Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында «Бірнеше өңірде полицияның сервистік моделі пилоттық режимде жұмыс істей бастады. Келесі кезең – оның ауқымын кеңейту. Бұл жұмыстың табысты болуы көбіне жергілікті билік органдарының осы үдеріске қатысуына байланысты болады. Олар жаңа жобаның мән-маңызын түсініп, полицияға қолқабыс етуі тиіс» дей отырып, Үкіметке полицияның сервистік моделінің тұжырымдамасын іске асыруды жүктеген болатын.
Осыған орай, Түркістан облысы әкімдігінің жанынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу жөнінде ведомствоаралық топ құрылды. Ведомствоаралық топ құрамына полиция, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, прокуратура, әкімдік қызметкерлері және қоғамдық кеңес өкілдері енгізілді. Бұл жобаның мақсаты, біріншіден, жұртшылықтың және жергілікті мемлекеттік органдардың қызметкерлерін нақты аумақтарда құқықтық тәртіп пен заңдылықты қолдау жөніндегі жаңа тәсілдері мен шешімдерді әзірлеуге тарту, қылмыстар мен өзге де құқыққа қарсы іс-әрекеттерді жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде бірлесіп шаралар қабылдау, екіншіден, құқықтық тәртіпті, сондай-ақ халықтың билікке деген сенімін қамтамасыз ету мәселелерінде азаматтық қоғаммен мемлекеттік органдар арасындағы әлсіз байланыстың себептерін анықтау, қауіпсіздік мәселелерін бірлесіп анықтау және оны шешу үшін жергілікті қоғамдастықпен тұрақты сенімді қарым-қатынастар орнату, пилоттық аудан базасында жинақталған тәжірибені жақсарту үшін жағдайлар жасау.
Кентау қаласы жобаның мақсатын кеңінен таныстыру мақсатында арнайы жиын өтті. Оған әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова мен қалалық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Е.Қыдырбаевтың қатысты. Сонымен қатар, полиция, жергілікті атқарушы орган, төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері, құқық қорғау органының ардагерлері, аудандық ардагерлер кеңесі, қоғам белсенділері де жиында өз ойларын ортаға салып, жоба аясында атқарылар шараларды талқылады.
Алдымен Ақнұр Нұралықызы сөз алып, жаңадан қолға алынғалы отырған жобаның мақсатын таныстырды.
— Мемлекет басшысының «Қазақстан Жаңа нақты ахуалда: іс-қимыл уақыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында, Астана қаласындағы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы бағдарламалар офисінің қолдауымен, бүкіл Республика аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілдерді енгізу тапсырылған болатын.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 897 қаулысымен бекітілген – «Халықпен жұмыстың жаңа форматтары» Ішкі істер органдарын жаңғыртудың 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасының 5-ші бағытын іске асыру, полицияның халықпен жұмыс жүргізу форматтарын өзгерту мақсатында енгізілді.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сервистік тәсіл – бұл азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қылмыспен тиімді күресу және халықтың билік органдарына деген сенімін арттыру үшін мемлекеттік органдар мен қоғамның тығыз ынтымақтастығын көздейтін жоба.
2023 жылдың 23 қаңтарындағы қала әкімінің өкімімен Кентау қаласы әкімдігінің жанынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу жөніндегі ведомствоаралық топ құрылып, жарғысы және жұмыс жоспары бекітілді.
Жиында Ерлан Сұлтанұлы өз саласы бойынша кеңінен әңгімеледі.
— Сервистік модельді жүзеге асыру барысында ел ағасы мен әулет институтын құру мәселесін қарастырылды. Ата-бабаларымыз бізге дейін де құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, жолын кесу, анықтау жұмыстарын ауыл билері мен әулет институттары арқылы жүзеге асырып отырған. Ауыл ағасы туысқандардың, ағайынның, ауылдың арасынан шыққан дау-жанжалды бітістіріп, төрелік айтып отыратын отағасы, қосағасы. Түптеп келгенде, ауыл ағасы қазақы ортадағы әлеуетті әлеуметтік институт ретінде де қарастыруға болады, — деді Ерлан Сұлтанұлы.
Сервистік модельді іске асыруда халқымыздың көнеден келе жатқан осы бір жақсы үрдісті жалғастыру арқылы ел ішіндегі өзара ауызбіршілікті, тыныштықты қамтамасыз етуге болады.
Жиынның басты мақсаты – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқығы мен бостандықтарын қорғау үшін барынша тиімді әрекет ету. Халыққа кеңінен құқықтық көмек көрсету, дер кезінде іс-әрекет жасау мақсатында модульдік бекет орнату, сервистік орталықтар құру басты назарда болып отыр.
Жиын барысында қала бойынша қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі сервистік тәсілді енгізу мәселелері талқыланып, ұсыныс-пікірлер айтылды.
Жалпы бұл тәсіл алғаш рет 2019 жылы пилоттық жоба ретінде Қарағанды қаласында енгізілген. Аталған тәсіл халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қылмыстардың санын төмендетуге ықпал етіп, өзінің оң нәтижесін берген. Осыған байланысты жобаны республика көлемінде енгізуге шешім қабылданды. Біздің облысымызда Түркістан қаласы, оның ішінде «Сауран» және «Яссы» шағынаудандары орналасқан №3 және №4 учаскелік полиция пункттерінің аймақтары пилоттық аумақ ретінде таңдалды. Жұмыс барысында пилоттық режимге алынған 2 аумақтың картасы сызылып, шекаралары белгіленген. Осы пилоттық аумақтағы барлық мекемелерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сауалнамалар алынды. Ағымдағы жылдың наурыз айында облысқа арнайы келген ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілдері және Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ (Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы) бағдарламалар офисінің консультантымен жиналыс өткізіліп, атқарылған жұмыстарға оң баға берілді, олар өз кезегінде Түркістан қаласының барлық аумағын пилоттық аумаққа енгізуді ұсынды.



