Түркістан облыстық полиция департаменті жанынан алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қою мақсатында «Cyberpol» арнайы жедел-тергеу тобы құрылған болатын. Аталмыш топ мүшелері бүгінде алаяқтық әрекеттерге барып, құқық бұзған бірқатар азаматтарды ұстады. Жақында ғана өңірімізде бірнеше қылмысқа қатысы бар бір азамат тергеуге алынды. Дәл осындай фактілер жетіп артылады. Бұл өңірімізде алаяқтық әрекеттерді болдырмауға арналған шаралардың өз деңгейінде жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Сондай шаралардың бірі ретінде жақында Түркістан облыстық полиция департаменті «Cyberpol» арнайы жедел-тергеу тобының бастамасымен облыстағы тергеушілерді қатыстыра отырып, интернет-алаяқтық бойынша өткен «дөңгелек үстелді» айтуға болады. Жиын барысында алаяқтық қылмыстарды анықтау, ашу және тергеуге қатысты мәселелер айтылып, алаяқтықтың алдын алу шаралары талқыланды. Екінші деңгейлі банк өкілдері, прокуратура мен полиция қызметкерлерінің сұрақтарына жауап беріп, өздерінің ұсыныстарын жеткізіп, пікір алмасты. Онда айтылған бірқатар маңызды проблемалар заң шеңберінде шешілуі тиіс болғандықтан, оларды тиісті органдардың қарауына ұсыну керектігі тілге тиек етілді.
Қазіргі таңда құқық қорғау органдарының қызметкерлері халықты интернет шабуылдарынан қорғауға барынша көңіл бөлуде. «Дөңгелек үстелге» қатысқандар белгісіз қоңыраулар мен күдікті адамдарға сенуге болмайтынын, қажет болған жағдайда банк менеджерлерінен қаржылық операциялардың барлық мәліметтерін тексеруге немесе ресми жауап алуға болатынын түсінді.
Жалпы былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биылғы жылы алаяқтық қылмысының 6 пайызға төмендегенін көруге болады. Талайды сан соқтырған алаяқтық қылмысына жол бермеу мақсатында, Түркістан облыстық полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы қызметкерлері халыққа интернет-алаяқтықтың түрлері туралы ақпарат жеткізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Яғни, тәртіп сақшылары түрлі үнпарақтар таратып, халық көп шоғырланған аймақтарға, базарлардың маңына көрнекі ақпараттар ілуде. Телеарналар мен әлеуметтік желілер арқылы алаяқтықтан өзіміз бен жақындарымызды қалай қорғай алатынымыз туралы бейнероликтер көрсетілуде. Мұның барлығы өз кезегінде алаяқтық қылмысының алдын алуға айтарлықтай септігін тигізеді деген сенеміз. Бұл бағыттағы шаралар ұдайы жалғасын таба бермек.
Құқық қорғаушылар интернет-алаяқтарды қолға түсіру оңай еместігін айтады. Өйткені, олар Қазақстанда ғана емес, шетелдерде отырып-ақ теріс пиғылдарын жүзеге асыруы әбден мүмкін. Елімізде кейінгі үш жылда қылмыстық қудалау органдары әртүрлі қылмыс жасады деген күдікпен 3000-нан астам адамды іздеуде. Ресми деректерге сүйенсек, соңғы уақытта шет мемлекеттерде ұстау және оларды кейіннен Қазақстанға экстрадициялау жұмыстары қанды түрде жүргізіліп, нәтижесінде прокурорлардың үйлестіруімен 500 адам анықталып, қамауға алынды.
Қазір мемлекетімізде 2500-ден астам адам ұстауға жатады. Негізінен ішкі істер органдарының желісі бойынша алаяқтық жасағаны үшін 400, ұрлық үшін 250 адамға іздеу жарияланған екен. Ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деген 400 күдіктінің 250-і іздеу жарияланғаннан кейін ұсталды.
