Біздің өңірімізде мұнай, алтын секілді қазба байлықтар жоқ. Дегенмен, тарихи ескерткіштер мен зиярат ететін, яғни туристерді таңқалдыратын орындар жетерлік. Сала мамандарының мәлімдеуінше, облыста туризмді дамыту бойынша негізгі 3 бағыт айқындалған. Атап айтар болсақ, тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі. Енді осылардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтсек.
Мәселен, тарихи-танымдық бағытта туристерді тартатын 1 770 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның ішінде халықаралық маңызы бар объект (Қ.А.Ясауи кесенесі) – 1, республикалық маңызы бар ескерткіш – 34, жергілікті маңызы бар ескерткіш – 403 және алдын ала тізімдегі нысандар – 1332.Өз кезегінде, мәдени-тарихи туризм облыстың туристік қызмет саласының басты драйвері. Оның айқын дәлелі облыс шегіндегі басты мәдени-тарихи нысандар Қ.А.Ясауи кесенесі мен Арыстанбаб кесенесіне 2022 жылы 1,2 млн-нан астам келуші келген. Ағымдағы жылдың 7 айының қорытындысымен 659,3 мың адам келген.
Аталған бағыттағы туризмді дамыту үшін бірқатар ауқымды іс-шаралар өткізіліп, инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары атқарылуда. Атап айтқанда «GastroFest» ұлттық тағамдар фестивалі, «EthnoFest» салт-дәстүр фестивалі, «Рухани мекенде неке қию» және «Түркістанды көргім келеді» байқау конкурстары өткізілді. Жыл соңына дейін халықаралық деңгейде2 туристік көрмеге қатысу, 35 туристік нысандардың жеңіл инфрақұрылымын жақсарту жоспарлануда. Түркі тілдес елдер арасында халықаралық этноподиум іс-шарасы ұйымдастырылады.Сондай-ақ, облыстың туристік әлеуетін Би-Би-Си (ВВС) телеканалында жарнамалау жоспарланып отыр.
Екінші, яғни экологиялық туризм бағыты бойынша облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи объектілер орналасқан. Олар: «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі, «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі.Экологиялық туризмді дамыту мақсатында 30 туристік маршруттар құрылған («Сайрам-Өгем» – 11, «Қаратау» – 2, «Ақсу-Жабағылы» – 10, «Сырдария-Түркістан» – 7).
2022 жылдың қорытындысына сүйенетін болсақ, облыс аумағында орналасқан ерекше қорғалатын табиғи объекттерге келушілер саны 74 970 адамды құрады, ал 2023 жылдың 6 айының қорытындысымен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға 79 767 адамды құрап отыр.Оның ішінде, «Сайрам-Өгем» табиғи паркіне – 76 998 адам, «Қаратау» қорығына – 324 адам, «Ақсу-Жабағылы» қорығына – 1145 адам, «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркіне – 1300 адам келген. Өз кезегінде, 2021 жылы Кентау қаласынан «Қаратау» МТҚ-на дейін жол жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Хантағы ауылынан «Қаратау» МТҚ-на дейінгі 8 шақырым жолға тасжол төселді. Жоба құны – 101,05 млн.тг-ні құрады.
«Сайрам-Өгем» МҰТП аумағының 11,7 % немесе 17519 га жер телімі рекреациялық және туристік қызмет аймағы болып саналады. Аталған аумақта келушілерге арнап 11 туристік соқпақ ұйымдастырылған. Қазіргі таңда, парк аумағындағы жалпы ауданы 343,2 га 29 жер телімі туристік және рекреациялық мақсатта пайдалануға берілген. Былтыр «Сайрам-Өгем» МҰТП-не дейін жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Төлеби ауданы Қасқасу ауылынан «Сайрам-Өгем» МҰТП-не дейінгі жалпы ұзынығы 11,8 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жоба құны – 542 млн.тг.
