Қазіргі уақытта ғаламтор желісінде алаяқтықжасайтындардың қатары көбейген. Мұндай қылмыскерлер бөтен адамдардың сеніміне кіріп, алдап-арбау жолымен олардың мүліктеріне ие болуда. Сондықтан, бұл интернет-алаяқтықпен күресуді полиция қызметкерлері күн тәртібінен түсірген емес.
Осы мақсатта Түркістан облыстық полиция департаментініңКриминалдық полиция басқармасы жанынан құрылған «CyberPol» соққы-нысаналы тобы «БТО-Түркістан» мекемесі қызметкерлерімен бірге алаяқтық әрекеттердің алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Соның бірі ретінде пайдаланылған коммуналдық қызмет ақысы туралы әрбір тұрғынға берілетін ескерту қағазының екінші бетіне алаяқтық қылмысынан сақтану жолдары жазылып, азаматтарға таратылып жатқанын айтуға болады.
Сонымен қатар, халық көп шоғырланатын жерлерге ғаламтор алаяқтығы, оны болдырмау және алдын алу мақсатындағы қауіпсіздік шаралары туралы жаднамалар ілініп, нақты факторын көрсететін брошюлар таратуда.Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтың мәлімдеуінше, биылғы жылдың алғашқы 5 айында Түркістан облысында 2193 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіштен қылмыстың едәуір төмендегенін байқауға болады. Оның ішінде ауыр қылмыстар 25,4 пайызға, ұрлық 32,2 пайызға, пәтер ұрлығы 33,9 пайызға, бұзақылық 24,7 пайызға, алаяқтық 16,7 пайызға кеміді. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 13,6 пайызға, оның ішінде көшеде жасалған қылмыстар 16,7 пайызға азайды.
Құқық қорғаушылар қазіргі таңда тіркеліп жатқан қылмыстардың дені алаяқтыққа байланысты болып отырғанын айтады. Жақында ғана өңір полицейлері бірнеше алаяқтық қылмысқа қатысы бар азаматты ұстады. Оқиғаны толығырақ баяндай кетейік, полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғын белгісіз біреу көлігіне мініп, атынан банктен 1 млн 600 мың теңге несие алғанын айтып арызданған. Жедел іздестіру барысында күдікті Сарыағаш ауданының жұмыссыз тұрғыны екенін белгілі болды.Ол көлік жүргізушілеріне барып, өзінің туысы ақша жіберетінін, ал оны банкоматтан шығарып беруін сұраған. Осылайша өз айласын асырып, 6 тұрғынды 6 млн теңге шығынға батырған.
Жалпы бүгінге дейін облысымызда интернет арқылы 56 қылмыс жасаған 31 күдікті ұсталды. Оларды «CyberPol» соққы-нысаналы тобы анықтады. Сезіктілер тұрғындарды алдап, олардың атынан онлайн несие алып келген деседі. Бұл туралы Түркістан облыстық полиция департаментінің аға жедел уәкілі Ермек Шәкім былай дейді:
«Департамент бастығының тапсырмасымен құрылған топ интернет-алаяқтық қылмысымен айналысқан тұрғындарды ұстап, олардың өзге де интернет-алаяқтық қылмысына қатысы барын тексеруде. Мәселен, таяуда бұл топтың жедел уәкілдері облыстың бірнеше тұрғынын алдап, олардың атынан онлайн несие алған тағы бір жас жігітті қолға түсірді. Нақтырақ айтсақ, Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ол көлігіне жолаушы болып отырған жас жігіт әңгімеге тартып, сеніміне кіріп, телефонын сұрап алып, ондағы банк қосымшасын пайдаланып, несие рәсімдеп жіберген. Қазіргі таңда күдіктінің ісі айыптау актісімен сотқа жолданды».
Орайы келгенде «алаяқтық әрекеттерді болдырмау үшін, оның ішінде қазіргі таңда белең алып жатқан ғаламтор алаяқтарынан сақтануымыз үшін не істеу керек?» деген сұраққа кеңірек тоқтала кетейік. Өзіңізді және жақындарыңызды алаяқтардың алдауынан қорғағыңыз келсе мыналарды ескере жүріңіз.
Егер сізге банк қызметкерлерінен қоңырау түссе, әңгімені бірден тоқтатыңыз. Есіңізде болсын, нағыз банк қызметкері, банктердің байланыс орталықтарының операторлары ешқашан телефон арқылы жеке деректерді сұрамайды. Бұл конфиденциалды ақпарат тек алаяқтарға қажет. Егер күмәнданған болсаңыз, сізге қызмет көрсететін банктің Call-орталығына өзіңіз хабарласып біліңіз.
