Азаматтардың қызмет бабын пайдалана отырып немесе оңай жолмен ақша тапқысы келіп өзгені алдап-арбауы, мүлкін жымқыруы не болмаса мүлде танымайтын бейтаныс адамды жалған уәделермен сендіруі, оған шығын келтіруі алаяқтық болып табылады. Өкінішке қарай, алаяқтықтың қылмыс екенін білсе де ондай әрекетке баратындардың қатары азаймай тұр. Ақпараттық технология дамыған сайын алаяқтардың айла-тәсілдері де өзгеріп, жаңара түсуде. Құқық қорғаушылар, алаяқтардың ішінде интернет арқылы құқық бұзушылық әрекеттер жасайтындарды қолға түсіру оңай еместігін айтады. Өйткені олар шекара таңдамайды. Шетелдерде отырып-ақ, көздеген мақсаттарын жүзеге асырып, қазақстандықтарды мүлкін оп-оңай иелене алады.
Орайы келгенде алаяқтықтың кең таралған түрлері жайлы айта отырып, оқырмандардың назарына интернет арқылы алаяқтық әрекеттер жасайтын адамдардың құрбаны болмау үшін мынадай кеңестерді ұсынамыз.
- Интернет-дүкен алаяғы.
Бүгінде интернетте жалған дүкен ашып, сауда-саттықпен айналысамын деп елді алдап-арбап жүрген алаяқтар аз емес. Интернет арқылы қажетті заттарды уақыт жоғалтпай сатып алу қазір бәрімізге тиімді болып тұр. Осыны сәтті пайдаланған алаяқтар тұрғындардың сеніміне кіріп, оларды сан соқтырып кетуде. Мұндай интернет-дүкеннен сатушылары тауарыңызды қолыңызға тигізбей жатып, сізден алдын ала төлем жасау керектігін сұрайды.
- Фишинг.
Алаяқтықтың бұл түрі сіздің құпия, дербес деректеріңізге қол жеткізуді көздейді. Мұндай алаяқтар сізге түрлі мәселелермен хабарласып, ұялы телефон нөміріңізге келген логин мен порольді білуге ұмтылады. Егер де олардың алдап-арбауына сеніп, ұялы телефон нөміріңізге келген құпия кодты айтатын болсаңыз, онда алаяқтардың құрбанына айналдым дей беріңіз. Алаяқтар адамдардың құпия деректерін білген жағдайда олардың аккаунтын бұзып, шоттарындағы барлық қаражатты қолды ете алады.
- Биржалардағы интернет-алаяқтық.
Қазіргі таңда ғаламтор желісінде акцияларды арзан бағаға сатып алып, қымбатқа өткізетін алаяқтар да қаптап жүр. Кейбіреулер, тіпті көпшіліктің назарын аударатын қызықты акцияларды көрсетіп жарнама жасайды да, қомақты қаржы жинап алғаннан кейін, ізім-ғайым жоқ болады. Құқық қорғаушылар алаяқтықтың бұл түрімен айналысатындардың адамдардан түрлі сылтаумен қосымша төлем жасау керектігін айтып, тағы да алдап ақша алуға тырысатынын ескертеді.
- Интернеттегі күтпеген ұтыс.
Бұл құдды бір тосын сый алғандай қуанышты көңіл күйде жететін хабар. Ұялы телефоныңыздың нөміріне қоңырау шалған адам сіздің қатысуыңызсыз ұтыс ұтқаныңызды хабарлайды. Немесе ұялы телефон нөміріңізге немесе электронды поштаңызға дәл осындай хабарлама келуі мүмкін. Ұтысты алуыңыз үшін алдымен белгілі бір телефон нөміріне ақша аударуыңыз қажет екенін айтады. Я болмаса ұялы телефон нөміріңізге келген кодты айтып жіберуіңізді өтінеді. Есіңізде болсын, ұялы телефон нөміріне келгенде құпия кодты ешкімге айтуға болмайды. Мұндай құпия кодқа қол жеткізген алаяқтар сіздің шотыңыздағы ақшаларды әп-сәтте оп-оңай қолды ете алады.
- Интернеттегі қаржы пирамидалары.
Қаржы пирамидасы табысты ұлғайтуға арналған. Интернет алаяқтар осындай жол арқылы адамдарды қызықтыра түсіп, көбірек тартуға тырысады. Неғұрлым көп адам тартқан сайын олар соғұрлым өздерінің қалталарына табыс түсіреді.
- Танысу сайттарындағы және әлеуметтік желілердегі алаяқтық.
Интернет арқылы танысып, отау құрғандарды естиміз. Жастарды таныстырып, табыстыруға арналған сайттар көбейе түсуде. Осыны сәтті пайдаланған алаяқтар адамдардың әбден сеніміне кіріп алғаннан кейін, өздерінің қаржылық мәселелерін шешуге тырысады. Адамдардан ақша алып, артынан телефон нөмірлерін өзгертіп, ұстатпай кетеді. «Шаңырақ көтереміз» деп сенім білдіріп жүрген осындай қаншама қалыңдық құқық қорғау өкілдерінің қызметіне жүгінуге мәжбүр болуда.
- Интернет-кредиттеу саласындағы алаяқтық.
Жеке фирмалар мен жеке тұлғалардан алдын ала төлемнен кейін ғана қызмет көрсететін несие рәсімдеу кезінде несие беруге уәде береді. Ал ақша алғаннан кейін жоғалады. Кейде интернет сайттар сізге өтінім қалдыруды, сауалнама толтыруды ұсынады.
- Жалған крипто-валюта алаяқтары.
Жалған крипто-валюта алаяқтары адамдарды ақша аударып, арзан бағада крипто валюталарды сатып алуға, сол арқылы көп табыс табуға болады деп сендіреді.
- Смс арқылы алаяқтық.
Мұндай алаяқтар «Нөмірден қателестім», «Басқаның ақшасы аударылып кетті», «Кәртішкем блокқа түсіп қалды», «Туыстарым қайғылы жағдайға душар болды» деген секілді түрлі хаттарды сізге жолдау арқылы ақшаңызды жымқырады.
- Киберсквоттинг.
Бұл компаниялардың атаулары мен жаңа тауарлардың брендтері арқылы ақша табу тәсілі болып табылады.
Біз жоғарыда ғаламтор арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттердің бірқатарына тоқталдық. Оқырмандарды алаяқтардың құрбаны болудан қорғауға және сақтандыруға тырысудамыз. Ақпараттық технология дамыған сайын алаяқтардың айла-тәсілдері де өзгеріп, жаңара түсуде. Сондықтан, қандай жағдайда болмасын өзіңізді сақтай алғаныңыз дұрыс. Мәселен, дербес деректеріңіз жайлы ешкімге ақпарат беруге болмайды. Сосын алаяқтардың арбауына түсіп, оңай жолмен ақша табуға да қызықпаған жөн. Мұндайда алданып қалуыңыз мүмкін. Алаяқтардан сақ болыңыз!
Асылжан ҚАЛДАРБЕКОВ,
Түркістан облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі.