Облысымызда ауыз су құбырын тарту экономикалық тұрғыдан тиімсіз елді мекендер жетерлік. Айталық, бүгінде Сауран ауданында сондай үш елді мекен, атап айтар болсақ, Қаратөбе, 32-разъезд, Егізқара елді мекендері бар. Сала мамандары аталған елді мекендерде тұрғын үйлердің бір-бірінен шалғайда орналасуына байланысты, оларға ауыз су құбырын тарту экономикалық жағынан тиімсіз болып отырғанын айтады. «Сол себепті бұл елді мекендерге кешенді блок-модуль орнату жоспарлануда. Жалпы Сауран ауданындағы 12 ауылдық округте 36 елді мекен бар. Олардың ішінде 32 елді мекен ауыз сумен қамтылған», — дейді олар.
Ал, Бәйдібекте де 5 елді мекен шалғайда орналасқан. Әрі халқы аз болуына байланысты бұл елді мекендерге ауыз су құбырын тарту тиімсіз болып отыр. Атап айтар болсақ, олар: Қызылжар, Үсіктас, Шұқыршақ, Байжансай, Нұра елді мекендері. Сондықтан, мұндай елді мекендерге жер асты суын тазартатын кешенді блок-модульдік қондырғылары орнатылмақ. Тұрғындар осындай қондырғылар арқылы ауыз сумен қамтамасыз етілмек.
«Созақ ауданында 4 елді мекенге ауыз су жеткізу қажет болып отыр. Созақ ауданында 35 елді мекеннің 29-ы (2 кент, 26 ауылдық елді мекен) орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Оның екеуі кент болса, 26-сы ауылдық елді мекен», — дейді мамандар.
Жалпы ауданда барлығы 61715 тұрғын таза ауыз сумен қамтылған. Орталықтандырылған ауыз су құбыры бар 29 елді мекеннің 23-іне ауыз су 24 сағат берілсе, қалған алтауына түзілген кестеге сәйкес берілуде. Шолаққорған ауылы тұрғындарын тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Шолаққорған ауылының «Ақшам» және «Наурыз» шағынаудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысы» жобасы түзілді. Жоба бойынша атқарылуы тиіс құрылыс-монтаждау жұмыстарына былтыр қазынадан 51 млн. теңге бөлінді. Мұндағы тиісті жұмыстар әлі де жалғасын табуда. Бұл жоба биыл жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.
Құмкент ауылындағы ауыз су тарату нысанындағы тазарту қондырғыларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, былтыр қараша айынан бастап, ауыл тұрғындары тазартылған ауыз сумен тәулігіне 24 сағат қамтылды. Одан бөлек Созақ, Шақырық елді мекендерінің тұрғындарын тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамту мақсатында Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан жер асты су қоры бекітіліп, 2021 жылы ауыз су тарату нысаны үшін мемлекеттік жер актілері алынып, сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленген болатын. Оның жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге аудандық бюджеттен 2023 жылға 17 миллион теңге бөлініп отыр. Алдағы уақытта жобалаушы мекеме анықталып, нысанның жобалық-сметалық құжаты әзірленетін болады.
Қаратау ауылының да тұрғындарын тәулігіне 24 сағат таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеуге қажетті 12453,63 мың теңге бөлу жөнінде сұраныс аудандық бюджеттік комиссияға жолданды. Қаржы бөлінген жағдайда жобалық-сметалық құжат дайындалатын болады.Сонымен қатар биыл Қарақұр, Қозмолдақ ауылдары тұрғындарын тәулік бойы ауыз сумен қамту мақсатында облыстық басқарма арқылы жер асты су қорын зерттеу жұмыстары қолға алынбақ.
Созақта 6 ауылдық елді мекен, атап айтар болсақ, Қарабұлақ, Балдысу, Басбұлақ, Саржаз, Қақпансор, Қоңыратарық елді мекендері ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Оның ішінде, 4 елді мекенге су құбырларын жүргізу, 2 елді мекенге, атап айтар болсақ, Қақпансор мен Қоңыратарық елді мекендеріне блок-модуль кешенін орнату көзделген. Бұдан бөлек 4 елді мекенді, атап айтар болсақ, Саржаз, Балдысу, Қарабұлақ, Басбұлақ елді мекендерін орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету үшін ауыз су тарату нысанына мемлекеттік жер актілері алынып, сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленген. Биыл жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынбақ.
Сала мамандарының мәлімдуінше, ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 6 елді мекенде бірқатар жұмыс атқарылуда. Айталық, 2 елді мекенде Қақпансор мен Қоңыратарық елді мекендерінде халық саны 200-ден кем болғандықтан, онда блок-модуль кешенін (КБМ) орнату қажеттігі туып отыр. Биыл Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан жер асты су қоры бекітілетін болады. Одан бөлек 4 елді мекенде, атап айтар болсақ, Қарабұлақ, Балдысу, Басбұлақ, Саржаз елді мекендерінде атқарылуы тиіс жұмыстардың жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге қажетті 7,6 миллион теңгеге Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына сұраныс беріліпті.
Келес ауданындағы 83 елді мекеннің 57-сі ғана таза ауыз сумен қамтылған. Бұл көрсеткіш жалпы ауданның 75 пайызын құрайды. Келесте су тарту экономикалық жағынан тиімсіз 7 елді мекен бар. Тартоғай, Шолантөбе, Мәдениет, Қосөткел, Коммунизм, Құрөзек, Байғабыл ауылдарында адам саны аз болғандықтан су құбырын тарту экономикалық жағынан тиімсіз.
Сарыағаш ауданындағы жағдай да осыған ұқсас. Бұл аудандағы 40 елді мекеннің 64 пайызы ғана таза ауыз сумен қамтылған. Биыл мұндай ауылдардың қатарына тағы алтауы кірмек. Соның өзінде Сарыағаш ауданының халқын ауыз сумен қамту үлесі 75 пайызға да жетпейді.
Арыс қаласындағы жағдай да мәз емес. Қалаға қарасты 32 елді мекеннің 25-і ғана таза ауыз суға қол жеткізген. Шалғайда орналасқан 7 елді мекен құдық суын ішіп отыр. Бұл елді мекендерге енді блок-модуль кешені орнатылмақ.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарды ауыз сумен қамту мәселесінің әрқашанда бірінші кезекте қаралуы керек екенін айтады. Жақында өткен аппарат мәжілісінде бұл бағыттағы жобалар сапалы, жұмыстар тиянақты болуы тиіс екенін жеткізген болатын.
«Жер асты суын іздеу-барлау жұмыстарын жүргізіп, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп, тиісті іс-шараларды жылдамдатқан жөн. Жол карталары мен жоспарлар тағы да нақтыланып, елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамту жұмысын 2025 жылы толық аяқтауымыз қажет. Елді мекендерді ауыз сумен қамту жоспары жан-жақты пысықталып, жүзеге асыру жолдары қарастырылсын, — деген болатын.
Реті келгенде айта кетейік, бүгінде облыс аумағындағы 831 елді мекеннің 719-ы (7 қала, 712 ауылдық елді мекен) ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткіш 86,5 пайызды құрайды. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 57 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджеттен 13,3 млрд. теңге бөлініп отыр. Оның ішінде 43 нысанның құрылысы биыл аяқталады. Қалған 14 нысанда жүргізілетін құрылыс жұмыстары келер жылы аяқталатын болады.