Қазіргі таңда облыста жер қойнауын заңсыз пайдаланушылармен күрес жұмыстары күшейтілген. Кентау қаласының әкімі Ж. Тасов ағымдағы жылдың алты айында атқарылған жұмыстар бойына мәлімдеген баяндамасында өңірде бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
— Сауран ауданы аумағынан жалпы көлемі 75 552 гектар жерді Кентау қаласына қосу арқылы Кентау қаласы шекарасын 128 319 гектарға өзгерту жұмыстары жүргізіліп жатқан айтқан болатын. Ж. Тасовтың баяндауынша, Түркістан облысы Кентау қаласының шекарасын өзгерту бойынша шешім ауыл шаруашылығы министрлігімен, Қаржы министрлігімен, Ұлттық экономика минстрлігімен және әділет министрлігімен келісіліп, бүгінгі таңда «Түркістан облысы Кентау қаласының шекарасын өзгерту туралы» ҚР Үкіметінің қаулысы қабылданып, тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығы туралы 14.07.2023 жылы №579 хат тіркеуге алынды.
Кентау қаласында пайдаланылмай жатқан кәсіпкерлік мақсаттағы жалпы жер көлемі 18,23 га 111 жер учаскесі анықталып, облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне мемлекет меншігіне қайтару бойынша тиісті шаралар атқару үшін жолданды.
Қазіргі таңда өңірде жер қойнауын заңсыз пайдалану жайттарын анықтау және заңсыздыққа жол бермеу мақсатында қала аумағында рейдтік іс-шаралар күшейтілген режимде өткізілуде, — деді қала әкімі.
Сала мамандары да қала тұрғындарынан табиғатқа залал келтірушілер туралы нақты дәлелі фактілерді анықтаған жағдайда немесе осы бойынша өзгеде мәліметтер болса77087081919 whatsapp номеріне жолдаудын сұранады.
Айта кетейік, Кентау қаласында бүгінде Кентауда 99 793 адам (қала халқы – 74725 адам, ауыл халқы — 25068 адам) тұрады. Қала аумағы 52,7 мың гектарды құрайды. Қаланың құрамына 4 ауыл кіреді. Қаланың ұлттық құрамы: қазақтар – 56,9%, өзбектер – 39,7%, орыстар – 2% және өзге ұлттар – 1,4%.Жалпы халықтың 37,4 мың адамы экономикалық белсенді, оның ішінде жұмыспен қамтылғаны 35,4 мың адам, жұмыссыздық деңгейі 5,3%, жастар жұмыссыздығы 5,7% құрады.
Жоғарыда айтып өткенімізде, Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға қарсы күрес күшейтілген. Облыс аумағында 100-ден астам карьердің жұмыстары жаппай тексеріліп жатыр. Рейдтік шаралар өткізіліп, айыппұл салынуда. Жыл басынан бері келісімшарттық міндеттемелерін толық орындамаған және су қорғау белдеуінде орналасқан 11 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттары мерзімінен бұрын тоқтатылған.Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жер байлығын заңсыз игергендердің жолын кесу туралы қатаң тапсырма берді. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте осынау өзекті тақырып тағы да талқыланды. Бұл бағытта атқарылған жұмыс нәтижелері баяндалды. Өзендердің арнасын бұзып, тау-тасты, тарихи орындарды қопарып, заңсыз құм, тас және өзге де пайдалы қазба алып жатқан кәсіпкерлердің әрекеттері өткір сыналды.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтің баяндауынша, Сайрам ауданының аумағындағы 3 жер қойнауын пайдаланушы Ақсу өзенінің су қорғау белдеуінде орналасуына байланысты олардың келісімшарттарының қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылған.
Сондай-ақ, «Сырдария–Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің ерекше қорғалатын аумақтарына кіруіне байланысты Арыс қаласының аумағында орналасқан үш жер қойнауын пайдаланушы жұмысын тоқтатты. Ордабасы, Сауран, Төлеби, Түлкібас, Шардара аудандарында орналасқан кен орындарының су қорғауы белдеуіне орналасуына және өз міндеттемелерін орындамауына байланысты келісімшарттардың қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылды. Табиғатқа залал келтірген мекемелер қазған жерді тегістеу керек.
