Ғаламтордан «Егер сіз миллионер болмасаңыз, мен 1 000 000 теңгені мен беремін» деген жанды жадырататын жылы жаңалықты оқысаңыз, абай болыңыздар. Мұндай инвестициялық компанияларды алаяқтар құрады. Қазіргі таңда қоғамда олардың сайтының сілтемесі белсенді түрде таратылуда. Алаяқтар адамдардың сеніміне ие болу үшін танымал блогерлер мен мемлекеттік мекемелердің жоғарғы лауазымды қызметкерлерінің есімдері мен фотосуреттерін пайдаланып, әлеуетті клиенттерге сызылған есептер мен графиктерді ұсына отырып, инвестициялық қызметті жүзеге асыруды көздейді.
Алаяқтардың бұл әдісі қазір кең таралған. Соған қарап «Бұған кім сенеді?» деген сұрақтың туындауы заңды. Құқық қорғаушылардың айтуынша, оларға кредит рәсімдеп, жалған инвестициялық компанияларға барлық қаражатын салып, алданып қалған жастар хабарласады екен.
Енді «Неліктен жастар алаяқтардың құрбаны болады?» деген сұраққа келсек. Қазіргі жастар көп уақыттарын виртуалды әлемде өткізеді. Интернет, әлеуметтік желілер және мессенджерлер арқылы байланысады және ақпарат алады. Көптеген жастар онда жарияланған ақпараттарға сөзсіз сенеді. Мұны зиянкестер шебер пайдаланады. Сондықтан, балаларға алаяқтық әрекеттер түрлері туралы жиі айтып, ескертіп отыру керек. Интернеттегі алаяқтар маңызды конфиденциалды ақпаратты аңдып, әр түрлі ойындар ойлап тауып, жастардың назарын аударуға тырысады. Болмаса, ақшаларын түрлі жобаларға салып, көбейтіп алуға болатынын айтып, олардың қаржысын иеленуді көздейді.
Бүгінде қоғамымызда ақшасын криптовалютаға салып жатқан адамдардың саны күннен күнге өсуде. Оларды цифрлық активтерге инвестициялармен байланысты тәуекелдер де тоқтатпайды. Алаяқтардың назарынан криптовалюта нарығы да тыс қалған жоқ, олар азаматтарды алдау үшін бар ресурстарды пайдаланады.
Жалпы, «криптоалаяқтық деген не?» деген сұраққа келсек. Криптовалютамен байланысты алаяқтықтық кез келген басқа қаржылық алаяқтыққа ұқсайды, алайда олардың мақсаты – «фиат ақша» деп аталатын жай ақша емес, цифрлық валюта. Қаскүнемдер адамның криптоәмиянын бұзумен схемалар ойлап табады немесе төлем ретінде алдау арқылы «криптаны» шығаруға тырысады. Мұндай схемалардың айрықша белгісі – криптовалютаны фиат ақшаға тез айырбастау және транзакция жүргізу үшін өзге қосымшаларды пайдалану. Осындай айла-шарғылардың кейбір түрлері туралы толығырақ айта кетейік.
Мәселен, фишингтік айла-шарғы. Алаяқтар криптовалютамен сауда-саттық жүргізу үшін жалған платформалар жасайды, олардың мақсаты – криптокілттермен бірге есептік жазбаның деректеріне қол жеткізу.Криптофишинг – бұл интернет-алаяқтық түрі, онда алаяқтар «сіздің криптоәмияныңыздан активтерді есептен шығару басталды» деген хабарламалар жібереді. Егер оны сіз жасамаған болсаңыз, онда дереу транзакцияны тоқтату үшін сілтеме бойынша өтіңіз дейді. Сілтеме жалған сайтқа апарады, мұндай сайт инвестордың есептік жазбасының деректерін жинайды. Қажетті дербес және төлем деректері қаскүнемдердің қолына түсе салысымен олар сіздің шоттарыңыздан барлық цифрлық активтерді жымқырады.
