Кентау қалалық мәслихатының кезектен тыс үшінші сессия отырысы болып өтті. Жиынға қала әкімі Жандос Тасов, мәслихат депутаттары, қала әкімінің орынбасарлары және дербес бөлім басшылары қатысты. Сессияны мәслихат төрағасы Қ.Елеусізов жүргізіп отырды. Сессия отырысының күн тәртібінде 6 мәселе қаралды.
Жиналғандар алдымен Кентау қаласы әкімдігінің және Түркістан облыстық тексеру комиссиясының 2022 жылғы қалалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін қарады. Одан кейін Кентау қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің есебітыңдалып, талқыланды.
Кентау қалалық мәслихатының 2021 жылғы 28 қыркүйегінде №175 «Кентау қаласы әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссиясының құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізуді ұйғарды. Сонымен қатар, Кентау қалалық мәслихатының 2019 жылғы 27 наурыздағы №254 «қалалық жер комиссиясының ережесін және құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет деп шешті.
Сессияда қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды. Жиын соңында қала әкімі Жандос Тасов: «Қаладағы уақыт күттірмейтін мәселерді қарау бағытындағы жобаларды жүзеге асыруда, бірлесе атқаратын боламыз», — деді.
Айта кетейік, Кентау қаласы бойынша жалпы халық саны 99 308 адамды құрады. Қалада бүгінде 25 мектеп, 20 055 оқушы бар. 25 мектептің 23-і мемлекеттік, екеуі жекеменшік. Одан бөлек, 33 балабақшада 5778 бүлдіршін тәрбиеленуде.33 балабақшаның 14-і мемлекеттік, 19-ы жекеменшік. Кентау қаласында 3 ауысымда білім беретін мектеп жоқ. «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 1500 орындық 2 мектеп құрылысы үшін жер телімі бөлініп, мемлекеттік актісі алынды. 2025 жылы мектептерді пайдалануға беру жоспарлануда.
Сонымен қатар, Кентауда аз қамтылған 1797 отбасы, 9427 адамға 876,5 млн. теңге (АӘК) атаулы әлеуметтік көмек төленді, оның ішінде 229 адам жұмыспен қамтылды.Мүгедектігі бар адамдарға, қарттарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету мақсатында 19 қыркүйек 2022 жылы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы құрылып, 2023 жылдың наурыз айынан бастап қызмет көрсетуде.
2022 жылы Ащысай ауылын ауыз сумен қамтамасыз етуге 75,8 млн.теңге бөлініп, жұмыстар жүргізіліп, елді мекендер тәулігіне 24 сағат 100% сумен қамтылған. Сонымен қатар, Республикалық бюджеттен «Шұғыла» мөлтекауданы №6, №7, №8 көшелерінің сыртқы сумен қамту желілеріне 2022 жылы 119,9 млн. теңге, 2023 жылы 13,3 млн.теңге қаралып, жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде 377 жеке тұрғын-үй ауыз сумен қамтылатын болады.
Қаланы табиғи газбен қамту бойынша 3 кезең нысандарының құрылыс жұмыстары аяқталып, 2022 жылдың 8 сәуірінде қалаға табиғи газ қосылды. Қалада барлығы 18000 абонент бар. Оның ішінде: І кезең -11 300; ІІ кезең — 3 500; ІІІ кезең -3 200 абонент.
Бүгінгі таңда 2461 абонент табиғи газға қосылған немесе 14%. 2023 жылы 52 %-ға жеткізу бойынша жұмыстар атқарылады (9360 абонент).Сонымен қатар «Шұғыла» мөлтекауданын газбен қамту үшін – 2022 жылға126,9 млн. теңге, 2023 жылға 14,1 млн. теңге қаралған.
Айта кетейік, Кентау қаласы толық орталықтандырылған электр желісімен қамтамасыз етілген. Абонент саны 25 мың, тұтыну мөлшері-15 мВ/күн. Жалпы трансформаторлардың саны – 346 дана.Республикалық бюджеттен, «Шұғыла» мөлтекауданы №6, №7, №8 көшелерінің электр желілеріне – 2022 жылы 147,1 млн. теңге, 2023 жылы 16,3 млн.теңге (жалпы құны 163,4 млн. теңге) бөлінді. Нәтижесінде 377 жеке тұрғын-үй электр желілерімен қамтылатын болады.Қарнақ ауылы «Дүйім-Тума», «Қанайұлы», «Маклик» учаскелерінің инженерлік инфрақұрылымын салу» нысанының жалпы сметалық құны 154,0 млн. теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарына 2022 жылы 137,0 млн. теңге, 2023 жылы 17,0 млн.теңге қаралған. Нәтижесінде 488 жеке тұрғын-үй электр желілерімен қамтылатын болады. 2022 жылы «Оңтүстік жарық» ЖШС инвестициялық бағдарламасы аясында Кентау қаласына қарасты Қарнақ және Құсшы-ата елді мекендерінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар 2023 жылы өз жалғасын табатын болады.