Облыс әкімі Дархан Сатыбалды барлық аудан, қала әкімдері мен тиісті басқарма басшыларына жолдардың сапасын жақсартуды, жөндеу жұмыстарын жіті бақылауда ұстауды тапсырған болатын. Қазіргі таңда аудан, қала әкімдері өңіріміздегі жол жөндеу жұмыстарына бақылауды күшейтті. Айталық, Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков ауданға қарасты ауылдардың тұрғындарымен кездесулер өткізуде.
Биылғы жылы Көктөбе, Ыбырай елді мекендерінің ішкі көшелеріне 100 пайыз асфальт жол төселіп, көше жарықшамдарымен қамтылады деп жоспарланған болатын. Қазіргі таңда аталған елді мекендерде осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда.
Сонымен қатар, Созақ ауылында 5 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда Оспанов, Өткелбаев, Мәтенбаев көшелеріне асфальт жабындысын төсеу жұмыстары толықтай аяқталды. Жамбыл және Құрманғазы көшелері жақын күнде ел игілігіне тапсырылады деп күтілуде. Реті келгенде айта кетейік, тұрғындарды сапалы электр жарығымен қамтамасыз ету мақсатында Созақ ауылының ішкі көшесінің 100 кВА-тық 4 ескі трансформаторлары жаңа 250 кВА- қа ауыстырылды. Түркістан көшесіне қосымша жаңа 160 кВА-тық трансформатор орнатылды.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қарақұр ауылдық округі тұрғындарымен де кездесу өткізіп, халық игілігі үшін жасалынып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
–Бүгін міне сіздердің мұң- мұқтаждарыңызды тыңдап, шешу жолын қарастыру үшін келіп отырмыз. Бұған дейін де бірнеше мәрте кездесіп, сұраныстарыңызға орай қажетті жұмыстарды атқардық. Раң ата елді мекенінің атауы жоқ №1 көшесі мен Шаға елді мекенінің орталық көшесінің орташа жөндеу жұмыстары жақын күнде басталады. Қарақұр ауылынан Б.Батырбекова көшесіне жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, іске қосылды. Абай көшесінің 2,4 шақырымына көше жарықтандыруын жүргізу үшін тиісті қаржысы қаралды. Бұл жұмыста жақын күнде аяқталып, ел иігілігіне қосылатын болады. Бұдан бөлек, Қарақұр ауылдық округі әкімі аппаратының жаңа ғимаратының құрылысы басталды. Қыркүйек айында Қаратау ауылындағы заман талабына сай жабдықталған жабық үлгідегі ойын алаңшасы пайдалануға беріліп, келер жылы Қарақұр ауылынан салынатын болады. Осылайша барлық ауылдық округтерді кезең-кезеңімен қамтимыз. Әрине, ауыл округтерді кешенді дамыту мақсатында басқада жасалу қажет жұмыстар бар. Тек мұндағы емес, жалпы аудан бойынша жасалу керек мәселелер маған етене таныс. Барлығын бір жылда атқара салу мүмкін емес, кезең-кезеңімен шешу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланамыз деді,-аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Қаратау ауылында да 1,4 шақырымды құрайтын Қалмырзаұлы көшесіне көше жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, Стамбекұлы көшесіне жарықтандыру жұмыстарын жүргізу үшін тиісті қаржысы қаралды.
Сонымен қатар, мұнда қосымша ұңғыма құдық қаздырып, ауыз суды 24 сағат тұрақты беру үшін тиісті шаралар атқарылуда. Саржаз елді мекеніне жазғы ойын алаңшасы салынып, атауы жоқ №1 көшесіне, Ақсүмбе елді мекенінен Қалмырзаұлы және Сапарбай көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары басталды. Осылайша Қаратау ауылдық округінде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша тиісті жұмыстар қолға алынған.
Сонымен қатар, ауданға қарасты Сызған және Басбұлақ елді мекенінде де тұрғындарды ауыз сумен қамту, облыстық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің ішкі көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу және көшелерді жарықтандыру, абаттандыру сынды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Бірқатар елді мекендердің ішкі көшелеріне 100 пайыз асфальт жол төселіп, көше жарықшамдары орнатылды.
Реті келгенде айта кетейік, аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтың мәлімдеуінше, ағымдағы жылы Сызған, Басбұлақ, Саржаз, Балдысу, Қарабұлақ елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары басталады. Сонымен қатар, биыл Сызған ауылдық округіне қарасты Қозмолдақ елді мекенінің Төреханов, Берістемұлы көшелерінің 2,6 шақырымына, Басбұлақ елді мекенінің Басбұлақ-1 және Басбұлақ-2 көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары қыркүйек айында басталады. Қозмолдақ елді мекенінің Момбеков көшесіне көше жарықтандыруы жүргізіліп, іске қосылды. Қайнар елді мекенінің Қайнарбұлақ көшесіндегі электр бағаналарын ауыстырып, күре жол бойына көше жарықшамдарын орнату үшін қаржысы қаралды.
Сала мамандарының мәлімдеуінше, Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы – 17 487,8 шақырым. Оның ішінде республикалық маңызы бар 723,1 шақырым жолдың 94,8%-ы, жергілікті маңызы бар 5 755,1 шақырым жолдың 89%-ы, елді мекендердегі 11 009,6 шақырым жолдың 62%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.
Ағымдағы жылы облыста 743,6 шақырым жол мен көшеге, сондай-ақ, 6 көпірге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған болатын. Оған бюджеттен 28,4 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде облыстық маңызы бар 424,6 шақырым жол мен 2 көпір, аудандық маңызы бар 94,4 шақырым жол мен 3 көпір, сондай-ақ, елді мекендердегі 220 көше мен 1 көпір жөндеуден өтетін болады деп жоспарланған.