Бүгінгі күні де ата-баба дәстүрі жаңғырып, ұлттық киім өндірісі өзіндік жалғасын тауып келеді. Ықылымда әже-аналарымыздың киіз басып, текемет тоқуы, ұршық иіріп, жүн түтуі үлкен мейрамға бергісіз өтетін. Жаулықтының жасы мен жасамысы жиылып істеген істе мол мағына берер екенін бүгін ұғып отырмыз. Өйткені наурыз сияқты мерекеде киіп, тойда тарту ететін ұлттық киімдерімізді кию былай тұрсын, арман-мұраттан құралған оюларды онша түсіне бермейміз. Ал соңғы жылдары осы қазақтың ұлттық киімдеріне сұраныс күн санап артып келеді. Ұлттық үлгідегі киімдердің құндылығын сол қалпында және бүгінгі заман талабына сай дайындап келе жатқан кентаулық тігіншінің бірі Ботагөз Бейсембекова.
Біздің кейіпкеріміз Кентау қаласында «тігін шеберханасы» жобасы аясында грант ұтып алды. Бүгін де ол мемлекеттік қолдаудың арқасында ұлттық киімдердің түр-түрін тігуді қолға алып, кәсібін жүргізіп отыр. Оның тігін шеберханасында ұлттық үлгідегі тарихи, заманауи ерлерге және қыз-келіншектерге арналған түрлі ұлттық киімдер тігіледі.
Жоғары экономикалық білімі бар болса да, ол қазір тігіншілікті өзіне кәсіп етіп жүр. Қаржылық есеп-қисапты шебер меңгерсе де, ата-бабасынан жалғасып келе жатқан тігіншілік кәсіппен айналысуға біржола бел байлайды.
Алғаш рет Ботакөз моншақ, тастар және бисермен кесте тігуді қызығушылықпен бастаған. Кейін сол еңбекқорлығы киім тігуге деген ынтасын арттырып, 6 жылдан бері ұлттық киімдерді тігумен айналысып келеді. Оның осы тастарға, ұлттың құндылығына деген қызығушылығы қазақы киімдерді пішуде үлкен пайдасы тиіп жатқандығын айтады. Халқымыз бұрын ұлттық киімдерді тек мерейлі тойларда, құттықтау-салтанатты мерекелік іс-шараларда ғана киіп не қонақтарға сыйға тартса, қазіргі таңда күнделікті киіп жүруге шапан, белдемше, камзол, кеудеше, кәжекей, жеңіл жейделерге сұраныс артқан. Ботагөз аталған киімдерді киіп жүруге ыңғайлы етіп тігіп, кез-келген ортаға бара алатындай етіп тұтынушының талғамына сай жасап береді. Түрлі тастармен оюлап тіккен дүниелері көздің жауын алады. Тігінші қыз ұзату мен жас келіндерге де тапсырыс алып, ерекше өрнектелген үлгіде тігіп береді.
Ботагөз ұлттық киімдерімізді насихаттап жүрген патриот, шебер тігінші. Алматы, Астана, Отырар қалаларында өткен дүниежүзілік қолөнер көрмелерінде ұлттық нақышта тіккен киімдерін көрсетіп, талай марапаттарға ие болған.
— Әрбір қыз тігін тігуді ең алғаш анасынан үйренеді, сол секілді киім тігуді анамнан үйрендім. Осы салаға келуіме оның септігі көп тиді. Бастапқыда бухгалтер болып жұмыс істей жүріп, тігіншілікті хобби ретінде алып жүрдім. Бүгінде ұлттық киімге деген сұраныс жоғары. Сұраныс көбейген сайын әзірленетін киім үлгілерін қайталанбайтындай етіп дайындаймын. Жалпы, әр оюдың өз мағынасы болады. Қазір оюды жөнсіз пайдалана беретін болған. Бұл — мүлдем дұрыс емес. Әр оюдың өз орны, әр киімнің өз мағынасы болады деп үнемі айтып жүремін. Және осы принципті өз туындыларыма да қолданамын, — деді Ботагөз Бейсембекова.
