Бүгінде Кентауда көп қабатты тұрғын үйлерде күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Тұрғын үй-коммуналдық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында да бірқатар шаралар қолға алынған. Бұл туралы айтпас бұрын алдымен Кентау қаласында қанша көпқабатты үйдің бар екеніне тоқталайық. Қазіргі таңда қалада көпқабатты 376 тұрғын үй бар. Оның 344-і қалада, ал 3-і ауылды жерлерде орналасқан. Оларға жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді.
Мәселен, 2014 жылы бюджеттен қарастырылған 67 288,0 мың теңгеге көпқабатты 9 тұрғын үйдің шатыры күрделі жөндеуден өткен болатын. 2017 жылы 452 318,0 мың теңгеге көпқабатты 35 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Жалпы тұрғын үй-коммуналдық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірде көпқабатты 132 тұрғын үйге күрделі құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. 2020 жылға облыстық бюджеттен көпқабатты 32 тұрғын үйге 1 064 534 мың теңге, 2021 жылы республикалық бюджеттен 3 251 452,0 мың теңге қаржы қаралып, тиісті жұмыстар қолға алынған-ды.
Жалпы 2014-2021 жылдар аралығында Кентау қаласы бойынша 211 көппәтерлі тұрғын үйлер 5,8 млрд. теңгеге күрделі жөндеуден өтті.Күрделі жөндеуді қажет ететін 92 көпқабатты тұрғын үйлердің ішінен 2023 жылға 55 көпқабатты тұрғын үйге республикалық бюджетті қалыптастыру барысында 1,57 млрд. теңге қаржы қаралып, қазіргі таңда 55 көпқабатты тұрғын үйлердің жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың соңында аяқтау жоспарланған.
Қалған 37 көпқабатты тұрғын үйлердің күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 1,56 млрд теңге қаржы 2023 жылғы республикалық бюджетті қалыптастыру барысында қаралды. Аталған нысандардағы құрылыс жұмыстары келер жылы қолға алынатын болады.
Айта кетейік, бүгінгі күні Кентау қаласында пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 18501 шаршы метрді құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 140,7%-ды құрады. Оның ішінде тұрғындар есебінен — 18501 ш.м, 40,7% (2022 жылдың 6 айында тұрғындар есебінен – 13146 ш.м).
Жақында облыс әкімі Дархан Сатыбалды Кентау қаласына іссапармен барып, тұрғындармен кездескен болатын. Шаһар халқымен есептік кездесуге келген өңір басшысы көпқабатты тұрғын үйлерге жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын пысықтады. Аулаларды аралап, кентаулықтардың ұсыныс-талаптарын тыңдады.
— Біз сіздерге қолайлы жағдай жасап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуіміз керек. Өздеріңізбен биыл ақпан айында кездескен болатынбыз. Сол кезде қаланың маңызды мәселелері көтерілді. Оларды жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, тұрғындар көтерген көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына «Воркаут» спорт алаңдары салынып жатыр. Лоток және дренаж жүйелерін салу мәселесі бойынша 11 ұңғыма қазылып, су бұру бойынша 6 шақырымға монтаждау жұмыстары жүргізілді. Жұмыстар жалғасуда. Қаратау мөлтек ауданына инфрақұрылым жүргізу жайы сұралған болатын. 8 шақырым кәріз жүйесін және 11 шақырым жол салу қажет. Бұл бойынша Ұлттық экономика министрлігімен қаржы қарастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын 2024 жылы бастау жоспарланып отыр. Өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай, кейбір мәселелерді шешу үшін бюджеттен қаржы қарастыру қосымша уақытты қажет етеді. Бірақ, өзекті мәселелердің барлығы өз шешімін табатын болады, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Кездесуде айтылғандай, Кентауда алдағы уақытта көпқабатты тұрғын үйлер салынып, 377 тұрғын үй сапалы инфарқұрылым жүйесімен қамтылады. Апатты деп танылған 47 кентаулық азаматты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 451 млн. теңге бөлініп, баспана сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы қалада 2023 жылдың 6 айында жүргізілген құрылыс жұмыстарының көлеміне тоқталар болсақ, былтырғы жылдың алты айында бұл көрсеткіш 1958,2 млн. теңгені құраған болса, биыл 3659,5 млн теңгеге жетіп отыр. Соның негізінде тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстарынан бөлек бірқатар ауқымды шаралар атқарылды.
