Алаяқтар азаматтарды алдаудың неше түрін ойлап табуда. Олар жаңа әдісі ретінде әскери қызметке шақыруды қолдана бастады. Әлеуметтік желілер арқылы сізді әскери қызметке шақырып жатқанын ескертіп, «бұл туралы сілтемені басу арқылы толығырақ білуге болады» деген сыңайлы хабарламалар жібереді. Мұны оқыған жастар әлгі көрсетілген сілтемеге өтіп, алаяқтарға өздерінің гаджеттеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, телефон алаяқтары жастарға немесе олардың туыстарына қоңырау шалып, әсер етудің психологиялық әдістерін қолдана отырып, әскери қызметті кейінге қалдыру секілді себеппен белгілі бір соманы ала алады. Сондықтан, құқық қорғаушылар алаяқтардың гаджеттеріңізге қол жеткізуіне жол бермеңіздер деп ескертеді.
Жалпы гаджеттерге алаяқтық шабуылдар күн сайын жасалып тұрады. Алаяқтар адамдардың дербес деректерін және телефондардан басқа да жеке ақпаратты ұрлауға маманданған зиянды трояндарды белсенді түрде таратқан. Сондықтан, әркез абай болу керек. Реті келгенде оқырмандарға алаяқтардың қандай деректерді қолды еткісі келетінін айта кетейік.
Сіздің картаңыздың немесе шотыңыздың нөмірін және сіздің атыңызды, тегіңізді, ЖСН білу, алаяқтардың шоттан ақша алуына жеткіліксіз екенін әркез есіңізде ұстаңыз. Бұл үшін оларға картаның толық деректемелері қажет, яғни жарамдылық мерзімі және қауіпсіздік коды, мысалы, VISA карталарына арналған CVV коды немесе MasterCard карталары үшін CVC-код. Сонымен қатар, олар сіздің телефоныңызға SMS, логин, онлайн-банкингтен пароль, мобильді банктік қосымшадағы жеке кабинеттер түрінде келіп түсетін банктің кодтары мен хабарламаларын білуге талпынады. Өйткені, сонда ғана олар сіздің шотыңыз бойынша кез келген операцияларды кедергісіз орындауға мүмкіндік беретін барлық төлем ақпаратына ие бола алады.
Әлеуметтік инженерия мен фишингті қолдана отырып, алаяқтар сіздің гаджеттеріңізге, атап айтқанда ұялы телефонға қашықтан қол жеткізу және осылайша құпия ақпаратты ұрлау мақсатында конфиденциалды деректерді білуге тырысады. Сол себепті орайы келгенде гаджетіңізді кибершабуылдардан қалай қорғау керектігін де айта кетейік.
Әрине, ешкім де маңызды қаржылық ақпаратты алаяқтарға өз еркімен бергісі келмейді. Онда қаскөйлер түрлі бағдарламалық қамтылымдарды (БҚ) пайдаланады. Мысалы, трояндарды іске қосады, трояндар — рұқсат берілген БҚ түрінде бүркемеленген зиянкес бағдарлама. Олар пайдаланушылардың жүйелеріне рұқсатсыз қол жеткізуге көмектеседі және қажетті қаражатты ұрлайды. Көп жағдайда трояндар мобильді қосымшалар мен мессенджерлерге шабуыл жасайды, себебі адамдар үнемі өз телефонын банктік қосымшалар орнатылған, парольдер мен басқа да маңызды ақпараттар сақталатын сенімді құрылғы ретінде қолданады. Сондай-ақ, шабуылдар кезінде SMS хабарландыруларды қолданылады.
Мұндай шабуылдардан қорғану үшін тексерілген вирусқа қарсы бағдарламаларды пайдалану қажет. Оларды өзіңіз қолданатын барлық құрылғыларға орнатып алыңыз және жиі-жиі жаңартып отыруды ұмытпаңыз дегіміз келеді. Себебі алаяқтар үнемі БҚ мен қосымшалардағы кемшіліктерді іздеп отырады.
