Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жергілікті тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету тапсырмасын орындау мақсатында Шардара ауданындағы 10 ауылдық округте орналасқан 25 елді мекеннің 10-ы, Шардара қаласының 10 мөлтек ауданы көгілдір отынмен қамтылып, аудан тұрғындарының 78 пайызын құрады. «Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 98 пайызға жетеді деп жоспарлануда» дейді сала мамандары.
Толығырақ айта кетейік, бүгінде Шардара ауданындағы Ұзын ата, Алатау батыр, Қызылқұм, Сүткент, Ақалтын, Егізқұм, Достық, Көксу және Қоссейіт елді мекендері мен Шардара қаласындағы 10 мөлтек ауданнан 65 711 тұрғын табиғи газбен қамтылған. Одан бөлек, қаладағы Абай, Қызылжар, Майқала, Ақбала және Төменгі тоғай шағын аудандары мен Тұрысбеков ауылдық округінің Шардара ауылына газ жеткізу жұмысына республикалық бюджеттен 2,8 млрд теңге бөлінген. Аталмыш жобаларды жыл соңына дейін аяқтап, аудандағы газ тұтынушылардың көрсеткішін 98 пайызға жеткізу жоспарланған болатын.
Ал, газдандырылмаған Айдаркөл қашар және Қуан құдық елді мекендерін табиғи газ көзіне қосу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған.
Айта кетейік, ағымдағы жылы өңірімізде газбен жабдықтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс аумағында жалпы құны 60,3 млрд. теңге болатын 100 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 70 нысанның құрылысы аяқталады, қалған 30 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі. Нәтижесінде биыл 56 елді мекеннің 145 мыңға жуық халқы табиғи газ пайдалануға мүмкіндік алатын болады.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының мәлімдеуінше, биылдан бастап өңірімізде елді мекендерінің сапалы инфрақұрылыммен қамтылуына ауқымды мониторинг жұмыстары жүргізіле бастайды. Бұл шара барысында ауыз су, табиғи газ және электр қуатымен қамту саласы егжей-тегжейлі сараптамадан өтетын болады. Нәтижесінде облыс аумағындағы елді мекендердің инфрақұрылыммен қамтылу төлқұжаты әзірленеді. Анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстары жауапты адамдарға жүктеледі. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өткен мәжіліс отырысында:
— Халықты сапалы ауыз сумен, жарықпен, табиғи газбен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Тұрғындардың негізгі өтініштері де инфрақұрылымға қатысты болып тұр. Бұл саланы әрі қарай дамыта береміз. Облыстың инфрақұрылыммен қамтылу төлқұжаты әзірленеді. Осы бағыттағы жоспарлы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады, – деді.
Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мамандарының баяндауынша, басқарма тарапынан мониторинг жүргізу жөнінде хат «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС, «Казтрансгаз» АҚ ТӨФ, Су беруші мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға жолданған. Сапалы табиғи газбен қамтылу барысына да, электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша да нормативтік талапқа сәйкес емес қосылған абоненттер саны, орнатылған трансформатордың қуаты, электр, орнатылған газ, су желілерінің техникалық жағдайы бойынша толық мәлімет алынады.