Бұйыртса, Иассы ауылының тұрғындары ауыз суға қол жеткізеді. Бұл ақжолтай жаңалықты аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев Иассы ауыл округінің тұрғындарымен өткен есепті кездесуде жеткізді. Ауыл тұрғындары бірнеше жылдан бері таза ауыз суға қол жеткізе алмай келеді. Мәселе көп ұзамай шешілетін болғаны көпке қуаныш сыйлады. Есепті кездесуде мұнан өзге проблемаларда көтерілді. Ауыз сумен қоса, жарықтың да жайы мәз емес. Тұрғындар электр қуатының сапасына шағымданумен келеді. Кешқұрым ауылдағы барлық үй қосылғанда электр қуаты жетпей, кейде жарық сөніп қалады. Соның салдарынан елді мекенде тұрмыстық техникалар жиі күйіп, халық шығынға батып жатқан көрінеді.
-Ауылдағы халықтың жағдайын көтеру басты міндетіміз. Сіздердің талап-тілектеріңіз менің назарымнан тыс қалмайды. Мәселелерді кезең кезеңімен шешіледі,-деді Ғалымжан Қарабайұлы.
Айта кетейік, Сауран ауданында 12 ауылдық округте 36 елді мекен бар. Аудан халқының (100,5 мың адам) 88,9 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылы 268 тұрғын мекен ететін Ойық елді мекеніне ауыз су құбырын тарту үшін бюджеттен қаржы қаралып, ауыз сумен қамтуға бағытталған құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысанның құрылыс жұмыстары 2024 жылға өтпелі.
Реті келгенде тұрғындарды ауыз сумен қамту бойынша жүргізілген сараптаманың оң қорытындысын алған нысандарды атап өтейік. Олар Ескі Иқан елді мекенінің тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Иқансу-Қытай кен орнының жерасты суларынан» Ø-250 мм магистральді су құбырын тартуға 1 нысанның жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысын алынды. Нысанның құрылыс жұмыстарына 2024 жылға қаржы бөлдіруге Республикалық бюджетке ұсынылды.
2023 жылы бюджеттен қаржы қаралып, Ескі Иқан, Шорнақ, Қосмезгіл елді мекендеріне жаңадан қоныстанған және ауыз су құбыры жүргізілмеген аумақтарына жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамаға жолданды. Меморандум арқылы С.Қожанов, А.Үсенов, Мәшһүр Жүсіп, Еңбекші Дихан, Ораңғай, Абай елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз және құбырларын жаңартуға жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан жер асты су қорына геологиялық іздеу-барлау жұмыстары жүргізілуде. (Ибата, Жүйнек, Қарашық, Құмтиін, Қосмезгіл, Серт, 32-разъезд, Қызылжол).
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аппараттың апталық мәжілісінде аудан, қала әкімдеріне бірінші кезекте ауыз су мәселесіне баса назар аудару керектігін тапсырған болатын. Сонымен қатар, өңір басшысы ауыз суға қатысты жобаларды жеделдету керектігін тілге тиек етті.
– Ауыз су мәселесін толық шешу – ең бірінші міндетіміз. Бұл бағыттағы жобалар сапалы, жұмыстар тиянақты болуы тиіс. Жер асты суын іздеу-барлау жұмыстарын жүргізіп, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп, тиісті іс-шараларды жылдамдатқан жөн. Жол карталары мен жоспарлар тағы да нақтыланып, елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамту жұмысын 2025 жылы толық аяқтауымыз қажет. Елді мекендерді ауыз сумен қамту жоспары жан-жақты пысықталып, жүзеге асыру жолдары қарастырылсын. Осы салаға қажетті ұсыныстарды жүйелеп, қаржы бөлу мәселесін шешуді тапсырамын, – деген болатын Дархан Амангелдіұлы.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің баяндауынша, қазіргі таңда өңіріміздегі 831 елді мекеннің 719-ы (7 қала, 712 ауылдық елді мекен) ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткіш 86,5 пайызды құрайды. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 57 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджеттен 13,3 млрд. теңге бөлініп отыр. Оның ішінде 43 нысанның құрылысы биыл аяқталады. Қалған 14 нысанда жүргізілетін құрылыс жұмыстары келер жылы тәмамдалады.
Осындай шаралардың нәтижесінде су құбыры жоқ 17 елді мекен тұрғындары тіршілік нәріне қол жеткізбек. Олардың біреуі – Бәйдібек, алтауы –Сарыағаш, төртеуі – Келес, біреуі – Қазығұрт, төртеуі – Ордабасы, біреуі – Отырар ауданында. Сонымен қатар 11 елді мекеннің тозығы жеткен ауыз су құбырлары жаңартылады. Олардың екеуі Бәйдібек, біреуі Қазығұрт, төртеуі Төлеби, біреуі Мақтаарал, біреуі Ордабасы, екеуі Түлкібас ауданында орналасқан.
Айта кетейік, облыста ауыз су құбырын тарту экономикалық тұрғыдан тиімсіз елді мекендер жетерлік. Мәселен, Сауран ауданында сондай үш елді мекен бар болса, Бәйдібекте 5 елді мекен шалғайда орналасқан. Созақта 6 ауылдық елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Сала мамандары 4 елді мекенге су құбырларын жүргізу, 2 елді мекенге блок-модуль кешенін орнату жоспарланып отырғанын айтады. Одан басқа 4 елді мекенді орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету үшін ауыз су тарату нысанына мемлекеттік жер актілері алынып, сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленген. Биыл жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынатын болады.