Ақпараттық технологияның дамығаны бір жағынан пайдалы болса, екінші жағынан зиянын тигізуде. Айтайын дегеніміз, қоғамымызда интернет арқылы жасалынатын алаяқтық әрекеттер көбейіп барады. Нақты статистикалық деректерге жүгінер болсақ, 2021 жылы елімізде 19 мың интернет-алаяқтық қылмысы тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 20 мыңнан асып-жығылыпты. Өкінішке қарай, құзіретті органдар осыншама қылмыстың 3 мыңға жуығын ғана аша алыпты…
Құқық қорғау органдарында алаяқтық әрекеттермен тыңғылықты күресу үшін «Cyberpol» арнайы жедел-тергеу тобы құрылған болатын. Қазіргі таңда аталған топ мүшелері алаяқтық әрекеттерді болдырмау мақсатында бірқатар шараларды атқаруда. Мәселен, жақында Түркістан облысының полицейлері ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтар, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы күрес тиімділігін арттыру мақсатында республикалық «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.
Өңір полицейлері «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасының екі тәулігінде бұрын тіркелген 14 қылмыстық істің ашылғанын айтады. Сондай-ақ, шұғыл іздестіру шараларын жүргізу нәтижесінде Түркістан облысы мен Шымкент қаласы аумағында 10 дерек бойынша интернет-алаяқтық қылмысын жасап, жасырынып жүрген тұрғын анықталды.
Оқиғаны толығырақ баяндай кетейік, аталған күдікті әлеуметтік желілерге «Вахталық жұмысқа тұрғызып беремін» деген жалған жарнама салып, жәбірленушілердің сеніміне кіріп, тұрғындардың ақшасын өзінің таныстарының есепшотына аудартып отырған. Күдікті азаматтың қылмыстық әрекеттерінен жәбірленушілерге 1 200 000 теңгеге жуық материалдық шығын келген. Қазіргі таңда аталған жайт ҚР ҚК-нің 190 бабының 2-бөлігі «Алаяқтық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Астана қаласынан жеткізілген күдіктінің бұрын дәл осындай алаяқтық жасағаны үшін сотты болғаны анықталды.
Айта кетейік, соңғы үш жылда елдегі қылмыстық қудалау органдары әртүрлі қылмыс жасады деген күдікпен 3000-нан астам адамды іздеуде. ҚР Бас прокуратурасы ұсынған мәліметтерге сүйенсек, соңғы уақытта шет мемлекеттерде ұстау және оларды кейіннен Қазақстанға экстрадициялау шаралары тыңғылықты қолға алынып, соның нәтижесінде прокурорлардың үйлестіруімен 500 адам анықталып, қамауға алынды.
Қазір 2500-ден астам адам ұстауға жатады. Негізінен ішкі істер органдарының желісі бойынша, алаяқтық жасағаны үшін 400, ұрлық үшін 250 адамға іздеу жарияланған.Ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деген 400 күдіктінің 250-і іздеу жарияланғаннан кейін ұсталды.
Шет мемлекеттермен жолға қойылған ынтымақтастықтың арқасында қылмыс жасап, іздеу жарияланған 600 күдіктінің жүрген жері анықталды. Олардың көпшілігі Ресей Федерациясында, Америка Құрама Штаттарында, Түркияда, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Қырғызстан мен Өзбекстанда және Украинада жасырынып жүр.
«Жалпы биылғы жылы қоғамда резонанс тудырған қылмыс жасады деген 6 күдікті ұсталды (4 – кісі өлтіру бойынша, 2-қаржы пирамидаларын ұйымдастырғаны үшін). Шетелдердің құқық қорғау органдарымен бірлесіп отырып, қалған азаматтарды ұстау бойынша іс-шаралар жүргізілуде» делінген Бас прокуратура таратқан ақпаратта.



