Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің мәлімдеуінше, қазіргі таңда өңіріміздегі 831 елді мекеннің 719-ы (7 қала, 712 ауылдық елді мекен) ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткіш 86,5 пайызды құрайды. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 57 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджеттен 13,3 млрд. теңге бөлініп отыр. Оның ішінде 43 нысанның құрылысы биыл аяқталады. Қалған 14 нысанда жүргізілетін құрылыс жұмыстары келер жылы тәмамдалады.
Осындай шаралардың нәтижесінде су құбыры жоқ 17 елді мекен тұрғындары тіршілік нәріне қол жеткізбек. Олардың біреуі Бәйдібек ауданында орналасқан. Айта кетейік, осыдан үш жыл бұрын Бәйдібек ауданындағы 51 елді мекеннің 35 елді мекені ауыз су жүйесімен қамтылған болса, биыл 44 елді мекенге жетіп отыр.
Ағымдағы жылдың шілде айында Сарқырама елді мекеніндегі тозығы жеткен ауыз су жүйесіне қайта құру (реконструкция) және Ақжар елді мекеніне жаңа ауыз су жүйелері жүргізіліп, пайдалануға берілді.Сонымен қатар, қазіргі таңда ауданда 2 елді мекенде (Шаян, Шақпақ) ауыз су жүйелерінің тозығы жетуіне байланысты қайта құру жұмыстары жүргізілуде.
Шаян ауылының ауыз су жүйесін қайта құру жұмыстары қазан айында пайдалануға беріліп, нәтижесімен 2 100 абонент сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.Ал, Шақпақ елді мекеніндегі нысан 2024 жылға өтпелі.
Ақбастау елді мекеніндегі ауыз су жүйелеріне қайта құру жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленген. Сала мамандарының мәлімдеуінше, қазіргі уақытта министрліктермен бірлесіп, қаржыландыру көздері қарастырылуда.
Ал, Боралдай елді мекеніндегі ауыз су жүйелеріне қайта құру жұмыстарын жүргізуге әзірленген жобалау-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Сонымен қатар, 8 елді мекеннің ауыз су жүйесін қайта құру үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Уақыт өте келе су қоры азайған 15 елді мекеннің жер асты су қорын іздеу-барлау жұмыстары жүргізілуде.Барлау жұмыстарының қортындысымен жаңа ұңғыма қазу жұмыстары қолға алынады.Ауыз су жүйесімен қамтылмаған Жаңаталап, Жұлдыз елді мекендерінің жер асты су қорлары зерттелуде.
Реті келгенде айта кетейік, облыста елді мекендерінің сапалы инфрақұрылыммен қамтылуына ауқымды мониторинг жұмыстары жүргізіле бастады. Бұрын-соңды болмаған бұл шара барысында ауыз су, табиғи газ және электр қуатымен қамту саласы егжей-тегжейлі сараптамадан өтуде. «Нәтижесінде облыс аумағындағы елді мекендердің инфрақұрылыммен қамтылу төлқұжаты әзірленеді. Анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстары жауапты адамдарға жүктеледі», — дейді сала мамандары.
Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің баяндауынша, басқарма тарапынан мониторинг жүргізу жөнінде хат «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС, «Казтрансгаз» АҚ ТӨФ, Су беруші мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға жолданған.Сапалы табиғи газбен қамтылу барысына да, электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша да нормативтік талапқа сәйкес емес қосылған абоненттер саны, орнатылған трансформатордың қуаты, электр, орнатылған газ, су желілерінің техникалық жағдайы бойынша толық мәлімет алынады.
Ауыз сумен қамтамасыз ету саласында атқарылатын жұмыстар да ауқымды. Биыл жалпы құны 51,5 млрд. теңгеге 66 нысан құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 46 нысанның құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Қалған нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі.
Нәтижесінде су құбыры мүлдем жоқ 18 елді мекен (Бәйдібек – 1, Сарыағаш – 7, Келес – 4, Қазығұрт – 1, Ордабасы – 4, Отырар –1) ауыз сумен қамтамасыз етіліп, 12 елді мекеннің (Жетісай – 1, Бәйдібек – 2, Қазығұрт – 1, Төлеби – 4, Мақтаарал – 1, Ордабасы – 1, Түлкібас – 2) тозығы жеткен су жүйелері қайта жаңартылады. 2023 жылдың қорытындысымен 833 елді мекеннің 738 елді мекені ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі.



