Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында 4 мәселе қаралып, бірқатар сала басшыларына тәртіптік шара көрілді.
Алғашқы баяндама жасаған Хантағы ауыл әкімі А.Байбеков ауылы аумағындағы санитарлық тазалық және ауылдың алдағы даму жоспары туралы баяндады.
«Хантағы ауылының жер көлемі өзгеруіне байланысты, ауыл аумағынан тұрғын үй салу үшін жер телімін алуға 3018 азамат кезекте тұруын ескере отырып, 127,73 га жерге тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін анықтап, инфраструктура жүйесімен қамтуға жобалау сметалық құжаттама әзірленуде.
Сондай-ақ, «Қаратау» табиғи мемлекеттік қорығына баратын жол бойына туризмді дамыту мақсатында, кәсіпкерлік нысандарға арналған жер телімдерін айқындап, ауылдың бас жоспарына арнайы кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдерін енгізу жоспарлануда. Сонымен қатар, ауылдың туристтік әлеуетін дамыту үшін бірнеше инвестициялық жобалар ұсынылуда» деді ауыл әкімі өз баяндамасында. Сондай-ақ ауылдағы өзекті мәселелерді атап, шешілу жолдарын ұсынды.
Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-нің 2023 жылдың 7айында атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Баяндаманы тыңдаған қала басшысы орталық директоры А.Утепбаеваға мемлекеттік қызметшілерге хаттарды қатесіз, әрі мағыналы жазу бойынша семинарлар мен оқытуларды жүргізуді тапсырды.
Жиында қалалық «Жасыл қала» КММ-нің директоры М.Гайруллаевтың Кентау қаласы аумағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары туралы баяндамасы тыңдалды. Күзгі маусымда қалаға раушан гүлдерді көптеп егу мен ауырып қураған талдардың орнына көшеттер отырғызу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. Қала басшысы алдағы уақытта талдарды қайта ауыртып алмай, дер кезінде суғарып отыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Мекеме басшысына қажетті ұсыныстарды әзірлеуді тапсырды.
Лездемелік жиынның соңғы бөлігінде облыс және қала әкімдерінің хаттамалық тапсырмаларының орындалуы баяндалды. Берілген тапсырмалардың орындалу барысы баяу сала басшыларына тәртіптік шара қаралды. Әрбір тапсырма не жұмыс амалсыздан емес, жанашырлықпен жүзеге асырылу қажет деген қала әкімі бірқатар басшыларға қатаң ескертпе жасады.