Кентаудағы жылуэнергоорталығының іргетасы осыдан 90 жылдай бұрын қаланған. Әбден тозығы жеткен қазандықтар, жылу жүйелері соңғы рет күрделі жөндеуден 2014 жылы өткен. Онда да орталықта үлкен апат орын алып, билік жаңалауға қаражат тапқан еді. Жөндеуді қажет ететін нысандар қатарына, тозығы жеткен Кентаусервис мекемесі де кірген еді. 14 мың тұтынушысы бар «Кентау сервис» МКК 226 көпқабатты үйді, 2200 жеке секторды, 106 бюджеттік мекеме, 4 мың коммерциялық нысанды жылумен қамтып отыр. Жылуорталығының мына бөлігі жапондықтармен 1934 жылы салынса, ал кірпішпен қаланған ғимараты 1952-1954 жылдары бой көтерген. Осы мәселе бойынша жуырда Кентау қаласы Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайының кіші залында «Кентау сервис» МКК жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және онымен жабдықтау қызметіне арналған тариф жобасын талқылау бойынша жария тындалды.
Аталған шараға Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Қанат Оралов, Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов, «Кентау сервис» МКК ЭЖБ басшысы Мұхтар Тұнғатов және Түркістан облысы бойынша тарифтерді бақылау комитетінің мүшесі, қала тұрғыны Анатолий Юлдашев қатысты.
Осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында өңірлердегі жер қойнауын игеру ісіне инвестиция тарту үшін заңнаманы және рәсімдерді барынша жеңілдету керектігін айтқан болатын. Сонымен қатар, үкіметке индустрия және жер қойнауын игеру салаларының инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсырды. Президенттің тапсырмасына сәйкес өңірдегі Кентау қаласында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі артып, жаңа негізгі капиталға тартылған инвестиция жобалар құрылуда. Кентау қаласына өткен жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 29,7 млрд. теңгені құрайды. Кентау қаласындағы кәсіпорынның негізгі проблемаларының бірі станцияның негізгі құрғылардың тозығы 85%-дан асып Қазақстан Республикасы бойынша қауіпті қызыл аймаққа енуі. «Кентау сервис» МКК №5 ЖЭО Кентау қаласының 347 көпқабатты және 2295 жеке тұрғын үйлерін, 106 бюджеттік мекемелерін және 441 коммерциялық нысандарын орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін жалғыз стратегиялық нысан. Бүгінгі таңда Кентау қаласындағы қолданыстағы магистральдық жылу желілерінің негізгі бөлігінің тозығы жеткен, жылу аралық кезеңде жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстары еш нәтиже бермеуде, соның салдарынан жыл сайын жылу беру маусымында жылу энергиясының тапшылығы байқалады, жылу желілерінде апаттық жағдайлар пайда болып келді.
МКК «Кентау сервис» ЖЭО-5 негізгі жылу көзі 1952 жылы Кентау қаласында жалпы ұзындығы 38,2 км жылу магистралдық желілері іске қосылған. Салынған сәттен бастап, яғни 1960 жылдардан бастап ұзындығы 16,5 шақырым болатын учаскеде күрделі жөндеу жүргізілді. Қаржы тапшылығына байланысты қалған 21,7 шақырымы ауыстырылмаған. Бүгінгі таңда магистральдық жылу желісінің тозуы 58 пайызды құрап отыр. Ал магистральдық жылу желілерінің тозығы әбден жеткен 6,6 шақырымы және 4 ОНС (кері қайтару насостары) қайта жаңғырту 2023-2024 жылдары жылу маусымында ауыстыру жұмыстары басталды. Осы жұмыстарға республикалық бюджеттен 4,1 млрд теңге қаражат бөлінді. Сондай-ақ ішкі орам құбырларының 130,8 шақырымының 60% тозығы жеткен, сол себептен 2024 жылға ішкі орам құбырларының 81 шақырымын ауыстыру жоспарлануда.
Жобаны жүзеге асыру қала халқын тұрақты және сапалы жылумен қамтамасыз етуге, қаланың абаттандыру дәрежесін арттыруға және мемлекеттік қызмет көрсету сапасының жақсаруына әкеледі. Облыстық және республикалық маңызы бар 106 нысан, бұл 15,0 мыңға жуық тұтынушыны үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жылу желiсiнiң қайта қалпына келтiрiлген учаскесiнде апаттық көрсеткiш 0-ге дейiн төмендеп, ысырап деңгейi жылу маусымына 7,5 мың Гкал, тозу 58%-дан 25-30%-ға төмендейдi. «Кентау Сервис» МКК-ң қазандықтар 1952-1958 жылдар орнатылған. Қазандықтарға ереже бойынша күрделі жөндеу жұмыстары әр 4 жылда жүргізілу керек екенін және кәсіпорындағы ауқымды күрделі жөндеу тек қана 2012 жылы ғана жүргізілген екен. Қазандық агрегаттарды соңғы 4 жылында пайдалану бойынша 2-дәрежелі 275 істен шығу орын алды. Істен шығудың негізгі себептері қазандықтардың қыздыру беттерінің коррозиялық тозу және қосалқы қондырғыларының механикалық тозуы. Бұл өз кезегінде қазандықтардың пайдалы әсер коэффицентінің 60-65 % болып құрылуына әкеліп соғып отыр. Жөндеу жұмысына дейін қазандықтардың жалпы тозуы 85 %-ға жеткен.