– Карьерлердің жұмыстары неліктен бетімен кетті? Әрбір мемлекеттік орган өз міндетін дұрыс атқарып отырса, бірде-бір заңсыз карьер болмас еді. Олардың жұмысын біржолата тоқтату керек.Халықпен кездесу кезінде де осы мәселе жиі көтеріледі. Тұрғындарымыз заңсыз карьерлерден зардап шегуде. Карьер қазғаннан өзендер мен бұлақтар тартылып барады. Оның үстіне ауыр көліктер миллиардтаған қаражатқа салынып жатқан тасжолдардың тас-талқанын шығарып жатыр. Заңсыз карьер иелерін қорғаштағандардың өздерін қылмыскер деп санаймын, – деді облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы.
Облыс әкімінің тапсырмасымен, полиция департаментінің бақылауымен өңірде арнайы іс-шара жүргізілуде. ПД-нің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері мен табиғатты қорғау тобының инспекторлары жұмылдырылған іс-шара барысында анықталған ауыр жүк көліктері айыптұраққа қойылды. Аталған жайттар бойынша тиісті құжаттар жинақталып, шешім қабылдау үшін экология департаментіне жолданды. 16 қылмыстық іс қозғалды. Бұл бағыттағы жұмыстар облыстың барлық аумағында жалғасын табады.
Одан бөлек, облыс аумағында орналасқан 45 жер қойнауын пайдаланушылардың пайдалы қазбаларды өндіру аумақтарына маркшейдер маманымен бірлесіп, мониторинг жұмыстары жүргізілді. Маркшейдермен зерделенген кен орындарының қорытындылары заң аясында тиісті шара көру үшін құзырлы мекемелерге жолданатын болады.
Облыста кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 175 жер қойнауын пайдаланушы бар. Басым бөлігі Сауран, Сайрам, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласының аумағында орналасқан. Олар келісімшарт және лицензия негізінде жұмыс істейді. Сонымен қатар, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен келісімшарт берілген қатты пайдалы қазбаларды өндіруге және барлауға арналған 13 мекеме алтын, фосфорит, барит, мыс, көмір және құрамдас металдар өндіреді. Созақ, Түлкібас аудандарында, Кентау қаласында алтын, фосфор, барит барлау, темір барлау кен орындары жұмыс істейді.
Еліміз бойынша жүргізілген талдау нәтижелеріне сүйенер болсақ, уәкілетті органдар 118 келісімшартты (2023 жылдың басынан бері – 19 келісімшарт) және қатты пайдалы қазбалар (ПҚҚ) бойынша 245 лицензияны (2023 жылдың басынан бері – 42 лицензия), сондай-ақ, көмірсутек шикізаты бойынша 27 келісімшартты (2023 жылдың басынан бері – 15 лицензия) бұзды.Нәтижесінде алтын, көмір, темір, мыс, көмірсутектер, бокситтер, полиметалдар және т. б. кен орындары мемлекеттік қорға қайтарылды, олар кейіннен жаңа инвесторларға беру үшін ашық аукционға шығарылады.Бұл жер қойнауын пайдалану саласында қосымша инвестициялар ағынын қамтамасыз етеді.
Қазірдің өзінде 2023 жылы өткізілген аукциондардың қорытындысы бойынша ел бюджетіне 1,5 млрд. теңге көлемінде қол қою бонусы төленді. Бұл ретте көмірсутегі шикізатын барлау бойынша жаңа инвестициялар 15,7 млрд. теңгеден асады.
Бұл ретте уәкілетті органдар қаржылық міндеттемелерді бұзған жер қойнауын пайдаланушыларға айыппұл санкцияларын қолдану бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.Осылайша, мемлекет есебіне қатты пайдалы қазбалар бойынша 934 млн. теңге айыппұл өндірілді (2023 жылдың басынан бері 603 млн. теңге), сондай-ақ көмірсутек шикізаты саласындағы 9 келісімшарт бойынша 1,94 млрд. теңге берешек өтелді.