Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпаққа жан-жақты жағдай жасау, олардың алаңсыз білім алуларына қолдау көрсету жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған орай Түркістан облысындағы ауыл мектептеріне арнайы 71 автобус берілді. Соның екеуі Кентау қаласына тиесілі болды. Ол автобустар Хантағы, Қарнақ ауылдарына тиесілі болып, 110 оқушы тасымалданып білім алды.
Жалпы Кентау қаласында өткен оқу жылында Қарнақ, Хантағы, Құсшы ата ауылдарында 386 бала тасымалданып оқыды. Бұл мақсатта 15 млн 937 мың теңге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілді.
Соңғы уақытта қала аумағында тасымалданып оқитын оқушылардың қатары азайып келеді. Нақты деректерге сүйенсек, 2021 жылы 655 бала тасымалданып білім алды. Оған бюджеттен 12 млн 010 мың 300теңге бөлінді. 2022 жылы 352 бала тасымалданды. Оған бюджеттен 12 млн 957 мың теңге қаралды. Ал, өткен оқу жылында 393 бала тасымалданып білім алды. Бұған қазынадан 17 млн 690 мың теңге қарастырылды.
Реті келгенде толығырақ айта кетейік, биыл Балалар жылында заман талабына сай 101 автобус Түркістан облысының балаларына бөлінді. Сол автобустардың 71-і ел игілігіне тапсырылды. Осылайша, өңіріміздің таулы аймақтары мен шалғай елді мекендері бар аудандарында қауіпсіз тасымал мәселелері оң шешіліп келеді.
Бұл автобустар облыстағы тасымалданып оқытылатын 56 ауыл мен бастауыш сыныптары ғана бар 124 елді мекендегі 15 мыңнан астам баланы тасымалдады. Бұған дейін балаларды мердігерлер есебінен – 169 автокөлік және мектеп балансындағы 19 көлік тасымалдап келген еді. Қолданысқа берілген 101 автобустың 71-і 20 орынды болса, 30-ы – 38 орынды. Жаңа автобустар қауіпсіздік белдіктерімен, оқу сөмкесіне арналған сөрелермен, есіктері ашық кезде қозғалысты тежейтін механизммен және тағы басқа да қауіпсіздік құралдарымен жабдықталған. Ыңғайлы әрі ықшам қоғамдық көліктер аудандардағы тасымалданатын оқушылар санына сәйкес үлестірілді. Ең көп автобус Келес, Төлеби, Сайрам, Ордабасы, Сарыағаш және Түлкібас аудандарына жолданды.