Кентау қаласында 23 мектеп бар. Онда ерекше оқытуды қажет ететін 373 бала оқиды. 7-18 жас аралығындағы балалардың саны– 286. Оның ішінде 75 оқушы инклюзивті біліммен қамтылған. 160 оқушы үйде оқып, тәрбиеленеді. Олардың барлығы компьютермен, оқулықпен қамтамасыз етілген.
Кентауда инклюзивті біліммен қамтамасыз етілген балалар үлесі 20 пайызды құрайды. Мұндай 4 мектепте мүмкіндігі шектеулі балаларға инклюзивті білім беріледі. Бұл көрсеткіш 17 пайызды құрайды. Алдағы уақытта бұл межені 100 пайызға жеткізу жоспарлануда. Ол үшін 23 мектептен «логопунк», Д.Қонаев атындағы мектеп базасынан ресурстық орталық ашу қажеттігі туып отыр. Оған 93000,0 мың теңге қаржы қажет.
Орай келгенде айта кетейік, Кентау қаласында орналасқан С.Байтереков атындағы балалар саз мектебі, Кентау оқушылар үйі, Кентау сурет мектептерінде 2434 оқушыбос уақытын тиімді пайдаланып, шығармашылықпен айналысады. Онда спорт және техникалық бағыттар қосылып, жалпы 5 бағытта 46 үйірме жұмыс істейді. Бұл үйірмелерде балалар шығармашылық жұмыстармен айналысып, уақыттарын тиімді өткізуде.
Өткен жылы облыс әкімінің шешімімен облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасына қарасты болған девиантты мінез-құлықты балаларға арналған орталық жабылып, оның ғимараты Кентау оқушылар үйінің қарамағына берілген болатын. Бүгінде Кентау оқушылар үйінде 31 үйірмеде 1800 бала, Балалар саз мектебіндегі 26 үйірмеде 437 бала, Балалар көркем сурет мектебіндегі 9 үйірмеде 180 бала өздерінің қабілеттерін шыңдауда.