Балықты жасанды өсіру бойынша Түркістан облысы республикада көш басында тұр. Жетісай ауданында жыл өткен сайын балық шаруашылығы дамып келеді. Бүгінде аталған ауданның балықтары Әзірбайжан, Грузия, Израиль, Ресей, Қытай және Өзбекстан елдеріне экспортталып жатыр.
Бүгінде балық шаруашылығы бойынша Жетісай ауданы Мақталы ауылдық округіне қарасты Шолпанқұдық деп аталатын шағын ғана ауылда «Димаш» шаруа қожалығы жұмыс істейді. Шаруашылық төрағасы Сүндет Аблаев жеке қаржысы есебінен 20 млн теңге инвестиция салып, дөңмаңдай (толстолоб), амур, сазан сынды балық түрлерінің 1 млн 300 мың дана шабағын алып келген. Бүгінде ұзындығы 250 метр, ені 180 метрлік 3 су бассейнінде өндіріп, өсіріліп жатқан балықтардың орташа салмағы 1,5 келі. Балықтарға қажетті жемді Польша елінен алдырады. Шекара асып келетін жемнің құрамында балықты түрлі ауру-сырқаттан сақтайтын және өсіп-жетілуіне қажетті барлық минералдар бар дейді мамандар. Сонымен қатар, су бассейндерінде үйректердің де бірнеше түрі өсірілуде.
Айта кетейік, жасанды балық өсіру бойынша елімізде көш бастап тұрған Түркістан облысында тауарлы балық өсіруге жарамды 134 өзен-көл бар.Оның ішінде 88-і жергілікті маңызы бар су айдыны балық шаруашылығы мақсатында табиғат пайдаланушыларға берілген.