«Айбарлы – Ата заң» тақырыбымен бастау алған салтанатты шара қаладағы Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында өтті. 1995 жылдың 30 тамызы ҚР-ның Конституциясы қабылданып, ел тарихында алтын әріппен жазылған күн 28-ші рет атап өтілуде.
Мерекелік жиында қала әкімі Жандос Тасов құттықтау сөзге шығып, Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет, өркениетті қоғам құру жолында өз бағытын берік ұстанғанын, Ата Заңымыз бүгінде ел дамуы мен бірлігінің, азаматтар құқықтарының мүлтіксіз сақталуының кепілі болғанын тап өтті.
— Құрметті Кентау қаласының тұрғындарды сіздерді Конституция күнімен құттықтаймын. Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қазақстан халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алып, биік белеске көтерілгені осының айғағы. Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінеді. Жылдан жылға біздің басты құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, Келісім мен Бірлігіміз нығая берсін. Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін. Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын!, — деді қала әкімі Жандос Тасов.
Ата Заңымыз 1995 жылдың 30 тамызында жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданды. Ол 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады. Конституция «Жалпы ережелер», «Адам және азамат», «Президент», «Парламент», «Үкімет», «Конституциялық кеңес», «Соттар және сот төрелігі», « Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару», « Қорытынды және өтпелі ережелер» бөлімдерінен тұрады. Конституция – мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастырушы құжат. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Құрылымы преамбуладан, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрды.
1993 жылғы Конституцияның негізінде еліміз парламенттік республика моделінде болса,1995 жылы қабылданған Конститутция негізінде президенттік-парламенттік билікке көшті. 1995 жылы қабылданған Конституцияға 1998, 2007, 2011 жылдары бірқатар өзгерістер енгізілді.
Іс-шара барысында Жандос Қалмырзаұлы заңның нормаларының сақталуына белсенді атсалысып жүрген бір топ заңгерлерді, полиция, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар, мерекелік іс-шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Сондай-ақ, шара барысында әлемдегі ең ұзын Конституция кітабы жайында видеоролмк көрсетілді. Кітаптың авторы Кентау қаласының №1 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Тұрар Омаров.
Ұзындығы екі жүз метр, ені 80 сантиметр болатын кітапты мұғалім Ата Заңымыз аталып өтетін күні қарсаңында арнайы жасатқан. Бір ай бойы оның көлемін ойластырып, кейін жергілікті әкімдікке барып жоспарын жеткізіпті. Шенділердің қолдауымен 300 парақтан тұратын кітапты қазақ және орыс тілдерінде жасап шығарған. Рекортар кітабына енуге мүмкінді бар кітапты автор өз үйінде сақтап келді.