Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Кентау қаласының тұрғындарымен кездесуінде «Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуіміз керек» деген болатын. Бүгінде кенді шаһарда осы мақсатта бірқатар шаралар атқарылуда. Солардың бірі ретінде қаладағы Қ.Яссауи даңғылы мен Әл-Фараби көшесінің аралығындағы Төле би көшесінің 480 м жеріне орташа жөндеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтуға болады.
Қазіргі уақытта аталған жолдың бойына жарық бағаналары орнатылып, жол ірге тастары және екі жақтама аяқ жол ірге тастары орнатылуда.
Көшеге бір қабат асфальт жабындысы төселіп, аяқ жолды асфальттау жұмыстары жүргізілуде. Сала мамандарының мәлімдеуінше, көше қыркүйек айының соңына дейін пайдалануға берілетін болады.
Айта кетейік, бүгінде Кентауда 99 793 адам тұрады. Қала аумағы 52,7 мың гектарды құрайды.Қаланың құрамына 4 ауыл кіреді. Онда 25068 адам тұрады. Ағымдағы жылы қалаға жарық шамдар орнату мақсатында 81млн.теңге бөлу туралы бюджетке өтінімге ұсынылған болатын. Қазіргі таңда қалалық бюджет есебінен 7 млн.теңге қаржы қаралып, мердігер анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы рәсімделуде. Мердігер мекеме анықталған жағдайда, қаланың 26 көшесіне 300 дана жарық шамдар орнату жоспарланған.
Жалпы кенді өңірдің басқалардан бір ерекшелігі, мұнда тұрғындар инфрақұрылымды жаңарту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардыөздері бақылайды. Содан болса керек, жақында облыс әкімі Дархан Сатыбалды Кентауда атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйімен танысып, өңірдегі мәселелерді тұрғындардың өздерінен сұрады. Шаһар халқымен есептік кездесуге келген өңір басшысы көпқабатты тұрғын үйлерге жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын пысықтады. Аулаларды аралап, кентаулықтардың ұсыныс-талаптарын тыңдады. Дархан Амангелдіұлымен тілдескен тұрғындар инфрақұрылымды жаңарту барысын өздері жіті бақылайтындарын жеткізді.
– Біз сіздерге қолайлы жағдай жасап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуіміз керек. Өздеріңізбен биыл ақпан айында кездескен болатынбыз. Сол кезде қаланың маңызды мәселелері көтерілді. Оларды жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, тұрғындар көтерген көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына «Воркаут» спорт алаңдары салынып жатыр. Лоток және дренаж жүйелерін салу мәселесі бойынша 11 ұңғыма қазылып, су бұру бойынша 6 шақырымға монтаждау жұмыстары жүргізілді. Жұмыстар жалғасуда. Қаратау мөлтек ауданына инфрақұрылым жүргізу жайы сұралған болатын. 8 шақырым кәріз жүйесін және 11 шақырым жол салу қажет. Бұл бойынша Ұлттық экономика министрлігімен қаржы қарастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын 2024 жылы бастау жоспарланып отыр. Өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай, кейбір мәселелерді шешу үшін бюджеттен қаржы қарастыру қосымша уақытты қажет етеді. Бірақ, өзекті мәселелердің барлығы өз шешімін табатын болады, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Айта кетейік, Кентау қаласында жол-көлік инфрақұрылымын ретке келтіру мақсатында бірқатар ауқымды шаралар қолға алынған. Бұларды айтпас бұрын, өңірде қандай көше бар екеніне тоқталайық. Қала бойынша жалпы ішкі жолдар 268 көше, 173,5 шақырымды құрайды, оның ішінде, асфальт 175 көше немесе 77,3%, қиыршық тас 88 көше немесе 19,0% және топырақ 5 көше 3,7% құрап отыр.
Ағымдағы жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 7 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жопарланған болатын. Соның ішінде: Хантағы ауылының 3 көшесінің (144,4 млн теңге) және Ащысай ауылының 4 көшесінің (164,3 млн теңге) орташа жөндеу жұмыстарына мердігер мекеме анықталған. Қазіргі таңда Хантағы ауылында Хантағы көшесінің 1,1 шақырымына асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Қалған көшелерде нығыздау және тас төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Ащысай ауылында Момышұлы көшесі мен аяқ жолына (тротуар) нығыздау және тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Асфальт жабындысын төсеуге дайын. Лоток орнату, жарық бағаналарын орнату жұмыстары жүргізілуде.Жангелді көшесінің аяқ жолына (тротуар) нығыздау және тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Асфальт жабындысын төсеуге дайын. 150 метр лоток орнатылды. (Мердігер «Ақ-Жол» ЖШС). Одан бөлек Абай, Т. Досжанова, Т. Рысқұлов, Желеу Ақын, Торлан көшелеріне нығыздау және тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Асфальт жабындысын төсеуге дайын. (Мердігер «Ақ-Жол» ЖШС). Ал, Нышанбаев, Құлымбетов, С. Мұқанов көшелерінде жұмыстар әлі басталмады. («Qazak-Jol» ЖШС)
Биыл республикалық бюджет есебінен қаланыңішкі көшелеріне аяқ жол (тротуар), Индустрялдық аймақ жол ашу, Қонаев №34 (аула), Құралбаев №12 (аула), Рысқұлов мүйісі, №1 «Емхана» және №14 орта-мектеп алдына автотұрақ салу, Бақару «Емхана» алдына автотұрақ салу, Қарнақ ауылы Шаштөбе көшесіне аяқ жол (тротуар) салу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда аталған жұмыстарға мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды.