Осындай жалған криптобиржалар мен криптоәмияндар туралы да біле жүріңіз. Мәселен, егер сіз әлеуметтік желілерді қолданатын болсаңыз, ерте ме, кеш пе арзан криптовалюталарды жарнамалайтын сайттардың жарнамаларына тап боласыз. Олар нарықтағы бағадан 5 немесе 15 пайызға төмен болуы мүмкін. Хабарландыруларда «сатушылар» сайт арқылы цифрлық активтер сатып алсаңыз үлкен жеңілдік береміз деп уәде береді, алайда мұндай платформалар көп жағдайда жалған болып шығады.
Жалған криптобиржалар инвестициялардан орасан көп пайда түседі деп қызықтырады және пайдаланушылардан, әдетте, кейіннен неше мәрте «инвестиция құюға» болатындай бастапқы жарна енгізуді талап етеді. Алаяқтар осылайша «ғажап, байлыққа кенелетін өмір» сүресің деп алдайды. Алайда, сіз өз ақшаңызды шығарып алайын деп әрекет жасайын десеңіз, ол мүмкін емес, себебі сіз нақты активтерге емес бос ауаға инвестиция жасадыңыз.
Жалған крипто-әмиянның сондай-ақ, зиянды бағдарламалық қамтылымы (БҚ) болуы мүмкін. Алаяқтар оны компьютерге зиянды қамтылымдар енгізіп, пайдаланушының криптокілтін немесе паролін ұрлап алу үшін жасайды.
Криптовалюталық платформалар – бұл бағдарламалық қамтылымның бір түрі ғана, ал бағдарламалық қамтылым үнемі жаңартуларды қажет ететіні белгілі. Мұны алаяқтар пайдаланады, олар ресми дүкендерде, мысалы, Play Market-те орналастыратын жалған қосымшалар жасайды. Оларды жүктеп алып, криптовалюта ұстаушылар өздерінің крипто кілттерін аша алады. Мұндай жалған қосымшаларды ресми дүкеннің әкімшілері тез анықтайды және жояды, алайда олар инвесторларға зиян келтіріп үлгереді.
SIM-картаны ауыстыру арқылы жасалатын алаяқтық жайлы да айта кетейік. Бұл – алаяқтықтың ең жаңа түрі. Оның мәні мынада – алаяқ алдымен сіздің SIM-картаңыздың көшірмесіне, одан кейін құрылғының барлық деректеріне қол жеткізеді. Бұл ақпаратты алаяқ криптоәмиянға, сол сияқты басқа да есептік жазбаларға, оның ішінде мобильдік және интернет-банкингке қол жеткізуге қажетті екі сатылы аутентификация кодтарын алу және қолдану үшін пайдаланады, нәтижесінде бұл жайттан бейхабар инвестор зиян шегеді.
Инвестициялармен жасалатын алаяқтық – жаппай сатып алып, жоғары бағада сату. Алаяқтықтың бұл түрінде қаскүнемдер әлеуметтік желілерде жарнама орналастыру және оны пошта арқылы, сондай-ақ мессенджерлерге тарата отырып белгілі бір криптовалютаны немесе токенді (электрондық кілт) айналдырып, ақша жасайды.
Сондықтан, егер де Сізге мол пайда алуды ұсынып бейтаныс адам себепсіз хабарласса, сақ болыңыз. Криптовалюталармен жасалатын кез келген операциялар салынған ақшаның сақталуына кепілдік бермейді.