Сіздің поштаңызға келетін сілтемелерге назар аударыңыз, егер де домен күдік туғызатын болса, сілтемені ашпаңыз, бұл жерде бұзып кіру қауіпі де бар. Спамдарды бұғаттаңыз және оны корзинаға жөнелтіңіз. Операциялық жүйені жаңартып отырыңыз және барлық қосымшаларға, пошта жәшіктеріне, әлеуметтік желілердегі аккаунттарға сенімді және әртүрлі құпия сөздерді орнатыңыз. Қосымшалардың және басқа да маңызды сервистердің парольдерін және кіру кодтарын телефонда сақтамаңыз. Құрылғының жадында электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) кілтін сақтамаңыз. Құрылғылардың жадында банк карталарының фотосуреттерін, сондай-ақ парольдің жазылуы мен дербес құпия деректердің ұрлануына әкелуі мүмкін басқа да ақпаратты бейнелейтін фотосуреттерді сақтамаңыз және мессенджерлерде жібермеңіз.
Тексерілген ақпарат көздеріне ғана сену ләзім. Мәселен, Айфон иелері қосымшаларды AppStore-ден ғана, ал Android базасындағы телефондар – Google Play-ден ала алады. Қосымшаны жүктемес бұрын пайдаланушылардың түсіндірмелерімен мұқият танысыңыз және әзірлеушілердің қосымшаны кезеңмен жаңартып отыруына (ресми дүкендерде міндетті тәртіппен соңғы жаңартулардың күні көрсетілген) көз жеткізіңіз. Уақыт өткен сайын орнатылған қосымшалардың тізімін тексеріңіз. Керек емесін, егер оларды жиі пайдаланбасаңыз, әсіресе, егер олар ресми дереккөздеріне болмаса және соңғы рет қашан жаңартылған белгісіз болса алып тастаңыз. Сіз құрылғынызды бұзу әрекетіне осылайша жол бермейсіз. Банк картасын қосымшалардың ақылы сервистеріне байланыстырмаңыз.
Сіз зиянды бағдарламалар ғана қауіп төндірмейтіндігін түсінуге тиіссіз. Алаяқтар сіздің ақшаңызды алу және гаджетіңізді басқару үшін қашықтан қолжетімділіктің жария бағдарламаларын жиі пайдаланады. Осы бағдарламалардың көмегімен қылмыскерлер банктен келетін пароль мен кодтары бар SMS-ты оқи алады. Сіздің мобильдік банктік қосымшаға кіре алады. Сіздің атыңыздан ақша аударады немесе кредит алады. Мұның бәрі, егер сіз өзіңіздің мобильді телефонға «шпиондық» қосымшаны көшіріп алған болсаңыз іске асады. Сондықтан сізден түрлі себептер бойынша қандай да бір бағдарламаны немесе қосымшаны көшіріп алуды сұрайтын адамдарға сенудің қажеті жоқ екенін ескертеміз. Мысалы, сізге телефонға банктің немесе өзге де қаржы ұйымдарының қызметкерлері болып қоңырау шалады және сіздің шотыңызға алаяқтық шабуылдарға байланысты қосымшаны көшіріп алуды сұрайды.
Айта кетейік, соңғы уақытта қоғамда белең алған алаяқтық әрекеттердің алдын алу мақсатында Түркістан облыстық полиция департаменті жанынан «CyberPol» арнайы жедел-тергеу тобы құрылған болатын. Қазір аталмыш топ мүшелері қоғамымызда алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қою мақсатында нақты шараларды қолға алуда. Нәтижесінде айласын іске асырғысы келетіндер қолға түсіп жатыр.
Толығырақ тоқтала кетейік, «CyberPol» пилоттық жобасы цифрлық технологиялар арқылы жасалатын заңсыздықпен күресуді, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауды, ел тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыруды көздейді. Қазіргі таңда осы бағытта Түркістан облыстық полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасында киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың алдын алып, анықтауда 6 жедел уәкіл, 3 тергеушіден құрылған «Киберқылмысқа қарсы күрес» тұрақты тобы белсенді түрде жұмыс жүргізіп жатыр. Департамент бастығының тапсырмасымен құрылған топ интернет-алаяқтық қылмысымен айналысқан жалпы 31 тұрғынды ұстап, олардың интернет-алаяқтық қылмысына (56 дерек) қатысы барын дәлелдеген. Бұл қылмыстық істер бойынша жинақталған іс құжаттары сотқа жолданған.
Киберқылмысқа қарсы күрес қызметкерлері болған интернет-алаяқтық қылмыстарын саралап, жергілікті халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында жүйелі профилактикалық іс-шараларды үнемі ұйымдастыруда.