Кентаулық оқушылардың білім сапасы жылдан жылға артып келеді. Сала мамандарының мәлімдеуінше, 2022-2023 оқу жылында оқушылардың сабақ үлгерімі — 100, білім сапасы 55,8 пайызды құрады. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда оқушылардың білім сапасының 0,5 пайызға артқанын көрсетеді.Салыстырмалы түрде келтіре кетейік, 2020-2021 оқу жылында – 55,2, 2021-2022 оқу жылында 55,3 пайыз болған.
Білім сапасының бірден-бір көрсеткіші, ол – оқушылардың пәндік олимпиадасы.2022-2023 оқу жылында оқушылардың республикалық олимпиадасының облыстық кезеңінде 50 оқушының 35-і жүлделі орынды иеленді. Төрт қатысушы Алғыс хатпен марапатталды. Оқушылардың республикалық олимпиадасында жаратылыстану пәнінен 1 оқушы ІІІ орынды, гуманитарлық пәндер бойынша 4 оқушы ІІ және ІІІ орындардан көрініп, Кентау қаласының абыройын асқақтатты.
Салыстырмалы түрде айта кетейік, 2021-2022 оқу жылында 30 оқушы облыстық олимпиадаға қатысып, олардың 26-ы жүлделі орындарды иеленді. 4 оқушы түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Осы оқу жылында Кентау қаласынан 3 оқушы республикалық олимпиадаға қатысып, үміткерлердің 2-еуі жүлдемен оралды.
Бүгінде Кентау қаласында 1905 мұғалім бар. Оның 1891-і жоғары білімді болса, 14-і арнаулы білімді. Ұстаздардың 28-і (1%) шебер педагог, 426-сы (22,7%) зерттеуші педагог, 390-ы (20,8%) сарапшы педагог, 345-і (18,4%) модератор педагог, 408-і (21,7% ) педагог дәрежесін алған. Сала мамандарының мәлімдеуінше былтырғы оқу жылында мектептердегі педагогтардың сағаты 31,400-ді құрады. Яғни, орташа бір педагогке 15,7 сағат берілді. Соған сәйкес, қала мектептерінде ұстаздық ететін мұғалімдердің орташа жалақысы 200 мың мен 500 мың теңгенің, ауыл мектептерінде жұмыс істейтін мұғалімдердің жалақысы 250 мың мен 623 мың теңге аралығында болды.
Өткен оқу жылында 571 педагогке біліктілік арттыру курсынан өтуге сұраныс беріліп, 5 мектеп директоры, 24 қызметкер мектеп әкімшілігіне арналған курстан, «мектеп директорының тәрбиесі ісі-жөніндегі орынбасары» қызметін атқаратын 10 педагог біліктіліктерін шыңдады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, бүгінде Кентау қаласында 25 мектеп болса, оның 2-еуі жекеменшік мектеп болып табылады. Жалпы қаладағы білім ошақтарында 20 050 оқушы білім алуда. Оларға 1905 педагог дәріс береді.
Қалада балаларды мектепке қабылдау жұмыстары толық автоматтандырылған. Ата-аналар «mektep.smartnation.kz» порталы арқылы балаларын бірінші сыныпқа беруге өтініш қалдыра алады. 2022-2023 оқу жылында 1 сыныбына 2489 оқушы қабылданған болса, 2023-2024 оқу жылында 2350 бала мектеп табалдырығын аттайды деп күтілуде.
Былтыр қалада 857 оқушы мектеп бітіріп, оның 789-ы ҰБТ-ға қатысты. Қазіргі таңда білім сапасын анықтаудың негізгі көрсеткіштерінің бірі – білім мекемелерін мемлекеттік аттестаттаудан өткізу болып табылады.
— Өткен оқу жылында 6 мектеп (№5,6,12,15,4,22) және 4 балабақша (Айша бибі, Құлыншақ,Звездочка,Қобыланды) мемлекеттік аттестаттаудың бірінші кезеңінен сәтті өтіп, 4, 9 және 11 сынып оқушылары өздерінің білім деңгейлерінің жоғары екенін көрсетті. Биыл № 14, 17 және 24 мектептер мен «Әлия», «Алмагүл», «Балапан», «Сәуле», «Таңшолпан» балабақшаларын мемлекеттік аттестаттаудан өткізу жоспарлануда, — дейді Кентау қалалық адами әлеуметті дамыту бөлімінің басшысы А. Ауелбеков.
Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы №14 мектеп-гимназиясы мемлекеттік аттестаттауға құжаттарын өткізіп, нәтижесін күтуде. №17 және №24 мектептер аттестаттаудан қараша айында өтетін болады. Өткен оқу жылында мектеп басшыларын ротациялау шарасы жүзеге асырылып, Ә. Молдағұлова атындағы №19 мектеп-лицей мен Д. Қонаев атындағы жалпы орта мектеп директорлары ротацияланды.