналған спорттық жарыс өткізілді. Екі күнге созылған жарысқа қаладағы тыл ардагерлері мен зейнеткерлер қатысты. Үміткерлер бильярд, шахмат, үстел теннисі секілді спорт түрлерінен бақ сынасты. Жиналғандар үміткерлерді мерекемен құттықтап, сәттілік тіледі.
— Жарыстың мақсаты – қаламызда дене шынықтыру және спорт саласына деген тұрғындардың көзқарасын өзгертіп, дамыту, өскелең ұрпақты спортпен шұғылдануға шақыру. Сонымен қатар, зейнет жасындағы ардагерлердің достық қарым-қатынасты нығайту, олардың арасында салауатты өмір салтын насихаттау, жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға тарту, зияткерлік ойын түрлерін халық арасында кеңінен дамыту, — дейді жарысты ұйымдастырушылар.
Тартысты өткен жарыстың жекелеген спорт түрлері бойынша жеңімпаз болған ардагерлерге арнайы дайындалған дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.Жалпы бұл жарысты аға буынның жастарға көрсеткен үлгісі әрі бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлесі деп білеміз.