Енді екі айдан соң жаңа оқу жылы басталады. Бұл кезде мектеп мұғалімдері мен ата-аналарды ең алдымен оқулықтың жетіспеушігі алаңдата бастайды. Біз реті келгенде Кентау қаласындағы мектеп кітапханаларындағы оқулықтардың жайы туралы да зерттеу жүргізіп көріп едік.
Айта кетейік, бүгінде Кентау қаласында 25 мектеп бар. Оның екеуі жекеменшік. Бұл білім ұяларының барлығы да кітапханамен қамтамасыз етілген. Кентау қалалық адами әлеуметті дамыту бөлімінің басшысы А. Ауелбековтың мәлімдеуінше, келер жаңа оқу жылында оқулық қоры 3 сыныптарда толығымен жаңартылады.
Республикалық «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында қаладағы мектеп кітапханаларында «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы ұйымдастырылып, 2397 әдеби кітап сыйға берілді.Мектеп кітапханаларын автоматтандыру мақсатында «Е-КІТАПХАНА» портфолиосы енгізілді. Сонымен қатар, Ә.Бөкейханов атындағы №23, Ахынтума атындағы №11 жалпы орта мектептерде кітапханалар жанынан «COWORKING» (КОВЕРКИНГ) орталықтары ашылды.
Статистикалық деректерге сүйенсек, 2022-2023 оқу жылында оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету мақсматында бюджеттен 173 млн 990 мың теңге бөлініп, оқулықтардың саны 87 773-ке көбейді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2021-2022 оқу жылында оқушыларды оқулықпен қамтамасыз етуге 140 млн 191 мың 186 теңге қарастырылып, мектеп кітапханаларындағы оқулық саны 59 510 болған еді.
Кентау қаласындағы 23 мектеп кеңжолақты интернет желісіне қосылған. Бұл көрсеткіш 91,3 пайызды құрады.Ащысай ауылындағы 2 мектеп (№7 мен №8) 4 м/б спутниктік интернетпен қамтылған.
— Алдағы уақытта білім беру ұйымдарында интернет жылдамдығын арттыру үшін «Қазақтелеком» АҚ-ның кешендік жоспарына сәйкес 2022-2023 жылдары интернет жылдамдығы төмен мектептерді 20 Мб/с жылдамдыққа жеткізу жоспарлануда, — дейді сала мамандары.