Үшінші бағыттағы сауықтыру туризм біздің өңірімізде дамыған. Қазіргі уақытта облыс аумағында 72 емдеу-сауықтыру орны жұмыс істейді. Емдеу-сауықтыру ұйымдарының нөмірлік қоры 7940 төсек-орынды құрайды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағындағы емдеу-сауықтыру орындарында 142,4 мың адамға қызмет көрсетілді, бұл көрсеткіш 2021 жылмен (117,4 мың адам) салыстырғанда 121,3% — ға өсті.Жыл соңына дейін 2 емдік-сауықтыру кешенін пайдалануға беру жоспарлануда.
Халықаралық әуе рейстерінің санын арттыру маңызды
Жалпы, аталған бағыттар бойынша былтыр облысқа 470 мыңнан астам турист және 1 млн. 200 мыңнан астам біркүндік келуші келіп, жоспар (туристер – 261 мың адам, бір күндік келуші – 1 млн. адам) толығымен орындалды.Осы жылдың 5 айында өңірге келген туристер саны 146,1 мыңнан асты.Өңірге келетін туристердің санын арттыру бойынша жоспарланған көрсеткіштер жыл соңына дейін орындалатын болады.
Сонымен қатар, облысқа келуші туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында инфрақұрылымды жақсарту және инвестиция тарту жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде.Былтыр туристік инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған 9 млрд. теңгеге 10 жоба жүзеге асырылды. Сондай-ақ, туризм саласының негізгі капиталына 69 млрд. теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде, 9 туристік инвестициялық жоба аяқталып, пайдалануға берілді.«Platinum» және «Khan palace» қонақ үйлері, «Шаға» туристік — рекреациялық орталығы, туристерге арналған Сапар орталығы секілді нысандар ел игілігіне тапсырылды.
Ағымдағы жылы 34,7 млрд. теңгеге 10 жобаның іске қосылуы күтілуде.Туризм саласына осы жылдың 6 айында 14,9 млрд. теңге инвестиция тартылды. Шетелден келетін туристердің санын арттыру мақсатында 2023 жылдың сәуір айында Қытай елінен келген 15 туроператорлардың қатысуымен туристік ақпараттық тур ұйымдастырылды.Өзбекстан Республикасы Ташкент облысының әкімдігімен топтық турларды ұйымдастыру мақсатында екі жақты келісімшарт жасалды.
Сондай-ақ, Түркістанға келетін халықаралық әуе рейстерінің санын арттыру үшін Венгрияның «Wizz Air» авиакомпаниясымен «Түркістан – Әбу-Даби (БАӘ)» әуе бағыты бойынша рейстерді жыл соңына дейін іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Рейстер аптасына 2 реттік жиілікпен орындалады деп күтілуде. А-321 заманауи ұшақтарымен тұтынушыларқа қызмет көрсетіледі.Тікелей халықаралық әуе рейстерін ашу елімізге келетін туристердің санын арттыруымен қатар өңірдің туристік әлеуетінің дамуына оң әсерін тигізеді. Қазіргі таңда Түркістан халықаралық әуежайында 2 халықаралық әуе рейстері (Ыстанбұл-Түркістан, Кувейт-Түркістан) қолданыста.
Туристік маршруттардың бағытын көбейту керек
Енді туристік бизнес жайлы айтайық. Ағымдағы жылдың 17 шілдесінде туристік қауымдастық өкілдерімен қатысуымен өткен жиын қорытындысымен «Turan Tour», «Golden Wings», «Куаныш Трэвл», «ОCA Travel» туристік компанияларымен 1, 2, 3 күндік туристік маршруттар әзірленіп туристік нарыққа ұсынылды (Туристік маршруттар қосымша тіркеледі).Сондай-ақ, «Арша Трэвл» және «БиНур» туристік компаниялары бірлесіп Түркістан қаласына келген қонақтар мен туристерге 60-70 км қашықтықта орналасқан туристік нысандарға танымдық туристік турмашруттарға баруды күнтізбелік кестеге сәйкес пилоттық жоба ретінде ағымдағы жылдың 15 тамызына іске қосу бойынша тиісті жұмыстарды атқарылуда.