Орайы келгенде олар туралы да айта кетейік, Шұғыла мөлтек ауданының №6, №7, №8 көшелеріне инженерлік инфрақұрылым құрылысы бойынша Сыртқы сумен қамту, электр желілері, газбен қамту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Қарнақ ауылы “Дүйім-Тума”, “Қанайұлы”, “Маклик” учаскілеріне инфрақұрылым салу нысандарының құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, сынақтан өткізу шаралары атқарылды. Қазіргі таңда аталған нысандарды қабылдауға тиісті құжаттар рәсімделуде. Жол бөлігінде өндірістік кестеге сәйкес құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Мұнан бөлек Кентау қаласындағы Ш.Уалиханов көшесінде 5-қабатты 60-пәтерлі тұрғын үйлердің жобалау-сметалық құжаттамаларының мерзімі өтуіне байланысты қайта түзету жұмыстары жүргізіліп, сараптама қорытындысы алынған. Қазіргі таңда, кредиттік тұрғын үй бағдарламасы аясында қаржыландыру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Қаладағы «Бүргем-2» (171 га) мөлтек ауданындағы инженерлік инфрақұрылым құрылысы нысанына жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Ауыз су жүйесі бойынша 15.06.2023 жылы сараптама қорытындысы алынып, қаржыландыруға бюджеттік өтінім жолданды. Газбен жабдықтау, жол бөлігі, кәріз жүйелері бойынша сараптамаға енгізілген.
Кентау қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің (ФОК, ДЮСШ) құрылысына жобалық сметалық құжат әзірлеу үшін, бастапқы құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Жеңімпаз мекеме «MS Industrial» ЖШС-гі болып табылды.
Қарнақ ауылы Ақын-Тұма және Көлбасы елді мекендеріне инженерлік инфрақұрылым құрылысын жүргізу үшін ЖСҚ-сын әзірлеу мақсатында конкурс жарияланып, конкурс жеңімпазы «Эгида-КZ» ЖШС-мен келісім-шарт түзілді. Жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеуге тиісті жұмыстар атқарылуда.
Кентау қаласындағы Абылайхан көшесі №2/10 мекен-жайда орналасқан «Динамо» стадионын қайта құру нысанына ЖСҚ әзірлеу мақсатында мемлекеттік сатып алу порталында конкурс жарияланды. Жеңімпаз мекеме «А Строй Проект» ЖШС-гі болып табылады.
Бүгінгі таңда Кентауда адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты 25 (2 жекеменшік) мектеп, 33 (19 жекеменшік) балабақша, 3 мектептен тыс мекеме жұмыс істейді. «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 1500 орындық 2 мектеп құрылысы үшін орындар анықталып, жобалаушы мекеме тарапынан жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізілуде.
Атай кетейік, олар:
Кентау қаласындағы Ш.Уалиханов көшесі №133 мекенжайдан 1200 орындық мектепке инженерлік инфрақұрылым тарту құрылысы;
Кентау қалас ыШұғыла мөлтек ауданы Әбілхайырхан көшесіндегі №170 мекенжайдан 1200 орындық мектепке инженерлік инфрақұрылым тарту құрылысы.
Кентау қаласында 4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 1 МЖӘ (мемлекеттік-жекешелік әріптестік) аясындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 1 спорт клубы және 1 жан басына шаққанда қаржыландыратын жеке кәсіпкерлер (Пак Натальяның көркем гимнастика орталығы) жұмыс істейді.Сондай – ақ, қалада 184 спорт ғимараты бар. Оның ішінде1500 және одан жоғары орынға арналған трибунасы бар 2 стадион, 3 спорт кешені, 3 атқыштар тирі, 38 спорт зал, 129 жазықтықты құрылғылар (110 спорт алаңдары, 18 алаңдар), 2 спорттық манеж, 2 теннистік корт және 4 жүзу бассейні орналасқан.
Кентау қаласы және оған қарасты ауылдарда 5 клубтық мекеме (қалалық мәдениет сарайы -1, ауылдық клубтар -4), 10 кітапханалар (оның ішінде 6 қалалық, 4 ауылдық), 1 тілдерді оқыту және дамыту орталығы халыққа қызмет көрсетеді.Жергілікті бюджет есебінен Кентау қалалық орталық балалар кітапханасының ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы қаралып, заң талаптарына сәйкес 6 899,0 мың теңгеге келісімшарт жасалып, жөндеу жұмыстары жүргізілді.