Ботагөз қазір қыз ұзату тойларына қалыңдықтардың көпшілігі ұлттық киімімізді таңдайтынын айтады. Ол әрбір келген қалыңдыққа сәукеленің тарихын, оның маңыздылығын түсіндіруден жалықпайды.
— Сәукеле — қазақ халқының негізгі атрибуты. Сәукелесіз қалыңдықты көзге елестету мүмкін емес. Бұрын ата-бабаларымыз ұзатылып бара жатқан қыздың тегін, әлеуметтік жағдайын оның басындағы сәукелесіне қарап-ақ білген. Өйткені әрбір рудың өз оюы осы сәукеледе бейнеленген. Қазір сәукелеге көп адамдар мән бермейді. Сондықтан бізге келген қыздарға сәукеленің тек сәндік үшін емес екенін айтып, оның мәнін ұғындыруға тырысамын, — дейді тігінші.
Оның айтуынша, ұлттық ою-өрнектердің өзі өсімдіктер, жануарлар, геометриялық және ғарыштық түрлерге бөлінеді.
— Қазір тігіншілер көбінесе ұлттық киімге ою-өрнектің өсімдік және жануарлар тәріздес түрін көп пайдаланады. Жануарлар тәріздес ою-өрнектердің негізі — қошқармүйіз. Қошқармүйіз — қойдың төбесі мен екі жаққа иіріле түскен мүйіз бейнесінде кескінделетін ою-өрнек. Біз осы оюды өз ой-қиялымызбен жалғастырып, үндестіруге тырысамыз. Ою-өрнектің өсімдік тәріздес түрлерінде біз өз тәжірибемізде көбінесе жапырақ, гүлдерге ұқсас өрнектерді жиі пайдаланамыз. Табиғатқа қарап-ақ, ұлттық ою-өрнектеріміздің негізінде өз қиялыңнан түрлі ою ойлап табуға болады. Ата-бабаларымыздан мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай, қастерлеуіміз керек, — дейді Ботагөз.
Ісмер қазіргі жастардың тақия, қажеке және тағы басқа бұйымдарға қызығушылық танытқанына бек қуанышты. Бір айта кетерлігі, Ботагөздің тігін машықтары машинкада емес, қолмен жасалады екен. Өйткені қолмен тігілген дүние тігін машинасының жұмысына қарағанда нәзігірек, шынайырақ дейді шебер.
— Елімізде этностильдегі киімдеріміздің дамуына өз үлесімізді қосып, барлығымыз дәстүрлі киімдерімізді заманауи үлгіде киіп жүретін күнге жетіп, ұлттық киімдеріміз ұлттық брендке айналғанын көргім келеді. Сол жолда еңбек ете беретін боламын. Мен ұлттық киімдерімізге деген құрметті, мақтанышты жандандырғым келеді. Қазақстандықтардың күнделікті өмірінде қазақтың ұлттық киімін киіп жүру әдетін сіңіру – нағыз қазақ костюмін көрсету. Ол үшін қазақстандықтар дайын киімді қолайлы бағамен сатып ала алатын моноқалада дүкен ашқым келеді, — дейді Ботагөз.
Тігіншінің сөзіне қарағанда әр оюдың түсі мен түрінде өзіндік мән бар. Бұрынғы уақытта әжелер оны бейберекет тіге бермеген. Әрбір жібін сабақтап отырып дұғасын айтып, соған сәйкес оны әдіптеген. Тек Қазақстанда ғана емес әлемнің барлық елдерінде мемлекеттің ұлттық құндылықтарына деген сұраныс артып келеді. Өзгелерді әлемдік брендтермен таң қалдыра қою екіталай. Ал ұлттық нақыштағы киімдер әрқашан сәнде. Ата-бабамыз киім тігу барысына аса қатты көңіл бөлген. Әр киімді киюдің өзіндік әдебі қалыптасқан. Тіпті киімге салынатын ою-өрнекке дейін жіті қадағалап, әр қайсысының мағынасына терең үңілген. Ұлттық киімнің түрлерін дайындауда көшпелі қазақ халқы төрт түлiк малдың жүнi мен терiсiн пайдаланған. Жүндi иiрiп, мал терісін илеп күнделікті киетін киімдерін дайындаған. Бүгінгі күні де ата-баба дәстүрі жаңғырып, ұлттық киім өндірісі өзіндік жалғасын тауып келеді.