Аталған туристік маршруттар аптаның әрбір демалыс күндері кестеге сәйкес тұрақты жүріп отыруы жоспарлануда. Туристік маршруттар 3 бағытты қамтиды:
1-бағыт: Арыстанбаб кесенесі, Отырар қалашығы, Сапар орталығы және Отырар мұражайы;
2-бағыт: Үкаша ата кесенесі мен құдығы, Мыңжылдық тұт ағашы, Сауран қалашығы;
3-бағыт: Ақмешіт үңгірі мен бұлағы, Бәйдібек ата және Домалақ ана кесененелері.
Туристік маршруттардың бағасы әр адамға 5000-7000 тг-ні құрайды деп бағалануда.Бұдан бөлек, Түркістан облысының әкімдігі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Туристификация картасын бекіту туралы» 2021 жылғы №332 бұйрығына облыстың 7 туристік аймағын республикалық деңгейге, 25 туристік аймағын өңірлік деңгейге қосу бойынша жұмыстар жүргізіп, Бұйрық жобасында туристік аймақтардың 31%-ын Түркістан облысының нысандары құрады. Айта кетейік, туристификация картасындағы аймақтардың жалпы саны 103 бірлік. Қазіргі таңда бұйрықтың жобасы тиісті мемлекеттік органдармен келісілуде.
Сонымен қатар, өзіңіздің тапсырмаңызға сәйкес Үндістан, Иран, Пәкістан, Малайзия, Индонезия, Түркия, Ресей Федерациясы, ҚХР Қазақстан Республикасының елшіліктеріне хат әзірленіп дипломатиялық арналар арқылы жолданды (2023 жылдың 24 шілдедегі №43/8230 хат).Қазіргі таңда Елшіліктермен байланыс орнатылып келіссөздер жүргізілуде. Елшіліктердің ұсыныстары бойынша Малайзия және Түркия елдерінде роуд-шоу өткізу жоспарлануда.
Облыстық мәдениет және туризм басқармасы туристерге ұсынылатын ақпараттардың бірыңғайлығы және тиісті ақпараттарға қолжетімділігін арттыру мақсатында «Open Turkistan» қызметін жандандыру бойынша бірқатар жоспарларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, «Open Turkistan» тұтынушылар арасында әлеуметтік желілердің маңыздылығын ескере отырып «бір терезе» қағидасымен қызмет көрсететін _open_turkistan_bot телеграм каналы пилоттық жобасын іске қосу бойынша тиісті жұмыстарды бастады.
Бағдарламада облыстың тарихи-мәдени ескерткіштері, емдік-сауықтыру орындары, туристік маршруттар, қонақ үйлер, гид-экскурсовод қызметтері, транспорттық қызметтер, тамақтандыру орындары, ойын-сауық орындарының қызмет көрсету уақыты мен байланыс нөмірлері, облыстың туризм туралы басқа да мәліметтері ұсынылады.Сондай-ақ, Түркістан қаласының әуежайында ішкі және ұшып келу есіктерінің алдына өңірдің туристік әлеуеті жөнінде пен туристерге қажетті ақпарат беретін ресепшн орнатылды.
Бәйдібектегі туристік орындарға келушілерден мемлекетке ешқандай түсім түспейді. Неге?
Өңір туризміндегі өзекті мәселелерге келер болсақ. Облыс орталығы Түркістан қаласына келушілер ағынын арттыру және туристердің болу ұзықтығын ұлғайту мақсатында қаланың төңірегіндегі 60 шақырым радиуста орналасқан туристік нысандарды дамыту және қала аумағында аталған нысандар бойынша ақпараттар орналастыру маңызды болып табылады.Атап айтқанда, нысандарға туристік төлқұжаттар мен бағдарлар және ақпараттық карталар орнатуды қажет етеді.