Сол себепті адамдарға әр кез криптоалаяқтықтан қорғана білу керек. Ол үшін криптоәмиянның кілттерін ешкімге айтпаңыз. Егер сізден инвестициялық мәмілеге қатысу үшін кілт деректерін хабарлауды сұраса, сақ болыңыз, бұл алаяқтар болуы мүмкін. Сосын әлеуметтік желілердегі керемет мол пайдаға кенелуге уәде беретін жарнамаға сенбеңіз. Қажетсіз қоңырауларға жауап бермеңіз. Сіздің крипто-брокеріңіздің немесе кез келген басқа қаржы мекемесінің атынан сізбен кім байланысып тұрғаны маңызды емес. Мекеменің ресми нөмірін тауып, оған өзіңіз қоңырау шалыңыз. Бейтаныс жіберушілердің гиперсілтемелерін немесе жіберген хабарын ашпаңыз. Есептік жазбаларды бөлек ұстаңыз. Крипто-брокерлік шоттар мен әдеттегі банк шоттарын бір-бірімен байланыстырмаңыз.
HTTPS хаттамасы бар сайттарды пайдаланыңыз. Үйреншікті HTTP-мен салыстырғанда, HTTPS — криптобиржаның немесе әмиянның URL-мекенжайында сайттың қауіпсіз және шифрланған трафигі бар екенін көрсетеді. Криптоалаяқтардың құрбаны болмас үшін криптоактивтеріңізге қатысты қосымша сақтық шараларын қолданыңыз.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, киберқылмыскерлер мен интернет-алаяқтар жаңа схемаларды әзірлеуді жалғастыруда және қарапайым тұрғындарды алдаудың әртүрлі жолдарын табуда. Осыған байланысты ҚР Ішкі істер министрлігі қылмыстың аталған түріне қарсы тұруға арналған жұмыстарды күшейтуде. «Полиция цифрлық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы күресте, мемлекеттік органдармен өзара байланыс жасағанда және халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыруда өзінің тиімділігін көрсететін «CyberPol» пилоттық жобасын іске қосты», — деді ҚР Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
«CyberPol» жобасы еліміз бойынша қолға алынған. «Қазіргі таңда аталған жоба аясында интернет-алаяқтықтың 234 дерегі анықталды», — дейді Шұғыла Тұрлыбек.
Орайы келгенде осы «CyberPol» пилоттық жобасын туралы толығырақ айта кетейік. Бұл жоба цифрлық технологиялар арқылы жасалатын заңсыздықпен күресуді, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауды, ел тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыруды көздейді. Бүгінде Түркістан облыстық полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасында осы бағытта киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың алдын алып, анықтауда 6 жедел уәкіл, 3 тергеушіден құрылған «Киберқылмысқа қарсы күрес» тұрақты тобы белсенді түрде жұмыс жүргізіп жатыр. Департамент бастығының тапсырмасымен құрылған топ интернет-алаяқтық қылмысымен айналысқан жалпы 31 тұрғынды ұстап, олардың интернет-алаяқтық қылмысына (56 дерек) қатысы барын дәлелдеген. Бұл қылмыстық істер бойынша жинақталған іс құжаттары сотқа жолданған.
Киберқылмысқа қарсы күрес қызметкерлері болған интернет-алаяқтық қылмыстарын саралап, жергілікті халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында жүйелі профилактикалық іс-шараларды үнемі ұйымдастыруда. Солардың бірі ретінде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтарға, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы күрес тиімділігін арттыруға бағытталған «Anti-Fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасын айтуға болады.
Біле жүріңіз, алаяқтарға Сіздің картаңыздың немесе шотыңыздың нөмірін және сіздің атыңызды, тегіңізді, ЖСН білу жеткіліксіз. Олардың шотыңыздағы ақшаңызды өздеріне аударып алу үшін картаныздың толық деректемелері қажет. Айталық, жарамдылық мерзімі және қауіпсіздік коды, мысалы, VISA карталарына арналған CVV коды немесе MasterCard карталары үшін CVC-код. Сондай-ақ олар сіздің телефоныңызға SMS, логин, онлайн-банкингтен пароль, мобильді банктік қосымшадағы жеке кабинеттер түрінде келіп түсетін банктің кодтары мен хабарламаларын білуге тырысады. Жалпы осы кодтарды білгенде ғана Сіздің картаңызға қатысты операцияларды кедергісіз орындап, ақшаңызға ие бола алады.