Ағымдағы жылы облыста 743,6 шақырым жол мен көшеге, сондай-ақ, 6 көпірге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған болатын. Оған бюджеттен 28,4 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде облыстық маңызы бар 424,6 шақырым жол мен 2 көпір, аудандық маңызы бар 94,4 шақырым жол мен 3 көпір, сондай-ақ, елді мекендердегі 220 көше мен 1 көпір жөндеуден өтеді деп көзделіп отыр.
Сала мамандарының мәлімдеуінше, Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы – 17 487,8 шақырым. Оның ішінде республикалық маңызы бар 723,1 шақырым жолдың 94,8%-ы, жергілікті маңызы бар 5 755,1 шақырым жолдың 89%-ы, елді мекендердегі 11 009,6 шақырым жолдың 62%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды барлық аудан, қала әкімдері мен тиісті басқарма басшыларына жолдардың сапасын жақсартуды, жөндеу жұмыстарын жіті бақылауда ұстауды тапсырған болатын. Қазіргі таңда аудан, қала әкімдері өңіріміздегі жол жөндеу жұмыстарына бақылауды күшейтті.
Айталық, биыл Жетісай ауданында 104 көшені жөндеуден өткізу жоспарланған. «Соңғы жылдары елді мекендер мен ауданаралық жолдарды қалпына келтіру, тас төсеп, асфальттау, тозығы жеткен немесе жаңадан салынған көшелерде тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда», — дейді мамандар.
Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың тапсырмасына сәйкес ішкі жолдарға төселіп жатқан асфальттардың сапасы мен құрамын, қалыңдығы мен енінің ұзындығы басты назарға алынған.Биылғы жылға жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласын дамытуға Ұлттық қор мен облыстық, аудандық бюджеттердің есебінен 1 млрд 983,5 млн теңге қаржы қаралып отыр.
Аталмыш қаржылар есебінен «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 1 млрд 111,1 млн теңгеге Атамекен, Қызылқұм, Арай, Сейфуллин (Жылы су), Сұлубұлақ елді мекендерінде жалпы ұзындығы 44 шақырымды құрайтын 61 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, жергілікті бюджет және субвенция есебінен 624,2 млн теңгеге жалпы ұындығы 26,5 шақырымды құрайтын 43 көшеге орташа жөндеу жұмытары жүргізіледі.
Одан бөлек, 55,1 млн теңгеге жалпы ұзындығы 4,85 шақырымды құрайтын 10 көшеге ағымдағы жөндеу (тас төсеу) жұмыстары жүргізіледі. Елді мекендерге кіреберіс 2 көпірге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 20 млн теңге бөлінсе, аудандық маңызы бар 3 автомобиль жолының жөндеу жұмыстарын аяқтауға облыстық бюджет есебінен 60,2 млн теңге қаралған.
Сонымен қатар, қоғамдық көлікті субсидиялау үшін 63 млн. теңге, автомобиль жолдарын күтіп-ұстау жұмыстарына 30 млн теңге, бағдаршам орнату жұмыстарына 10,9 млн теңге, бағдаршамдар мен бейнебақылау камераларын күтіп-ұстау жұмыстарына 6 млн теңге, бейнебақылау камераларын орнатуға ЖСҚ әзірлеу жұмыстарына 3 млн теңге бағытталған.
Айта кетейік, өткен жылы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласын дамытуға Ұлттық қордан, облыстық және жергілікті бюджет есебінен 1 млрд 901,3 млн теңге бөлініп, 1 млрд 418,2 млн теңгеге жалпы ұзындығы 65,7 шақырымды құрайтын 77 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын.
Жақында Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы кесте аясында Ынтымақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, күрмеуі қиын мәселелерді бірге талқылады. Алдыңғы кездесуде айтылған өзекті 6 мәселенің орындалуы барысымен таныстырды.
Өткен тоқсандағы жүздесуде көтерілген Ақниет елді мекеніндегі ұзындығы 1,7 шақырымды құрайтын Ақши көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, КХ-25 автомобиль жолының Көрікті елді мекені тұсына жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жол салу, Ақниет елді мекеніндегі Ақши көшесіне Тың көшесін қосу және Әл-Фараби көшесі бойындағы К-28-18 су жүйесінің үстінен заңсыз салынып жатқан құрылыстарды тоқтату, Әден ата елді мекенінің тұсына жол белгілерін орнату, Үш көпір елді мекені тұсына және Жетісай ауданы бойынша қауіпті аймақтарға бейнебақылау камераларын орнату секілді мәселелердің орындалу барысымен таныстырды.
Сонымен қатар, аудан басшысы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 70 пайызға, яғни, асфальттанған жолдардың ұзындығын 643 шақырымға, тас төселген жолдардың үлесін 91 пайызға жеткізу жұмыстарының жүргізілгенін, биылғы жылы округтегі Әден ата ауылындағы Абай көшесінің орта жөндеуден, Үшкөпір ауылындағы 2 көшенің ағымдағы жөндеуден өткізілетінін айтты.
Реті келгенде айта кетейік, қазіргі таңда облыста жол жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. 2023 жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 41,1 млрд. теңге бөлінген. Құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 587 нысан немесе 1521,1 шақырым жолдар мен көшелерді қамту жоспарлануда. Жыл қорытындысымен 534 нысан, яғни 1237,2 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделген.