Сосын егер сізге өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстыратын адам хабарласса, қандай жағдайда да үрейге бой алдырмаңыз. Ықтимал күдіктінің полицияның нақты қай бөлімшесінде екенін, оған қатысты қандай баптың қолданылып жатқаны, іс-әрекеттің қашан жасалғаны, адвокат көмегінің көрсетілген-көрсетілмегені және онымен қалай байланысуға болатыны туралы сұраңыз. Сондай-ақ, сізге оның атынан хабарласқан ұйымның, яғни ҚР Ішкі істер министрлігінің және аудандық полиция бөлімшесінің шұғыл желісіне өзіңіз қоңырау соғыңыз.
Сізге желіде қор нарығында табысқа кенелу ықтималдылығы 99 пайыз, бұрын-соңды болмаған ақша табуға мүмкіндік беретін таңғажайып платформаға қол жеткізу үшін сауалнамадан өтуді ұсынса, сенбеңіз. Өзіңіздің дербес деректеріңізді еш жерде, айталық, интернет кеңістігінде, әсіресе, фишингтік сайттарда қалдырмаңыз. Егер сіз мұны жай қызығушылықпен жасап, жалған нөмірлерді тіркесеңіз де мұның салдары болуы мүмкін. Ешқашан және ешкімге жеке деректеріңізді, банк картаңыздың деректемелерін, картаның жарамдылық мерзімін, CVC/CVV кодты (банк картасының артқы жағындағы үш санды, картаның түпнұсқалығын тексеру кодын), құпия сөзді және ақша қалдығын, жасалған операцияны растау үшін SMS-кодты: төлемді, аударымды айтпаңыз. Интернет-банкингтегі немесе мобильді қосымшадағы жеке кабинетіңіздің паролін де ешкіммен бөліспеңіз.
Қарт туыстарыңызға алаяқтардың осындай айла-амалдары туралы көбірек айтыңыз, қаскүнемдердің нысанына көбіне зейнет жасындағылар түсіп қалады. Сондықтан, үйіңізде қария болса ескерте жүріңіз. Сонымен қатар, гаджеттерге алаяқтық шабуылдар күн сайын жасалып тұрады. Алаяқтар пайдаланушылардың есептік деректерін және телефондардан басқа да жеке ақпаратты ұрлауға маманданған зиянды трояндарды белсенді түрде таратады.
Енді алаяқтар қандай деректерді алғысы келеді оны да біле жүріңіз. Алаяқтарға сіздің картаңыздың немесе шотыңыздың нөмірін және сіздің атыңызды, тегіңізді, ЖСН білу, алаяқтардың шоттан ақша алуына жеткіліксіз. Бұл үшін оларға картаның толық деректемелері қажет: жарамдылық мерзімі және қауіпсіздік коды, мысалы, VISA карталарына арналған CVV коды немесе MasterCard карталары үшін CVC-код. Сондай-ақ олар сіздің телефоныңызға SMS, логин, онлайн-банкингтен пароль, мобильді банктік қосымшадағы жеке кабинеттер түрінде келіп түсетін банктің кодтары мен хабарламаларын білуі қажет. Сонда ғана олар сіздің шотыңыз бойынша кез келген операцияларды кедергісіз орындауға мүмкіндік беретін барлық төлем ақпаратына ие болады.
Әлеуметтік инженерия мен фишингті қолдана отырып, алаяқтар сіздің гаджеттеріңізге, атап айтқанда ұялы телефонға қашықтан қол жеткізу және осылайша құпия ақпаратты ұрлау мақсатында конфиденциалды деректерді білуге тырысады. Сол себепті, гаджетіңізді кибершабуылдардан қалай қорғау керектігін де айта кетейік.
Әрине, ешкім де маңызды қаржылық ақпаратты алаяқтарға өз еркімен бергісі келмейді. Онда қаскөйлер түрлі бағдарламалық қамтылымдарды (БҚ) пайдаланады. Мысалы, трояндарды іске қосады, трояндар — рұқсат берілген БҚ түрінде бүркемеленген зиянкес бағдарлама. Олар пайдаланушылардың жүйелеріне рұқсатсыз қол жеткізуге көмектеседі және қажетті қаражатты ұрлайды. Көп жағдайда трояндар мобильді қосымшалар мен мессенджерлерге шабуыл жасайды, себебі адамдар үнемі өз телефонын банктік қосымшалар орнатылған, парольдер мен басқа да маңызды ақпараттар сақталатын сенімді құрылғы ретінде қолданады. Сонда-ақ, шабуылдар кезінде электрондық хаттар, SMS немесе push — хабарламандыру қолданылады.