Екінші мәселе Ақмешіт үңгірін туристификациялау.Жалпы Ақмешіт үңгірін туристік дестинация ретінде дамыту мақсатында басқарма және Бәйдібек ауданы әкімдігі тарапынан бірқатар жұмыстары атқарылды.Атқарылған жұмыстар нәтижесінде үңгір жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміне енгізілді. Қазіргі таңда үңгір орналасқан жер телімін мемлекет мұқтаждығына қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан әрі, үңгір айналасында шағын және орта бизнесті дамыту жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл ретте келелі мәселенің бірі Бәйдібек ауданындағы туристік орындарға келушілердің ағынының көптігіне қарамастан мемлекетке ешқандай түсім алып келмейді. Домалақ ана, Бәйдібек ата, Қос ана секілді кесенелерден түсетін табыс жоқ. Аталған кесенелерді күтіп ұстау, абаттандыру жұмыстары Бәйдібек ауданы әкімдігіне қарасты «Жасыл саябақ» мемлекеттік коммуналдық мекемесі арқылы жүзеге асырылады. Осы орайда, Бәйдібек ауданы әкімдігінің құзыретіне аталған кесенелерге кіру бағасын белгілеуде кіреді.Осыған орай, Бәйдібек ауданы әкімдігіне заңнама талаптарына сәйкес Домалақ ана, Бәйдібек ата, Қос ана кесенелеріне келушілер үшін кіру бағасын белгілеу мүмкіндігін қарастыру қажет деп есептейміз. Аталған шара мемлекеттік табысты арттыруға және туристік орындардың инфрақұрылымын дамытуға тікелей әсер етеді.
Үшінші мәселе, Ақсу каньонын туристификациялау. Ақмешіт үңгірі тәжірбиесінде Ақсу каньонын дамытуды ұсынамыз. Ақсу каньоны қазірдің өзінде туристерге тартымды орындардың бірі. Бірінші кезекте каньонға мәдениет және тарих ескерткіш статусын беру қажет. Тиісті статус беру үшін жергілікті әкімдік тарапынан ғылыми экспедиция жұмыстары жүргізілуі қажет. Осыған орай, Төлеби ауданы әкімдігіне заңнама талаптарына сәйкес Ақсу каньонына мәдениет және тарих ескерткіш статусын беру мақсатында ғылыми экспедиция жұмыстары жүргізуді қажет етеді.Өз кезегінде, каньонға тиісті статус берілгеннен соң, жер телімі мемлекеттік мұқтаждығына қайтарылып, тиісті инфрақұрылымды жетілдіруге мүмкіндік береді.
Төртінші мәселе Қолөнершілер орталығы. Қолөнершілердің еңбегі облыс үшін өте маңызды және еліміздің салт-дәстүрлерін, құндылықтарын таныта отырып өңірдің туристік әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. Қазіргі таңда қолөнершілерге шеберліктерін көрсететін арнайы орынмен қамтамасыз ету бойынша бірқатар мәселелер көтеріліп келеді. Басқарма Түркістан қалалық әкімдігіне қарасты «Визит орталығы» ғимаратында қолөнершілерге орын беру мүмкіндігін қарастырып көрген болатын. Қазіргі таңда Түркістан қалалық әкімдігі мен жеке кәсіпкер арасында аталған ғимараттың келісім-шартын бұзу бойынша сот процесі өтуде.
«Бұдан бөлек, Түркістан қаласындағы «Этноауыл» кешені инфрақұрылымдық жағынан қолөнершілерге тиімсіз екендігі анықталып отыр.Қоғамдық кеңес мүшелері, туризмді дамыту үшін барлық шаралар қабылдануда. Бұл бағыттағы мәселелер бойынша басқарма тарапынан тиісті жұмыстар атқарылатын болады», — дейді облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысы Ә.Қойлыбаев.