— Кәсіпорында тозығы жеткен 8 қазандықты бюджет есебінен қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда BI групп компаниясымен №7,12 қазандықтарының ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Кентау сервис» өз күшімен қазандықтарды күрделі (реконструкция) жөндеуге дайындық жұмыстары атқарылуда. 2023-2024 жылу маусымына дайындық мақсатында кәсіпорында орналасқан барлық 8 қазандықтарды кезек күттірмей тез арада қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде қазандықтардың тозуын төмендетіп, пайдалы әсер коэффицентінің жоғарлауына әкеліп соғады яғни тозуы 20 %-ға дейін төмендейді. Сонымен қатар, осы кезге дейін 4,7 шақырым құбыр ауыстырылды. Барлығы 8 қазандық жөндеуден өтеді, оның 4 ағымдағы жөндеу, 4 қайта құру (реконструкция) болып табылады. Қазандықтарды жөндеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Жылу маусымына дейін толық жөндеу жұмысы аяқталады деген сенімдеміз, — деді «Кентау сервис» МКК экономикалық жоспарлау бөлімінің басшысы Мұхтар Тұнғатов.
Бөлім басшысының сөзіне қарағанда қыркүйек айының соңына дейін график бойынша 4 қазандықтың жөндеу жұмысы бітеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ, жақын арада жылыту қазандықтары табиғи газға қосымайтын көрінеді. Жөндеу жұмыстары біткенен кейін жылуға төленетін тариф қымбатайтынын Мұхтар Тұнғатов тілге тиек етті. «Тариф орташа жіберу бағасы 7271,89 теңге/Гкал жоспарланған. Нақты тариф бағасы қаралуда. Қазан айында белгілі болады», — деп атап өтті бөлім басшысы.
Станция жұмысының тұрақтылығын артып, тұтынушыларды сапалы жылу энергиясымен қамтамасыз етуіне өз әсерін береді. «Кентау сервис» МКК-ның ұсынған тарифтік сметасы және инвестицилық бағдарламаның өтінімі қаралып бекітілген жағдайда «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатын іске асыру мақсатында жылу энергиясынан түскен қаражаттар жылу желілерінің және қазандық қоңырғыларын жөндеу жұмыстарына және апатты жағдайларды болдырмауға, жылудың сапасын жоғарылатуға бағытталады.
Сонымен қатар, қала тұрғыны Анатолий Юлдашев жылу тарифтеріне байланысты көптеген сұрақтарды көтерді. Сондай-ақ, «Кентау-Сервис» МКК басшылығына қағаз жүзінде көрсетілген сұрақтарына жауап беруін талап етті.
— Мен аталған департамент басшыларына қойған сауалыма жауап беруін сұраймын. Жылу маусымында тарифтердің бағасы көтеріліп отырады. Біз халықтың қамын көбірек ойлауымыз керек. Мен Кентау қаласының тұрғынымын. Сондай-ақ, Түркістан облысы бойынша тарифтерді реттеу комитетінің мүшесімін. Осы комиттетің мүшесі болғандықтан тарифтерде орын алған келеңсіздіктерге бей-жай қарай алмаймын, — деді Анатолий Юлдашев.
Сонымен қатар, «Кентау-Сервис» МКК қызметкерлерінің жалақасының аздығы да көтерілді. Осы сауалға жауап берген «Кентау сервис» МКК экономикалық жоспарлау бөлімінің басшысы Мұхтар Тұнғатов осы мекемеде жұмыс жасайтын қызметкерлерді қуантып та қойды. Алдағы уақытта мекеме қызметкерлерінің жалақысы 15-20% көтерілу жоспарлануда екенін бөлім басшысы атап өтті.
Бастапқыда Ащысай комбинатының меншігінде болған «Жылуэнергорталығы» бірнеше рет жекеге өтіп, 2011 жылы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын болып құрылды. Өткен ғасырдың 30 жылдары іргетасы қаланған ЖЭО-5 мекемесінің қазандықтар, жабдықтар және шаһар аумағындағы магистралды жылу құбырлары әбден тозығы жеткендіктен 2012 жылы сыр берген. Апаттың салдарынан жылусыз қалған Кентауда төтенше жағдай жарияланып, шұғыл штаб та құрылған еді. Кезекті апаттың алдын алу мақсатында 2014 жылы орталықта күрделі жөндеу жүргізілді. Қаржының тапшылығы салдарынан мекеме соңғы алты жылда тек ағымдағы жөндеумен шектеліп келеді. Негізі елімізде жылу беру жүйесіне капремонт 5 жылда жүргізіліп тұру керек екен. Мерзімдері өтіп кетіп жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жылу жүйесінің қазандықтары қыста сыр беріп, апатты жағдай орын алмайды деген үміттеміз. Сондай-ақ, жөндеу жұмыстарын қолға алған мердігерлер жылу маусымы басталғанша жөндеу жұмыстарын бітіреміз деп отыр.
Талай қиындықтарды бастан кешкен кентаулықтар бүгінде барлық мүмкіндікті пайдаланып жөндеу жұмыстарына атсалысуда. Кеншілер қаласы тұрғындарының тілеуі бір 2023-2024 жылғы жылу маусымы еш күрделіксіз апатсыз өтсе дейді. Ал үкімет тарапынан берілген тапсырма ойдағыдай орындалса, кентаулықтар жылусыз қалмайтын болады.