Дәл қазір балалардың демалатын уақыты. Жазғы лагерлер бірінші легпен келген балаларды қабылдап үлгерді. Кентау қаласында жазғы сауықтыру шараларымен қамтуға жататын оқушы саны – 19961. Жалпыға білім беру қорынан аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына бюджеттен 25 млн 930 мың 282 теңге қаржы қаралып, қала сыртындағы лагерьге 800 баланы қамту жоспарланған болатын. «Қазіргі таңда 1 кезең бойынша 365 бала демалып келді» дейді сала мамандары.
Мектепішілік сауықтыру алаңына бастауыш сыныптың 4150 оқушысы тамақсыз қамтылды. Жалпы Кентау қаласында балаларды жазғы сауықтыру шараларымен қамтуға 2021-2022 оқу жылында 26 млн 178 мың теңге бөлініп, 800 бала тиісті шаралармен қамтылған болатын. Биыл 25 млн 930 мың 282 теңге қарастырылып, 800 бала жазғы сауықтыру шараларынан өтетін болады.
Жалпы биыл облыста 40 мыңнан астам бала жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалады деп жоспарланған. Оның ішінде әлеуметтік жағдайына байланысты 23 мыңнан астам оқушы бюджет есебінен тегін демалатын болады. Одан бөлек «Қазақстан халқына» қоры есебінен өңірімізде 3 390 бала жазғы сауықтыру лагерьлерімен тегін қамтылады. Сонымен қатар, 1050 бала жазғы демалыстарын республикалық оқу-сауықтыру лагерьлерінде өткізеді.
Қала сыртындағы лагерьлер маусым айының бірінші онкүндігінде ашылады. Жаз бойы 6-8 ауысымда балаларды қабылдайды. Мектептердің жанындағы бір мезгіл тамақпен қамтитын лагерьлер саны 330-ға көбейіп отыр.
Облыстық адами әлеуметтік дамыту басқармасының тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің бас маманы Клара Оспанованың мәлімдеуінше, балаларды еңбекке баулу мақсатында жаз мезгілінде 110 мыңға жуық оқушы көркейту, көгалдандыру, құрылыс бригадалары мен мектеп орманшылығының жұмысына араласады. Облыста биылғы оқу жылында 17 жазғы сауықтыру лагерьлері (7 мемлекеттік, 10 жекеменшік) қызмет көрсетеді деп жоспарлануда.