Кентауда бүгінде осындай кәсіпке бет бұраушылар қатары көбейген. Осы орайда бұған көп балалы аналарға беріліп отырған атаулы әлеуметтік көмектің де тигізіп жатқан пайдасы көп екенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, халық мемлекеттік грант арқылы кәсіп ашуға болатынын түсінді. Бұрындары қаражаты болмай, қабілетін кәсіпке айналдыра алмай жүргендердің қатары қалың болатын. Бүгінде бұл мәселе шешімін тауып келеді. Бизнес саласына қадам басып, өзін де өзгені де жұмыспен қамтып жатқандарды жиі көретін болдық. Солардың бірі – ерлі-зайыпты Нұрдәулет пен Динара.
Отбасы – шағын мемлекет. «Отан — отбасынан басталады» деген нақыл сөзді басшылыққа алар болсақ, алдымен Отанды құрайтын шағын мемлекеттердің іргесі мықты болу керек. Бір шаңырақ астында берекелі өмір сүріп, ел ішінде ешқашан жұптарын жазбай жарасымды жанұя құндылықтарын дәлелдеген отбасылар бар. Нұрдаулет пен Динара сондай жандар. Бүгінде 8 ұл-қызды дүниеге әкелген көпбалалы ата-ананың әрбір ісін көпке үлгі етуге болады.
Шаңырақтың отағасы Нұрдаулет Дінислам 1977 жылы, жұбайы Динара Аймбекова 1986 жылы дүниеге келген. Тағдыр тоғыстырған қос жұп 2006 жылы шаңырақ көтерген. Бүгінде 4 қыз, 4 ұлды тәрбиелеп, елдің демографиясына айрықша үлес қосқан жандар. Балалардың екеуі әлі мектеп жасына жетпеген, қалған балалары мектеп қабырғасында білім алады.
Шаңырақтың тірегі Дінислам инженер- құрылысшы. Отбасының ұйытқысы Динараның мамандығы юрист. Алайда, бала тәрбиесінде жүрген отанасы, үйде құр қарап отырмай мемлекеттің ұсынған қолдауын тиімді пайдаланып отыр. 2019 жылы аспазшы мамандығы бойынша курс оқып, мемлекеттік грант жеңіп алады. Содан кішігірім наубайхана кәсібін ашады. Қазіргі таңда түрлі тәтті нандар, бәліштің түр-түрін тапсырысыпен пісіріп сатылымға шығаруда. Отбасылық кәсіпке айналған аспаздықты үлгілі ана қыздарына да үйретіп жатқан жайы бар. Көпке үлгілі жанұяда болашақ еңбекқор ұрпақтар өсіп келеді.
Жалпы өткен жылы Кентау қаласында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 173 адамға мемлекеттік грант беру жоспарланған болатын. Сала мамандарының мәлімдеуінше, сәуір, тамыз, қыркүйек, қазан айларында мемлекеттік грантқа Business.enbek.kz порталы арқылы жалпы 4 лек бойынша 616 үміткердің өтініші қабылданған. Тұрғындардың жобалары комиссия отырысында қаралып, бірқатар санаттар бойынша қабылданды. Соның ішінде жастар санатынан 102, атаулы әлеуметтік көмек алушылар бойынша 4, мүгедектігі бар азаматтардан 20, көпбалалы 43, мүгедек балаға қараушы 11, асыраушысынан айырылғандар қатарынан 2 адам қатысты.
Нәтижесінде 182 адамның жобасы мақұлданып, қаржыландырылды. Ұсынылған қызмет түрлері бойынша кондитерлік өнімдерді өндіру бойынша – 16 жоба, мал шаруашылығы қатысты – 31 жоба, сұлулық салонын ашу бойынша – 18 жоба, тігін шеберханасын іске қосу бойынша – 25 жоба, жартылай дайын тағамдарды өндіру бойынша – 6 жоба, жиһаз жасау бойынша – 4 жоба, құс және балық шаруашылығын дамыту бойынша – 7 жоба, көшет-бұталарды өсіру бойынша – 2 жоба, автокөлікке қызмет көрсету орнын ашу бойынша – 14 жоба, оқу орталығы және компьютерлік қызмет көрсету орталықтарын ашу бойынша – 16 жоба, басқа қызмет түрлері бойынша 43 жоба қарастырылды.
Жалпы аталған жобаның басты мақсаты – кәсібін жаңадан бастағалы отырған немесе кәсіп ашқысы келетін жандарға мемлекет тарапынан көмек беру, тұрғындарды қиын жағдайдан шығару, еңбекке баулу. Бүгінде кәсібін дамыту үшін мемлекеттен қайтарымсыз қаражат алуға өтініш білдіргендер саны күн санап артып келеді. Бұл Кентау қаласында ғана емес жалпы Түркістан облысында байқалып отырған тенденция. Жыл сайын мемлекеттік грант арқылы кәсіп ашып, бизнесін дөңгелеткісі келетіндердің қатары көбейіп келе жатқаны белгілі. Мұның өзі салада атқарылып жатқан жемісті жұмыстардың нәтижесін аңғартса керек.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Үкімет пен атқарушы органдарға отандық өндірісті ұлғайту, азаматтардың нақты табысын арттыру, экономиканы әртараптандыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Бүгінде Түркістан облысында осы бағытта қарқынды жұмыс жүруде.Мәселен, кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын өсіп келеді. 5 жылда олардың саны 184 мыңға жетті. 5 жылда шығарылған өнім 11 есеге дейін өсіп, 1 трлн. теңгеден асты (2018 ж. 130,9 млрд. теңге). «Кәсіпкерлікті дамытудың» ұлттық жобасы шеңберінде өткен жылы бизнес субъектілері 46 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Өз ісін бастауға ынталы азаматтарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» арқылы өткен жылы 22 336 қызмет түрі тегін көрсетілді.



