Техника мен технология дамыған сайын алаяқтықтың да түрлері көбейе түсуде. Түркістан облыстық полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасы жанынан құрылған «CyberPol» арнайы жедел-тергеу топ мүшелері қазіргі таңда алаяқтардың адамдарға үлкен залал келтіріп жатқанын айтады. Мәселен, жақында Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғаны туралы шағым түсірді. Ер адамның айтуынша, танысы «Iphone-11 Pro» маркалы ұялы телефонын шұғыл біреуге қоңырау соғамын деп алып, телефонын қайтармастан оқиға орнынан ізін суытқан. Жәбірленушіге 500.000 теңге көлемінде шығын келген.
Полицейлер аталған фактіні ҚР ҚК-нің 190бабының 1-бөлігі «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды. Ақпарат алысымен тәжірибелі полиция қызметкерлерінен құрылған жедел-тергеу тобы күдіктіні ұстауға жұмылдырылды. Тыңғылықты ізденістің нәтижесінде бір тәулік ішінде күдіктінің жеке басы анықталып, қамауға алынды. Белгілі болғандай, күдікті танысының ұялы телефонын алған бойда ломбардқа өткізіп, несиесін жапқан. Тәртіп сақшылары қолды болған ұялы телефонды тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды.
Жалпы қазіргі таңда киберқылмыс пен интернеттегі алаяқтық әрекеттер белең алуда. Сондықтан, полицейлер адамдарға бөтен біреулерге телефондарының паролін айтуға болмайтынын ескертеді. Орайы келгенде, оқырмандарға мынадай да ескертпелерді айта кетейік. Телефоныңызға пароль қою кезінде ол кемінде сегіз таңбадан тұруы керек екенін ұмытпаңыз: цифрлар, бас әріптер және басқа да белгілер. Танымал сөздерді, туған-туыстар мен достардың туған күнін, аты-жөндерін пайдалану ұсынылмайды. Әрбір аккаунтқа немесе қосымшаға әртүрлі парольдар қоюға ерінбеңіз. Егер де телефон сізге парольді автоматты түрде сақтауды ұсынса, одан бас тартқаныңыз дұрыс. Әр уақытта парольді қайта енгізуге тырысыңыз. Екі факторлы бірдейлендіруді теңшеңіз, содан кейін жүйе SMS-хабарлама немесе электрондық мекенжайға хабарлама түрінде дереу келетін кодты растауды сұрайды.
Телефонды жоғалтып алған жағдайда деректердің қауіпсіздігін қалай сақтау қажет екенін де айта кетейік. Байланыссыз төлем жасау үшін гаджеттерін пайдаланатын телефон иелеріне екі есе мұқият болу қажет. Телефонды жоғалтып алуға болады немесе оны ұрлап кетуі мүмкін. Осындай ықтималдылықты ескере отырып, бұл туралы алдын ала ойланып, смартфон қаскөйлердің қолына түскен жағдайда өзіңізді қауіптен сақтау қажет екенін біліңіз.
Телефонның теңшеулерінде экранның автоматты бұғатталуын қосыңыз, саусақ ізінің немесе Face ID көмегі арқылы биометрикалық құпиясөзді қолданыңыз. Қадағалау теңшеуін орнатыңыз. Құрылғының орналасқан орнын қашықтан қадағалауға мүмкіндік беретін бағдарламаны пайдаланыңыз. Телефоныңызды жоғалтып алған жағдайда сіз өзіңіздің гаджетіңіздің қай жерде екенін қадағалап, оған қосылып, өзіңіздің барлық деректеріңізді өшіре аласыз.
Мысалы, Android базасындағы құрылғыларда Google Find My Device телефонды іздеу функциясы бар, Samsung девайстарында – Samsung Find My Mobile ұқсас опциясы, iOS алаңында – Find My iPhone опциясы бар. Оларды гаджеттің теңшеуінде міндетті түрде алдын ала іске қосыңыз. Резервтік көшірмелер жасаңыз. Міндетті түрде деректеріңіздің резервтік көшірмелерін жасаңыз. Бұл опция теңшеу конфигурациясын, барлық қосымшаларды және жеке ақпаратты сақтау үшін ойлап табылған. Берілген функция жоғалған құрылғыдан деректерді қалпына келтіруге көмектеседі.
Телефоныңыз ұрланған болса, сіздің банктік картаңызға тікелей байланысты нөмірі бар телефон жоғалған жағдайда, сізге қызмет көрсететін банкке шұғыл түрде хабарласуға кеңес береміз. Барлық карталарды бұғаттауды сұраңыз. Оларды кейін қайта шығаруға тура келеді. Басқа құрылғылардан пошта жәшіктеріне, әлеуметтік желілердегі аккаунттарға құпия сөздерді шұғыл түрде өзгертіңіз.
Егер сіз телефоныңыз ұрланғанына сенімді болсаңыз, бұл оқиға туралы құқық қорғау органдарына өтініш жазуды ұсынамыз, тіркелген көшірмені өзіңізде сақтаңыз. Сіздің шотыңыз бойынша операциялар соңғы рет қашан жасалғанын банктен нақтылаңыз. Егер алаяқтар сіздің картаңыздан қаражат алса, онда банкке өтініш жазып, ішкі тергеу жүргізуді сұраңыз. Сіз барлық сақтық шараларын сақтаңыз деп талап етіңіз.
Кредиттік тарихыңызды міндетті түрде кредиттік бюродан сұраңыз, Қазақстанда олар екеу: Мемлекеттік кредиттік бюро және Бірінші кредиттік бюро, сондай-ақ портал арқылы egov.kz немесе тұрғылықты жері бойынша халыққа қызмет көрсету орталығы. Мұны міндетті түрде жасау қажет. Өйткені, қаскүнемдер сіздің атыңызға кредит алуға тырысуы әбден мүмкін.