Түркістан қаласында ғарыштық технологияның қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік беретін еліміздегі жалғыз спутниктік робототехника үйірмесі бар. «UniSat» білім беру хабында бүгінде 30-ға жуық оқушы STEM курстарына қатысып, инженерлік дағдыларды игеріп келеді. Осыған орай жер және ғарыштағы радиохабар тарататын құрылғымен таныстыру мақсатында «Оқушылар сарайы»-ЮНЕСКО клубында БАҚ өкілдері үшін арнайы пресс-тур ұйымдастырылды.
Спутниктік робототехника үйірмесі 2022 жылдың қыркүйек айында ЮНИСЕФ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және «Оқушылар сарайы» арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесінде ашылған.
Мекеме басшысы Индира Икапованың айтуынша хаб үйірмесі ашылғаннан кейін көп ұзамай қазан айында Түркістаннан 50 шақырым жерде атмосфераның жоғарғы қабатына ультразаманауи 2 наноспутник ұшырылған. Салмағы 1-10 келі аралығындағы шағын ғарыш аппараттары бірнеше камера және сенсорлармен жабдықталған. Осылайша, қазір ол наноспутниктердің көмегімен ауа температурасы, қысымы, ылғалдығы және ластануы туралы мәліметтер жинақталып жатыр.
– Бұл үйірмеге 12 жастан асқан, ғылымға, технологияға, техника мен математикаға қызығатын кез келген оқушы қатыса алады. Бүгінде үйірмеде 30-ға жуық бала білім алатын болса, олардың көпшілігі қыз балалар. Ғарыштық технологияға ден қойған оқушылармыз осыған дейін ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге де қол жеткізіп үлгерді. Дәлірек айтсам, биыл сәуір айында Мәскеу қаласында халықаралық «ҒЫЛЫМДА БАСТАҢЫЗ» атты байқау өткен болатын. 600-ден астам жас ғалым қатысқан сайыста сарайымыздағы «Физика» үйірмесінің оқушысы Баянбек Камила да бақ сынап, жүлделі ІІІ орынға ие болды. Сонымен қатар, оның жетекшісі, сарайымыздың білікті ұстазы Еркін Ақтаевқа «Халық ағарту ісінің үздігі» атты құрметті атақ берілді. Енді оқушыларымыз қазан айында жұлдызды аспанды зерттеуге көмектесетін тағы бір наноспутник құрастыруды жоспарлап отыр. Жалпы, біздің басты мақсатымыз – ғылыммен айналысуға қолайлы жағдай туғызу арқылы үдеріс барысында оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыру, өз бетінше білім алуға құштарлығын дамыту, сонымен қатар көмек көрсетіп, бағыт-бағдар беру, — дейді Индира Сарқытқызы.
Үйірме жетекшісі Ақтаев Еркіннің айтуынша «Спутниктік робототехника және байланыс» үйірмесі оқушылардың білімін STEM білім беру жүйесі арқылы дамытуға басымдық берілген екен.
– «Оқушылар сарайындағы» UniSat білім беру Hub-ының мүмкіндігі мол. Соның бір дәлелі – өткен жылдың қазан айында атмосфераның жоғарғы қабатына зонд-шар арқылы CubSat типтегі наноспутниктің ұшырылуы. Бұл – жалпы біздің еліміздегі мектеп оқушыларының қатысуымен өткен елеулі іс-шара деп айтуға болады. Өйткені, сол ұшырылған наноспутниктен алынған мәліметтерді талдау барысында оқушылардың спутникпен байланыс жасауға деген қызғушылықтары артқаны байқалды, — дейді Ақтаев Еркін.
Спутниктік робот техникасы үйірмесіндегі оқушылар бір жыл ішінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіпті. Үйірме жұмысымен танысу барысында ғарыштық технологияларды игеруге құмартып жүрген оқушылармен де тілдестік. Олардың айтуынша, бұл үйірмеге қатысатын балалар теория арқылы нанотехнологияда микросұлбаларды құрастыруды үйренеді. Содан кейін, арнайы компьютерлік бағдарламалар арқылы барлық қажетті ақпаратты енгізе алады. Ең бастысы қызығушылықты жоғалтпай, сабырлылық таныту, — дейді үйірме қатысушылары.
Айта кетейік, Хаб жұмысы бірінші кезекте түркістандық мектеп оқушылары арасында ғылым, технология, инженерлік-математика (STEM) саласындағы білім мен мансапты танымал етуге бағытталады. Болашақ ғалымдар енді қазан айында жұлдызды аспанды зерттеуге көмектесетін тағы бір наноспутникті әуеге ұшыруды жоспарлап отыр.