Сондай-ақ, сметалық құны 9,2 млн теңгені құрайтын Қарнақ ауылына қарасты 2 көше қиылысына Т-тәрізді бағдаршам орнатуға конкурс жаряланған. 2022 жылдан өтпелі нысан болған Сейфуллина көшесіне көпір орнату жұмыстары жалғасуда. Төлеби көшесі бойынша мердігер мекеме «Prof-Facade» ЖШС-і тарапынан жолды тегістеп, жол ірге тастарын және аяқ жол ірге тастарын орнату жұмыстары жүргізілуде.
Осы жылы МЖӘ жобасы аясында мердігер мекеме «NET Story Company» ЖШС-і — 18 көшені (15.4 шақырым) орташа жөндеуден өткізуді жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда Құдайбергов, Тайманов, Өтемісұлы, Камалов, Геологическое көшелеріне тас төсеу, нығыздау, су құдықшалардың бетін жол деңгейіне дейін көтеру жұмыстары жүргізілді, асфальт жабындысын төсеуге дайын. 1-2 тоқсанында қала тұрғындарымен кездесу барысында көтерілген мәселелер бойынша Бейбітшілік, (Степная) Сүйіндіков, Ниязов, көшелеріне асфальт төсеу жұмыстарын жүргізу көтерілген. Бейбітшілік, Сүйіндіков, Ниязов көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары атқарылуда.
Ал, Кентау қаласының ішкі жолдарын ретке келтіру бойынша А.Яссауи, Сейфуллин, Қонаев, Құрманғазы, Абылайхан, Абай және Болашақ м.а Жұлдыз м.а ішкі көшелеріне ағымдағы жөндеу (шұңқырларды жамау) жұмыстары, Нүрпейсова, Сейфуллина, Мұратбаев, Аблайхан, Қонаев, Құралбаев көшелерінде пайда болған ақауларды ретке келтіру жұмыстары жүргізілді. Аблайхан, Пушкин, Тоқтаров, Төлеби, Панфилов, Момышұлы көшелерінде судың құдықтарын жолдың денгейімен бірге көтеру жұмыстары жүргізілуде. Қалаішілік орталық көшелерге көктем айларында 37,4 шақырымды құрайтын 22 көшеге жол бөлу сызбалары (Зебра) жүргізілген болатын. жақында таңбалау жұмыстары қолға алынды.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2022-2023 жылға қаланың ішкі көшелеріне және білім беру мекемелерінің алдына жасанды жол кедергілері сметалық құны 12 560,0 мың теңге қаржы қаралып, қазіргі таңда жалпы ұзындығы 171 м құрайтын 14 нысанға жасанды жол кедергілері орнатылды. Сондай-ақ, 500 дана жол белгісін орнатуға жергілікті бюджеттен 16 800,0 мың теңге қаржы қаралған. Қазіргі уақытта 200 ге жуық жол белгілері орнатылды. Шілде айында 300 жол белгісін орнату жұмыстары жүргізілді.
Аудандық маңызы бар жолдарға күтіп ұстау жұмыстарын жүргізуге 22,2 млн. теңге қаржы қаралған болатын. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Кентау қаласындағы Д.Қонаев даңғылын Халықаралық әуежайға баратын айналма жолға қосу бойынша күрделі жөндеу жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Айта кетейік, биыл жыл басында облыста 743,6 шақырым жол мен көшеге, сондай-ақ, 6 көпірге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Оған бюджеттен 28,4 млрд. теңге бөлінді. Тарқата айтқанда, биыл облыстық маңызы бар 424,6 шақырым жол мен 2 көпір, аудандық маңызы бар 94,4 шақырым жол мен 3 көпір, сондай-ақ, елді мекендердегі 220 көше мен 1 көпір жөндеуден өтеді делінген болатын.
Жалпы, Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы – 17 487,8 шақырым. Оның ішінде республикалық маңызы бар 723,1 шақырым жолдың 94,8%-ы, жергілікті маңызы бар 5 755,1 шақырым жолдың 89%-ы, елді мекендердегі 11 009,6 шақырым жолдың 62%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.