Интернет желісінде алаяқтық әрекет жасаған қылмыскерлер еліміздің аумағынан тыс жерлерде де болуы мүмкін. Яғни, қылмыстың бұл түрін халықаралық сипатқа ие деуге болады.
«Алаяқтар ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, желілерде тіркелу кезінде және ақша қаражаттарын алу барысында да өз деректерін жасырып жасайтындығына байланысты ерекше қиындық туғызады», — дейді құқық қорғаушылар. Қылмыстарды объективті тергеу мақсатында тиісті процедуралық іс-шаралар мен қажетті операциялар және тағы басқа да тергеу амалдары өткізіледі. Сондай-ақ, істердің тергелу барысы ұқыптылықты, көптеген карточкалық аударымдар бойынша мұқият аналитикалық жұмысты, ақыл-ойдың өткірлігін және көп уақытты қажет етеді.
Азаматтардың интернет-алаяқтық туралы әрбір өтініші бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіледі. Алаяқтардың құрығына жасына, жағдайына, ұлтына, мамандығына және тағы басқа да статустарына қарамастан кез келген азамат ілігуі мүмкін. Интернеттегі алаяқтықты жүзеге асыру барысында қылмыскерлер өздерін көбіне банк қызметкері немесе банктің қауіпсіздік қызметі ретінде таныстырады. Сөйтіп, жалған электронды чектерді пайдалану, сатып алу туралы хабарландырулар тарату, жарнамалау, сату, онлайн-кредиттерді ресімдеу арқылы жасайды.
Айталық, оқу жылы аяқталар тұста ғаламторда талапкерлерге арналған ұлттық бірыңғай тест жауаптарын сататындар көбейеді. «ҰБТ-ны сәтті тапсыруға көмектесеміз» дегендердің бәрі бірдей Сізге тестілеуді сәтті тапсыруға қол ұшын бере алмайтынын ескергеніңіз жөн.
Түлектердің бірі өз қабілеттеріне сенімді болса, ал кейбіреулері оқуға мемлекеттік грант арқылы түсу үшін балл жинай алатынына алаңдайды. Әртүрлі сайттарда сынақтан өтіп, өз күштерін белсенді түрде сынап көруге тырысады. Осындайда алаяқтар әлеуметтік желілер арқылы берілген сілтемені басу арқылы тест тапсырып көруге немесе тест жауаптарын сатып алуға болатын сілтемелер таратады. Жастар әр түрлі вирустық қосымшаларды өз еркімен жүктеп, фишингтік сайттарға ауысады. Осылайша өз аккаунттарына кіруге мүмкіндік береді. Әрі қарай, алаяқтар түлектердің әлеуметтік желілердегі аккаунттарын бұзады және олардың атынан достарына сондай зиянды сілтемелер жібереді. Сондықтан, мектепті бітіргелі отырған түлектерге де абай болған абзал дегіміз келеді. Фишингтік сілтемелерге өтпеңіз. Күдікті сайттарға тіркелмес бұрын, олардың мекенжайын тексеріңіз, ол мекенжай https:/ — ден басталуы керек екенін есте сақтаңыз.
Алаяқтардың жиі қолданатын схемалары – бұл фишингтік сайттар мен мобильдік қосымшаларда жалған хабарламалар жіберу арқылы дербес деректерді ұрлау; мобильдік құрылғыдағы жеке кабинетке кіру мақсатында азаматтарды алдап, өздерін қаржы ұйымдарының қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде көрсету.
Зерттеу қорытындысы бойынша респонденттердің 55,8 пайызы қаржылық алаяқтыққа, оның ішінде 34,2 пайызы телефон алаяқтығына (вишинг), 32,7 пайызы интернет-алаяқтыққа (фишинг) тап болғаны анықталды. Сауалнамаға қатысқандардың 21,6 пайызы қаржы пирамидалары тарапынан, ал 11,5 пайызы төлем карталарымен алаяқтық әрекеттердің қатысушылары болған.
Азаматтарды алдау үшін алаяқтардың қолданатын құралдар жиыны жеткілікті. Олар әлеуметті жағдайы жақсы адамдарға телефон соғып шығу үшін қазақстандық қаржы институттарының абоненттік нөмірлерін қайталауға мүмкіндік беретін бағдарламалық қамтылымды (SIP-телефонияны) пайдаланады. Ақша қаражатын қолма-қол ақшаға айналдыру үшін алаяқтар алдына ала келісілген адамдарды тартады, олар өздерінің аңғалдығының салдарынан және оңай жолмен ақша табу мақсатында алаяқтардың айла-шарғыларына көнеді. Бұл ретте, тергеу іс-шараларын жүргізу кезінде құқық қорғау органдары бірінші кезекте осындай адамдарды әңгімеге тартатынын еске саламыз.
Егер сіз алаяқтарға ақша аударған болсаңыз, ең алдымен банкке хабарласып, менеджерден ақшаны қалай қайтаруға болатынын білуіңіз керек. Қаражат әлі аударылып жатқан болса, онда операцияны тоқтатуға болады. Соңғы операцияны қайтару туралы өтініш жазыңыз. Банктердің қаражатты қайтаруы немесе соңғы операцияны тоқтатуы бірнеше сағаттан 60 күнге дейін жүзеге асырылады.
Егер аударым іске асырылған болса, дереу құқық қорғау органдарына хабарласыңыз. Құқық қорғау органдары азаматтарды жәбірленуші деп таныған жағдайда, олар ҚР АК 9-бабына сәйкес үшінші тұлғалардың алаяқтық әрекеттері бойынша сотқа талап-арызбен жүгінуге құқылы.
Сондай-ақ, банктердің техникалық төлемдері жақсы қорғалғанын есте сақтаңыз. Алаяқтар банктердің техникалық қауіпсіздігін бұзуға емес, азаматтардың сеніміне кіруге баса назар аударады. Шоттарыңыздағы барлық операцияларды бақылау үшін мобильдік банкті және SMS-хабарламаларды қосып алыңыз. Осылайша сіз алаяқтардың әрекеттеріне жылдам жауап бере аласыз — мұндайда уақытты өткізіп алмау өте маңызды.
Өзіңізбен бірге алып жүретін және күнделікті шығындар үшін пайдаланатын картада көп ақша сақтамаңыз. Қажет болған жағдайда негізгі шоттан немесе депозиттен аударым жасаған дұрыс.
Алаяқтардан сақтаныңыз!