Шет мемлекеттермен жолға қойылған ынтымақтастықтың арқасында қылмыс жасап, іздеу жарияланған 600 күдіктінің жүрген жері анықталды. Олардың көпшілігі Ресейде, Америка Құрама Штаттарында, Түркия Республикасында, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Қырғызстан, Өзбекстанда және Украинада жасырынып жүр деседі.
Орайы келгенде оқырмандарға алаяқтардың құрбаны болған жағдайда не істеу керектігі жөнінде ақпарат бере кетейік.
Карточкаларыңыздан бөтен біреудің ақша алғанын байқаған бойда дереу бұғаттауға кірісіңіз. Ол үшін құқық қорғау органдарына, сондай-ақ банкке жүгіну қажет. Банк карточкаларды бұғаттап, жаңасын қайта шығарып береді. Микрокредиттерді ресімдеу бойынша онлайн-сервистерде банктік қосымшадағы жеке кабинеттен құпия сөздерді міндетті түрде өзгертіңіз.
Алаяқтардың сіздің атыңыздан жалған несие ресімдемегеніне көз жеткізу үшін тоқсанына бір рет кредиттік тарихыңызды тексеріп тұрыңыз. Дербес кредиттік есепті кредиттік бюролардан (Мемлекеттік кредиттік бюро немесе Бірінші кредиттік бюро), халыққа қызмет көрсету орталықтарынан немесе egov.kz порталынан алуға болады. Заң бойынша күнтізбелік жылда бір рет дербес кредиттік есепті тегін сұратуға болады.
Қаржылық алаяқтардан өзіңіздің дербес деректеріңізді сақтау үшін мынадай қарапайым қауіпсіздік ережелерін білгеніңіз жөн:
Сізге банктік қарыздарды немесе микрокредиттерді тиімді шарттармен рәсімдеуді ұсынатын делдалдарға сенбеңіз, кредитті ресімдеу үшін ақшалай сыйақы бермеңіз. Бұл алаяқтар.
Қарыздар мен микрокредиттер үшін тікелей банктерге немесе микроқаржы ұйымдарына хабарласыңыз.
WhatsApp, Telegram, Viber және басқа да мессенджерлер арқылы бөгде адамдарға өзіңіз және картаңыз туралы ақпаратты: құпия сөздерді, логиндерді, кодтарды және басқа да жеке деректерді (ЖСН, жеке куәліктің немесе паспорттың нөмірі, төлем картасының деректемелері: картаның сырт жағындағы үш таңбалы кодты (CVV/CVC-код), оның нөмірін, қолданылу мерзімін және т.б.) бермеңіз. Жеке басыңызды куәландыратын құжаттар мен төлем карточкаларының фотосуреттерін әлеуметтік желілерде жарияламаңыз. Бұл қауіпті.
Егер сізбен (телефон немесе онлайн) банктің немесе МҚҰ менеджері хабарласып, сіздің шотыңызға алаяқтық шабуылдар туралы хабарлап, «қауіпсіз» шотқа ақша аударуды, «айна» кредитті ресімдеуді немесе банкомат арқылы қаражат алуды сұраса, әңгімені аяқтаңыз. Ақпаратты қайта тексеру үшін кредиттік ұйымның call-орталығына қоңырау шалыңыз.
Есіңізде болсын: қаржы ұйымдарының өкілдері бірінші болып қоңырау шалмайды және сіздің жеке деректеріңізді алу үшін мессенджерлер арқылы жазбайды, сонымен қатар делдалдық қызметтерді ұсынбайды.
Фишингтік сілтемелерге өтпеңіз. Күдікті сайттарға тіркелмес бұрын, олардың мекенжайын тексеріңіз, ол мекенжай https:/ — ден басталуы керек. Шотты немесе картаны ашқан кезде операциялар туралы SMS- немесе push хабарлама қызметін қосыңыз.
Сонымен қатар интернеттегі алаяқтардан қорғау үшін жақын адамдарыңызға және егде жастағы туыстарыңызға осы ережелерді айтып, оларды да алаяқтардан сақтандыра біліңіз!



