Өңірімізде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бірқатар шаралар қолға алынған болатын. Алдымен «Ауыл – ел бесігі» жобасының мемлекет тарапынан ауылдарды дамытуға арналған үлкен мүмкіндік екенін айта кетейік. Соның ішінде әсіресе, ауылдар мен елді мекендердегі инфрақұрылым жүйелерін жақсартуға ерекше көңіл бөлінуде. Сала мамандарының мәлімдеуінше, Түркістан облысы бойынша 2023 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 163 елді мекенде 337 жобаны іске асыруға бюджеттен 31,0 млрд. теңге бөлінді. Оның 97-сі өткен жылдан өтпелі болса, 240-ы – жаңа жобалар. Осы арқылы денсаулық сақтау саласында – 11, білім беру саласында – 17, спорт саласында – 18, мәдениет саласында – 21, ауыз су – 2, газдандыру – 24, электрмен қамту – 22 және жол жөндеу саласында 222 жоба жүзеге асады.
Жоғарыда аталған жоба аясында ауылдар мен елдімекендердің инфрақұрылымдық жүйелерін жақсартуға баса көңіл бөлініп отырғанын айтып едік. Қазіргі таңда аудан әкімдері ауылдарды аралап, онда атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысуда. Мәселелер бойынша тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар беруде.
Айталық, жақында Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов Ақсукент ауылдық округінің тұрғындарымен кезекті кездесу өткізді. Жиында әдеттегідей сапалы ауыз су, жол белгілері, санитарлық тазалық сынды мәселелер баяндалып, атқарылған істер мен келешектің жоспарындағы жұмыстар айтылды.
Әкіммен кездесуге келген жұрт үшін бұл айтылғандар емес, бүгінгі күні толғандыратын мәселелер маңыздырақ болды. Солардың бірі –Тәжиев Асылбек. Оның сөзінше аудан орталығындағы бағдаршамдар жиі өшіп қалады, онымен қоса мектеп маңында жол белгілері (лежачий полицейский), жаяу жүргінші жолағы орнатылмаған. «Бұл – бірінші кезекте балалардың өміріне қауіп төндіреді», — дейді ауыл тұрғыны. Аудан әкімі тұрғынның мәселесін тыңдап, тұшымды жауап берді.
«Бұл өзекті мәселе. Биылғы жылы біз қауіпсіздік мақсатында ауданда 5 сергек камерасын орнаттық. Шымкентке барар жолда 2-3 мектеп бар. Біз бұл өте қауіпті аймақ екенін білеміз. Келесі жылы тағы 20 қауіпсіздік камерасын орнатуды облысқа ұсындық. Бұл ретте, полиция мен ТҮКШ бөлімдеріне тексеру (ревизия) жүргізіп, тағы қанша бейнебақылау камерасы қажет екенін жедел анықтау қажет! Ал ТҮКШ бөлімі тиісті орындарда жол кедергілерін орнату мәселелерімен айналысуды тапсырамын», — деді А.Сәбитов.
Аудан орталығында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «инватакси» бюджет есебінен іске қосылды. Бүгінде екі автокөлік қызмет көрсетуде. Бұл II-тоқсандағы көтерілген мәселелердің бірі болатын.
Жалпы аудан көлемінде ауыз су мәселесі жиі айтылады. Бұл бағытта Ақсу ауылында орналасқан көп қабатты тұрғын үйлерге қазылған су ұңғымасы іске қосылды. Ал, биыл Астана даңғылынан қосымша су «скважинасы» қазу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, «Торнадо» су ұңғымасын жөндеуге жергілікті бюджет есебінен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүруде. Бұл шаралар – сапалы ауыз су мәселесін шешпек.
Сонымен қатар, Арман Сәбитов Қайнарбұлақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу басында ауыл әкімі Е. Дүйсебаев II тоқсанда көтерілген сұрақтар мен ұсыныстардың орындалуы бойынша ақпарат берді.Аталған жиында Қасымбек датқа ауылының биі Жаңақұрылыс аумағындағы көшелерде тас төселмеген, алдағы күз мезгілінде қарапайым тұрғындар қиындықтарға тап болатындығын жеткізді. Сондай-ақ, былтыр Зияев көшесінің жартысына электр жарығы тартылған болса, ал жартысы сол күйінде қалып кеткендігін айтты.
Қазіргі таңда ауылдық жерлерде шешімін табуды күткен мәселелер жетерлік. Көтерілген өзекті проблемалардың бірі – жол, қоғамдық көлік пен сапалы ауыз су. Бұл жұмыстар бойынша аудан басшысы А.Сәбитов нақты қандай шаралар қабылданып жатқандығына тоқталды.
— Бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін, бірақ, кезінде жер учаскелері инфақұрылымсыз таратылып берілген. Салдарынан аудан бойынша 8 Жаңақұрылыс аумағында – ауыз су, электр жарығы, жол сынды мәселелер туындауда. Мәселен, тек Қайнарбұлақтағы барлық мәселелерді шешуге 6.6 млрд ақша қажет. Сондықтан, тұрғындар назарына – біз көтерілген мәселелерді кезең-кезеңмен шешетін боламыз. Яғни, газ, ауыз су мен электр жарығы, ал одан кейін жол салынатын болады. Мен қазір ауыл аймақтың барлығын аралап жүрмін. Біз инфақұрылым проблемаларынан кейін жаңа мәдениет үйі сынды қажеттіліктердің орнын толтыратын боламыз, — деді аудан әкімі Арман Сәбитов.
Мұнда соңғы уақытта тұрғындар арасында жиі көтеріліп жүрген мәселелердің бірі – ағын су. Олар «Әсіл арық» каналын бетондап, Ақсукенттен 2 куб су жіберуін сұрады. «Ауылда шаруа қожалықтары, одан бөлек әр үйде бау-бақша бар», — дейді қайнарбұлақтықтар.
Айта кетейік, бүгінде ауданда 53 канал бар, оның 47-і мемлекеттің меншігінде. Осы ретте, әкімдік тарапынан облыстағы Ауыл шауарылық басқармасына қарасты «Тұран су» мекемесіне биыл 8 каналды бетондауға ұсыныс жолданған. Келер жылы тағы өзге де каналдар қамтылатындығы белгілі болды.
Ауылда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен «Шымкент-Шаян» бағытындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолы бойына (Қасымбек датқа ауылына кіре беріс жердегі Ошақты және Шіркін елді мекендеріне бұрылысқа) арнайы жол белгілері орнатылды. Қасымбек датқа ауылына кіре беріс жеріне (бұрылыс аумағындағы жол ортасына) арнайы жол сызықтары сызылды.
Аудан басшысы Арман Сәбитов айтылған әрбір мәселені назарға алып, шешу үшін бар мүмкіндікті пайдаланатынын айтты. Есептік жиын соңында тұрғындар жеке мәселелері бойынша әкімнің қабылдауына кіріп, көкейде жүрген сауалдарын қойды.
Реті келгенде айта кетейік, Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17 500 шақырымнан асады. Республикалық маңызы бар жолдың үлесі – 723 шақырым, жергілікті маңызы бар жол 5 755 шақырым және елді мекен көшелері 11 мың шақырымнан асады.
Биылғы жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 41,1 млрд. теңге бөлінген. Құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 587 нысан немесе 1521,1 шақырым жолдар мен көшелерді қамту жоспарлануда. Жыл қорытындысымен 534 нысан, яғни 1237,2 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделген.
Сонымен қатар, өңірімізде биылдан бастап елді мекендердің сапалы инфрақұрылыммен қамтылуына ауқымды мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Бұрын-соңды болмаған бұл шара барысында ауыз су, табиғи газ және электр қуатымен қамту саласы егжей-тегжейлі сараптамадан өтеді. Нәтижесінде облыс аумағындағы елді мекендердің инфрақұрылыммен қамтылу төлқұжаты әзірленеді. Анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстары жауапты адамдарға жүктеледі.
Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің баяндауынша, басқарма тарапынан мониторинг жүргізу жөнінде хат «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС, «Казтрансгаз» АҚ ТӨФ, Су беруші мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға жолданған. Сапалы табиғи газбен қамтылу барысына да, электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша да нормативтік талапқа сәйкес емес қосылған абоненттер саны, орнатылған трансформатордың қуаты, электр, орнатылған газ, су желілерінің техникалық жағдайы бойынша толық мәлімет алынады.
Ауыз сумен қамтамасыз ету саласында атқарылатын жұмыстар да ауқымды. Биыл жалпы құны 51,5 млрд. теңгеге 66 нысан құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 46 нысанның құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Қалған нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі. Нәтижесінде су құбыры мүлдем жоқ 18 елді мекен (Бәйдібек – 1, Сарыағаш – 7, Келес – 4, Қазығұрт – 1, Ордабасы – 4, Отырар –1) ауыз сумен қамтамасыз етіліп, 12 елді мекеннің (Жетісай – 1, Бәйдібек – 2, Қазығұрт – 1, Төлеби – 4, Мақтаарал – 1, Ордабасы – 1, Түлкібас – 2) тозығы жеткен су жүйелері қайта жаңартылады. 2023 жылдың қорытындысымен 833 елді мекеннің 738 елді мекені ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі.
2023 жылы газбен жабдықтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс аумағында жалпы құны 60,3 млрд. теңге болатын 100 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 70 нысанның құрылысы аяқталады, қалған 30 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі. Нәтижесінде биыл 56 елді мекеннің 145 мыңға жуық халқы табиғи газ пайдалануға мүмкіндік алады.
Биыл халықты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін жалпы құны 47,2 млрд. теңге болатын 71 нысанның құрылысы жүргізілуде. 2023 жылы 40 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған, қалған 31 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі. Нәтижесінде жыл соңына дейін 47 елді мекендегі 122,3 мың тұрғын сапалы жарықпен қамтылады.



