Биыл облысқа жылыту маусымына қажетті көмірдің жалпы көлемі – 1 млн. 21,3 мың тонна. Оның ішінде бюджеттік ұйымдарға – 140,2 мың тонна; жылу беретін кәсіпорындарға – 129,7 мың тонна; жеке тұрғындарға – 468,5 мың тонна; жылыжайларға – 282,9 мың тонна.
«ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ-ның мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылдың 1 мамыр-14 тамыз аралығында облысқа 178 мың тонна көмір жеткізілген. Көмір вагондары аймаққа тұрақты түрде келуде.
Өңірлік операторлардың ақпаратында қазір сақтау қоймаларында 134,3 мың тонна көмір қоры бар екені айтылған. Бүгінгі таңда Шұбаркөл көмірінің орта бағасы сортына (фракциясы) қарай тоннасы 15-20 мың теңге аралығында. Ал, шалғай елді мекендерге жеткізу құнымен есептегенде тоннасына 18-24 мың теңгеден түседі.
Коммуналдық-тұрмыстық көмір тасымалдаумен облыста 16 өңірлік оператор айналысады. Өңірлік операторларды аудан, қала әкімдіктері анықтаған. Сала мамандары баға арзан әрі қажеттілік аз кезде алдынала қамданып, көмірді алып алған жөн, себебі күз-қыс айларында көмірге қажеттілік күрт өсіп, алыпсатарлар бағаны шарықтатып жіберуі мүмкін екенін ескертеді.
Айта кетейік, Кентау қаласы 30 пайыз табиғи газбен қамтылған. Сондықтан, сала мамандары тұрғындарға көмірді осы бастан сатып алуға кеңес береді. Дәл қәзіргі уақытта мұнда көмір бағасы 18 000- 18 500 тенге аралығында сатылуда. Қоймада 16,1 мың тоннадан астам көмір бар.
Түркістан қаласында көмір саудалаушы 4 оператор жұмыс жасауда. Аталған операторлар Түркістан қаласы Төле би көшесінде қызмет көрсетеді. Олар «ЖАН» ЖК-гі. «Алтынхан» ЖК-гі.
Жылу маусымының басталуына аз ғана уақыт қалғаны белгілі. Жалпы биыл Кентауда жылу маусымына дайындық әлдеқайда күшейтілген. Өңірдегі № 5 жылу энерго орталығын қайта құру жұмыстарын 3 кезеңге бөліп жүргізу жоспарланған болатын. Бірінші кезеңде қаладағы тозығы жеткен 6,6 шақырым болатын магистралдық жылу жүйелеріне және 4 кері сорғы станцияларына қайта құру жұмыстарын жүргізу көзделген-ді. Сонымен қатар, 4,7 шақырым жылу жүйелерін ауыстыру жоспарланған болатын.
Екінші кезеңде Кентау қаласы №5 ЖЭО-ның қазандықтарын, жылу жүйелерін және қосалқы қондырғыларын қайта құру жұмыстары жүргізіледі делінген. 2023 жылы 2 қазандықты жылыту маусымына дейін қайта құру, 4 қазандықты ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары ойдағыдай жүзеге асырылады деп жоспарланған. Сонымен қатар, қалған 14,5 шақырымды құрайтын магистралды жылу жүйелерін қайта құру жұмыстары да атқарылады.
Үшінші кезеңде 81 шақырымды құрайтын ішкі орамды жылу жүйелерін кеңейту және қайта құру жоспарланған. Келешекте жылу энерго орталығын газға ауыстыру да алдағы күндердің ешкісіндегі шаруа болмақ.
Сала мамандары Кентау қаласындағы №5 ЖЭО-ның қазандықтарын, жылу жүйелерін және қосалқы қондырғыларын қайта құру жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталуға жақын екенін айтады. Су айдайтын 2 қазандықты дайындау жыл соңына дейін аяқталады және 4 қазандық ағымдағы жылы жөндеуден өткізіліп, қуаттылығы күшейтіледі. Ондағы 8 қазандықтың 4-еуі жөндеуден өтсе, қалған 4-еуіне қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, орталықтағы жылу жүйелерін және қосалқы қондырғыларын қайта құру жұмыстары қатар жүріп жатыр.
Жақында облыс әкімі Дархан Сатыбалды жылу орталығында болып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысып қайтты. Өңір басшысы жауапты басқарма басшысы мен қала әкіміне жылыту маусымына дайындықты пысықтауды тапсырды. Құрылыстың сапасына басты назар аударылатынын ескертті.
Жалпы, өткен ғасырдың ортасында пайдалануға берілген жылу орталығы соңғы 30 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Сала мамандарының айтуынша, қазандықтардың алды 1951 жылы іске қосылса, қалғаны 1958-1959 жылдары қолданысқа берілген. Қазір мұндағы 8 қазандықтың барлығы әбден тозып, істен шыққан. Жылыту маусымына дайындық барысында қысқа қажетті отын қоры сөз болды. Биылға жоспарланған құрылыс кестеге сәйкес аяқталуы тиіс.
Келешекте жылу энергия орталығын газға ауыстыру көзделіп отыр. Осыған орай жеткізуші газ құбырының құрылысына мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Бұл газ құбыры бірнеше күрделі проблеманы шешеді. Атап айтқанда, ЖЭО мен Хантағы ауылын газбен қамтамасыз ету, 10 үйге қосымша газ қысымы, индустриалды аймақ, Кентау кен байыту комбинаты мен Кентау экскаватор зауыттарына арнайы қосылу нүктелері қарастырылған.
Жалпы, Кентаудағы ЖЭО 14 000- нан астам абонентті жылумен қамтамасыз етеді. Оның ішінде 347 көпқабатты үй, 106 бюджеттік мекеме, 401 коммерциялық нысан және 2229 жеке сектордағы үй бар.