Биыл Ұлы Жеңіске 78 жыл толып отыр. Ел басына күн туған қиын – қыстау заманда қолына қару алып, болашақ ұрпақ үшін қан майданда от кешкен арыстардың алдында мәңгілік қарыздармыз. Ардагерлерді ардақтап, қарттарды құрметтеу – қанымызға сіңген қасиет. Реті келгенде айта кетейік, жалпы өңірімізден Ұлы Отан соғысына 140 мыңнан астам азамат аттанып, оның 70 мыңы елге оралды.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы мен қала әкімі Жандос Тасов Ұлы отан соғысына қатысқан ардагерлерді мерекемен құттықтап қайтты. Соғыс ардагері Бадан Төрехановтың шаңырағында болып, майдангерді Ұлы Жеңістің 78 жылдық мерейтойымен құттықтады. Облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы облыс әкімінің құттықтау хатын табыстап, батыр ардагерлерімізге деген құрметтің шексіз екенін атап, алғысын білдірді.
— Біз Сіздердей ардагерлер алдында мәңгі қарыздармыз. Сондықтан, осынау жарқын мереке қарсаңында өздеріңізге құрмет көрсетіп, құттықтап шығу игі дәстүрге айналған. Аға ұрпақ өкілдерін тек қана мереке қарсаңында емес, жыл бойы назардан тыс қалдырмай, мұң-мұқтажын ескеріп, көңіл бөліп отыру барлығымыздың парызымыз деп есептеймін, — деді Ермек Кенжеханұлы.
Ардагер Бадан Төребай өскелең ұрпақтың, елдің амандығы мен бейбіт заманда ғұмыр кешкенін тілеп, құттықтай келгендерге ақбатасын берді.
Айта кетейік, ардагер Бадан Төребаев 1924 жылы дүниеге келген. 1944 жылы 15 қазанда әскер қатарына шақырылған. 4 ай әскери дайындықтан өткен соң, Беларусь майданында жорық жолы басталып, ауыр шайқаста ерекше ерлігімен көзге түсті. Сондағы жанқиярлығы ескеріліп, «Ерлігі үшін» медальімен марапатталған. Жорық жолы Берлинге дейін жалғасты. І-ші дәрежелі «Ұлы Отан Соғысы» орденімен, 2 рет «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Елге 1950 жылы қараша айында елге оралып, еңбекке араласты.Кентау қаласындағы «Мырғалымсай» кенішінде ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Жұбайы екеуі отбасында 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде қария 16 немере, 35 шөбе, 1 шөпшек сүйіп, бейбіт күнде бақытты ғұмыр кешуде.
Қазір Кентау қаласында Ұлы Отан соғысының 1 соғыс ардагері бар. Одан бөлек, 396 тыл ардагері мен 19 cоғыс ардагерлерінің жұбайының көзі тірі.
Ал, жалпы Түркістан облысы бойынша айтар болсақ, қазіргі таңда өңірімізде Ұлы Отан соғысының 15 жауынгері тұрады. Биыл Жеңістің 78 жылдығын мерекелеу қарсаңында өңірімізде 4 438 азамат жалпы сомасы 175,5 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек алды. Оның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен облысымыздағы Ұлы Отан соғысының 15 ардагері мен қатысушысына 1,5 млн теңгеден берілді.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде тұратын Ұлы Отан соғысының 101 жастағы майдангері Ғани Сарамсаков дүниеден озды. Жалпы, өңірдегі майдангерлердің барлығына 30 сәуірге дейін біржолғы материалдық көмек берілді.
Сонымен қатар, Жеңіс күніне орай өңірдегі 4 423 тыл еңбеккерлері мен қаза болған жауынгердің жесірлеріне 30 мың теңгеден, 2 блокадалық Ленинградтың тұрғынына 60 мың теңгеден және 1 кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарға және Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен Ұлы Отан соғысының майдангеріне теңестірілген басқа да санаттағыларға 100 мың теңгеден табысталды.
Қазіргі таңда Түркістан облысында тұратын 14 соғыс ардагерінің арасында жасы ең үлкені – төлебилік Рсмет Джұмағұлов. Ол биыл 102 жасқа толды екен. Майдангерлердің ең кішісі – 96 жаста. Ол – Түркістан қаласының тұрғыны Әбжаппар Дайрабайұлы.