Түркістан облысы өзге өңірлерге қарағанда демографиялық көрсетіші жағынан басым келе жатыр. Сондықтан, өлкеміздің тұрғындарына мектеп, балабақша салынып жатқан деген хабар жылы естіледі. Айта кетейік, Кентау қаласында «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 1500 орынды 2 мектептің құрылысы жүргізіледі. Сала мамандарының мәлімдеуінше, оған арнайы жер телімі қарастырылып, жаңа ғимараттардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленді.
Жақында Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов сала мамандарымен бірге мектептің құрылысы жүретін аймаққа барып, құрылыс жұмыстарының қалай жүріп жатқанын бақылап қайтты. Құрылыстың жобасы талқыланды. Заманауи бағытта салынатын бұл мектептерді 2025 жылы пайдалануға беру жоспарлануда.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Үкімет отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мәселелерін қарап, жүзеге асыру бойынша тапсырма берілген болатын. Бүгінгі таңда ұлттық жоба бойынша мектеп инфрақұрылымын жаңғырту жайы әзірленуде.
Жаңа форматтағы оқу орындарының ауқымды құрылысы кезінде қажетті оқу жабдықтарымен, түрлі пәндік кабинеттермен, бейнебақылау және дыбыстық хабарлау жүйелерімен, балаларға арналған жеке шкафтармен және т.б. толық жабдықтармен қамтылады. Кентау қаласы бойынша 25 мектеп бар. Оның 23 мемлекеттік болса, 2-уі жекеменшік білім беру мекемесі. Қалада жалпы 20 055 оқушы білім алуда.
Реті келгенде айта кетейік, жалпы жыл басында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен Түркістан облысында 57 300 баланы қамтитын 63 мектеп салынады деп жоспарланған болатын. Бұл ұлттық жобаның басты мақсаты — мектептердегі орын тапшылығын болдырмау, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешу болып табылады.
Ұлттық жоба аясындағы өңірде 2024-2025 жылдары жалпы 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 және 2500 оқушы орнына арналған екі ауысымды мектептер салынатын болады. Ұлттық жобаны жүзеге асыру барысында іс-шаралардың ашықтығы мен қоғамдық бақылауға ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының қолға алынатынын жария еткен еді. Соған байланысты бұйыртса 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалатын болады.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешіп, ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтылады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан әкімдеріне құрылысқа дайындық жұмысын күшейту бойынша бірқатар тапсырма берген болатын.
— Мемлекет басшысының жайлы мектептер салу жөніндегі игі бастамасын жүйелі жүзеге асыруымыз керек. Халық тығыз орналасқан және бала саны бойынша көш бастап тұрған біздің өңір үшін бұл аса маңызды жоба. Біздің балаларымыз заманауи мектепте білім алуға толық құқылы. Бұл істе аса жауапкершілік пен жанашырлық қажет. Қағазбастылықтан арылып, жұмысты ширату керек,- деді облыс әкімі.
Жайлы мектептердің басты ерекшелігі, олар бірыңғай стандарттар бойынша жобаланады. Яғни, ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін де қолайлы жағдай қарастырылады. Зәулім мектептер заманауи интерьер бойынша жобаланып, безендіру талғамға сай болады. Сондай-ақ пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар — бәрі бірыңғай стандарттар негізінде жабдықталады. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін трансформер-парталар қойылады. Тынығу алаңдары болады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де жағдай жасалады. Дабыл түймесі, бейнебақылау жүйесі орнатылмақ.