Мұндай шабуылдардан қорғану үшін тексерілген вирусқа қарсы бағдарламаларды пайдалану қажет. Оларды өзіңіз қолданатын барлық құрылғыларға орнатып алыңыз және жиі-жиі жаңартып отыруды ұмытпаңыз, себебі алаяқтар үнемі қосымшалардағы кемшіліктер мен осалдықтарды іздеп отырады.Сіздің поштаңызға келетін сілтемелерге назар аударыңыз, егер де домен күдік туғызатын болса, сілтемені ашпаңыз, бұл жерде бұзып кіру қауіпі бар. Спамдарды бұғаттаңыз және оны «корзинаға» жөнелтіңіз. Операциялық жүйені жаңартып отырыңыз және барлық қосымшаларға, пошта жәшіктеріне, әлеуметтік желілердегі аккаунттарға сенімді және әртүрлі құпия сөздерді орнатыңыз. Қосымшалардың және басқа да маңызды сервистердің парольдеріне кіру кодтарын телефонның жадында сақтамаңыз. Құрылғының жадында электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) кілтін сақтамаңыз. Құрылғылардың жадында банк карталарының фотосуреттерін, сондай-ақ парольдің жазылуы мен дербес және құпия деректердің ұрлануына әкелуі мүмкін басқа да ақпаратты бейнелейтін фотосуреттерді сақтамаңыз және мессенджерлерде жібермеңіз.
Тексерілген ақпарат көздеріне ғана сеніңіз. Айфон иелері қосымшаларды AppStore-ден ғана, ал Android базасындағы телефондар – Google Play-ден алуға қажет. Қосымшаны жүктемес бұрын пайдаланушылардың түсіндірмелерімен мұқият танысыңыз және әзірлеушілердің қосымшаны кезеңмен жаңартып отыруына (ресми дүкендерде міндетті тәртіппен соңғы жаңартулардың күні көрсетілген) көз жеткізіңіз. Уақыт өткен сайын орнатылған қосымшалардың тізімін тексеріңіз. Керек емесін, егер оларды жиі пайдаланбасаңыз, әсіресе, егер олар ресми дереккөздеріне жатпаса және соңғы рет қашан жаңартылғаны белгісіз болса алып тастаңыз. Сіз құрылғынызды бұзу әрекетіне осылайша жол бермейтін боласыз. Банк картасын қосымшалардың ақылы сервистарына байланыстырмаңыз.
Жалпы бөтен адамға сенбеңіз. Сіз зиянды бағдарламалар ғана қауіп төндірмейтіндігін түсінуге тиіссіз. Алаяқтар сіздің ақшаңызды алу және гаджетіңізді басқару үшін қашықтан қолжетімділіктің жария бағдарламаларын жиі пайдаланады. Осы бағдарламалардың көмегімен қылмыскерлер мыналарды: банктен келетін пароль мен кодтары бар SMS-ты оқи алады, сіздің мобильдік банктік қосымшаңызға кіре алады. Сонымен қатар, сіздің атыңыздан ақша аударады немесе кредит алады. Мұның бәрі, егер сіз өзіңіздің мобильді телефоныңызға «шпиондық» қосымшаны көшіріп алған болсаңыз іске асады. Сондықтан сізден түрлі себептермен қандай да бір бағдарламаны немесе қосымшаны көшіріп алуды сұрайтын адамдарға сенудің қажеті жоқ.
Мысалы, сізге телефоныңызға банктің немесе өзге де қаржы ұйымдарының қызметкерлері болып қоңырау шалады және сіздің шотыңызға алаяқтық шабуылдарға байланысты қосымшаны көшіріп алуды ұсынды делік. Егер сіз осы қосымшалар орнатқан жағдайда, бағдарламаға деректерді бақылауға, геолокацияға және байланыс телефондар тізіміне кіруге рұқсат беру-бермеу керектігін ойланыңыз. Мұны қажет болған кезде ғана жасауға болады. Айталық, такси қосымшасына сіздің орналасқан жеріңізді білуге немесе коллаж жасау үшін галереяңызға кіруге мүмкіндік беріңіз. Егер, талаптардан күдіктенсеңіз, бас тартуға және басқа, неғұрлым сенімді қосымшаны таңдауға құқығыңыз бар.
Қосымшаларыңызға бірдей парольдер қоймаңыз. Пароль қою кезінде ол кемінде сегіз таңбадан тұруы керек екенін ұмытпаңыз: цифрлар, бас әріптер және басқа да белгілер. Танымал сөздерді, туған-туыстар мен достардың туған күнін, аты-жөндерін, нөмерін пайдалану ұсынылмайды.
Өзіңізді және жақындарыңызды алаяқтардан сақтай жүріңіз!