– Алғашында қазақ қызының гардеробын жасау идеясын 2016 жылы қолға алдым. Осы мақсатпен қазақтың ұлттық киімдерін тігуді әртүрлі дизайнерлердің курсынан және көп ізденістің арқасында іске асырдым. Мен қазақ дәстүрлерін қайта жаңғыртып, қалпына келтіргім келеді. Мен өзімнің әлеуметтік парақшамда ұлттық стильді қалай ұстану керектігін көрсетемін, бірақ бұл ретте заманауи талаптарға сай болуды ұмытқан жоқпын. Яғни бұрынғы мен бүгінгіні үндестіруге ұмтылыс жасадым, – дейді Ботагөз Мұратқызы.
Қазіргі таңда қазақтың ұлттық нақыштағы киіміне қызығатындардың саны күн санап артып келеді. Бір өкініштісі оны тіктіруге екінің бірінің қалтасы көтермейді. Себебі, ұлттық нақышта тігілетін киімдердің матасы, моншағы, оюлары да қымбат тұрады. Қазақы нақыштағы киімнің орташа бағасы 25 мың теңгеден басталады. Киімнің дизайны мен моншағына қарай бағасы да көтеріледі. Былтырдан бері жастар арасында ұлттық киіммен фотосессия жасау жақсы үрдіске айналды. Әсіресе, жас жұбайлар той алдында этностильдегі ұлттық киімдерді жалға алады. Мәселен, бір костюмді жалға алу құны 15 мың теңгеден басталады. Ал сәукеле мен кәжекейдің өзі 5 мың теңгеден.
— Қазақтың көне ұлттық киімдеріндегі ою-өрнектерді сақтай отырып, күнделікті гардеробымызды ұлттық үлгіде тігілген киімдермен толтыруға болады деп ойлаймын. Ұлттық үлгіде тігілген киім арқылы жастардың бойына патриоттық сезім ұялатамыз. Отандық өндірісті қолдай отырып, экологиялық таза материалдан тігілген киім мен әшекейлерді киюге жол ашу керек. Шетелдерге өзіміздің ұлттық элементтері бар сапалы киімдерімізді ұсына отырып, отандық өнімдерімізді экспортқа шығаруға барлық күш-қуатымызды салсақ жөн болар еді, — дейді Ботагөз.
Өзінің жеке талғамы бойынша тапсырыс бергісі келген адам, ең алдымен тікелей дизайнер-тігіншімен жұмыс істейді. Өзінің қалауын жеткізіп, қандай мақсатта киетінін айтады. Ал Ботагөз тапсырыс берушінің көкейіндегіні дөп басу үшін киім үлгісін алдымен қағаз бетіне түсіреді. Дайын болған үлгіге жан бітіру үшін мата мен өнімді таңдау жұмыстары басталады. Бүгінде Ботагөздің тігін шеберханасында тігілген ұлттық киімдерді республикамыздың әрбір өңірінің тұрғындары ерекше ықыласпен қабылдап, арнайы тапсырыспен тіктіреді. Арнайы тапсырыспен тігілген киім міндетті түрде сымбатыңызға сән береді. Өйткені сіздің дене бітіміңіздің әрбір ерекшелігі есепке алынады, әрі өз қалауыңыз бойынша тіктіре аласыз. Қазақ өнерінің қайталанбас көрінісі бар ұлттық киімдерге тапсырыс берерде әрбір ұсақ-түйек жұмыстарға дейін мән бергеніңіз жөн.
Шебердің инесі де, күймесі де – алтын демекші тапсырыс берушінің талғамына сай келетін ұлттық киімнің қалай дайындалатынын Ботагөздің шеберханасындағы көздің жауын алатын сәнді ұлттық нақыштағы киімдерді көрдік. Ботагөздің еңбегіне береке берсін, Қазақтың сал-дәстүрін әспеттеген ұлттық нақыштағы брендттік киім үлгілерін әлемге танытуына тілектеспіз!
Раушан НАРБЕК