Түркістан облысында тарихи ескерткіштер мен зиярат ететін, жалпы айтқанда туристерді таңқалдыратын орындар көп. Сала мамандарының мәлімдеуінше, облыста туризмді дамыту бойынша негізгі 3 бағыт айқындалған. Олар: тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі.
Айталық, тарихи-танымдық бағытта туристерді тартатын 1 770 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның ішінде халықаралық маңызы бар объект (Қ.А.Ясауи кесенесі) – 1, республикалық маңызы бар ескерткіш – 34, жергілікті маңызы бар ескерткіш – 403 және алдын ала тізімдегі нысандар – 1332. Өз кезегінде, мәдени-тарихи туризм облыстың туристік қызмет саласының басты драйвері. Оның айқын дәлелі облыс шегіндегі басты мәдени-тарихи нысандар Қ.А.Ясауи кесенесі мен Арыстанбаб кесенесіне 2022 жылы 1,2 млн-нан астам келуші келген. Ағымдағы жылдың 7 айының қорытындысымен 659,3 мың адам келген.
Аталған бағыттағы туризмді дамыту үшін бірқатар ауқымды іс-шаралар өткізіліп, инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары атқарылуда.
Екінші, яғни экологиялық туризм бағыты бойынша облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи объектілер орналасқан. Олар: «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі, «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі. Экологиялық туризмді дамыту мақсатында 30 туристік маршруттар құрылған («Сайрам-Өгем» – 11, «Қаратау» – 2, «Ақсу-Жабағылы» – 10, «Сырдария-Түркістан» – 7).
2022 жылдың қорытындысына сүйенетін болсақ, облыс аумағында орналасқан ерекше қорғалатын табиғи объекттерге келушілер саны 74 970 адамды құрады, ал 2023 жылдың 6 айының қорытындысымен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға 79 767 адамды құрап отыр. 2021 жылы Кентау қаласынан «Қаратау» МТҚ-на дейін жол жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Хантағы ауылынан «Қаратау» МТҚ-на дейінгі 8 шақырым жолға тас төселді. «Сайрам-Өгем» МҰТП аумағының 11,7 % немесе 17519 га жер телімі рекреациялық және туристік қызмет аймағы болып саналады. Аталған аумақта келушілерге арнап 11 туристік соқпақ ұйымдастырылған. Қазіргі таңда парк аумағындағы жалпы ауданы 343,2 га 29 жер телімі туристік және рекреациялық мақсатта пайдалануға берілген. Былтыр «Сайрам-Өгем» МҰТП-не дейін жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Төлеби ауданы Қасқасу ауылынан «Сайрам-Өгем» МҰТП-не дейінгі жалпы ұзынығы 11,8 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жоба құны – 542 млн.тг.
Үшінші бағыттағы сауықтыру туризм біздің өңірімізде дамыған. Қазіргі уақытта облыс аумағында 72 емдеу-сауықтыру орны жұмыс істейді. Емдеу-сауықтыру ұйымдарының нөмірлік қоры 7940 төсек-орынды құрайды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағындағы емдеу-сауықтыру орындарында 142,4 мың адамға қызмет көрсетілді, бұл көрсеткіш 2021 жылмен (117,4 мың адам) салыстырғанда 121,3% — ға өсті. Жыл соңына дейін 2 емдік-сауықтыру кешенін пайдалануға беру жоспарлануда.
Жалпы, осы аталған бағыттар бойынша былтыр облысқа 470 мыңнан астам турист және 1 млн. 200 мыңнан астам біркүндік келуші келіп, жоспар (туристер – 261 мың адам, бір күндік келуші – 1 млн. адам) толығымен орындалды. Осы жылдың 5 айында өңірге келген туристер саны 146,1 мыңнан асты. Өңірге келетін туристердің санын арттыру бойынша жоспарланған көрсеткіштер жыл соңына дейін орындалатын болады.
Қазіргі таңда өңірімізде қарасты аудан, қалаларда да туризм саласын дамыту және туристерді тарту мақсатында ауқымды шаралар атқарылуда. Кентау қаласында 2023 жылы 3200 адам келеді деп көзделген. Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында соның
1513-і келді. Оның ішінде 11 адам резидент емес, шетел азаматы.
Аталған көрсеткішті қалалық орталық мұражай, Шаммат-Ишан тарихи орталық, Қаратау табиғи қорығы, 1000 жылдық тұт ағашы және қонақ-үйлер арқылы жыл қорытындысымен орындау көзделіп отыр.
Сонымен қатар, кенді өңірде туризмді дамыту мақсатында нөмірлік қор санын көбейту көзделген. Бүгінгі таңда төсек-орын саны 182-ге жеткізіліп, көрсеткіш толығымен орындалды.
Туризм саласына тартылатын инвестиция көлемі 2023 жылға 1 300 млн.теңге деп көрсетілген. Кентау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы С Құрықбаевтың айтуынша, аталған көрсеткішке қала аумағында құрылысы жүргізіліп жатқан жаңа қонақ үй-комплексі және басқа да демалыс аймақтарының инвестиция көлемі арқылы қол жеткізу көзделіп отыр.



