Бүгінде қоғамымызда алаяқтар қатары күн санап артып келеді. Қорқыныштысы сол, олардың айла-шарғылары әртүрлі. Жалпы алаяқтық қылмыс біздің елімізде пандемиядан кейін күрт көбейді. Құқық қорғаушылар адамдардың онлайн көрсетілетін қызметтерді пайдалана бастағанда алаяқтар да жауыннан кейін өсетін саңырауқұлақтай қаулап кеткенін айтады.
Жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, ақпараттық технология дамыған сайын олардың алдау тәсілдері жаңарып, түрлене түсуде. Мәселен, ел арасында «кәсіпкерлікпен айналысу үшін мемлекеттен берілетін грантты алып беремін» деп алдап, жұрттың ақшасын иемденіп қашып жүргендер де бар. Сондай оқиғаның бірі жақында Келес ауданында орын алды.
Толығырақ баяндай кетейік, Келес аудандық сотының 4 тамыз 2023 жылғы үкімімен аудан тұрғыны «Т.Ә» есімді азаматша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнің 190бабының 3-бөлігі 4-тармағымен (бірнеше рет жасалған алаяқтық) кінәлі деп танылып, оған осы баппен 3 (үш) 6 (алты) ай бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, жазаның барлық мерзімінде пробациялық бақылау белгіленді.
Сотталған «Т.Ә» есімді азамат 2022 жылдың қыркүйек және қазан айларында Келес ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округінің 3 азаматшасынан Келес ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығынан «2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін берілетін 1 380 000 теңге мемлекеттік грантты алып беремін деп әр қайсысынан 110 000 теңге көлемінде ақша қаражаттарын алаяқтық, яғни сенімді теріс пайдалану арқылы жымқырған.
Түркістан облыстық полиция департаменті мамандарының мәлімдеуінше, кейбір тұлғалардың қызмет бабын пайдалана отырып немесе оңай жолмен ақша тапқысы келіп алдауы, сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін жымқыру не болмаса мүлде танымайтын бейтаныс адамды жалған уәделермен сендіру арқылы алдау және оған шығын келтіріп, өзгеге зардап шектіру алаяқтық болып табылады. Алаяқтықтың соңы жаза екенін білсе де бұл қылмысқа баратындар азаймауда. Себебі, алаяқтардың біз білмейтін сан мың түрлі әдісі бар. Аты айтып тұрғандай алаяқ болғандықтан өз мақсатына жету үшін сол жолдың барлығын пайдалануға тырысады. Осы тұрғыда сіздерге интернет алаяқтық және қаржы пирамида қылмыстарының құрбаны болмау мақсатында, алаяқтықтың кең таралған түрлері туралы мағлұмат бере кетсек.
Мәселен, интернет-дүкен алаяғы. Ол үшін алаяқтар онлайн дүкендерді пайдаланады. Себебі бүгінде көпшілігіміз үйде отырып-ақ өзімізге керекті заттарға тапсырыс беруді әдетке айналдырғанбыз. Бұл бір жағынан тиімді болғанымен, екінші жағынан қауіпті. Себебі алаяқтар сіздің сеніміңізді пайдалана отырып, сан соқтырып кетуі әбден мүмкін. Олар алдын ала төлем жасауды сұрайды. Ал, ақшаңызды алып алғаннан соң зым-зия жоғалады. Бастапқыда берілген мекен-жайды анықтау мүмкін емес болып қалады.
Сонымен қатар, интернеттегі қайырымдылықпен айналысатын ұйымдар да түрлі алаяқтық әрекеттерге барады. Компания болып құрылдық деп жұмыс істеп тұрады. Салымшылардың сеніміне кіріп, ақшаны жымқырғаннан соң жабылып қалады. Кейіннен жаңадан және жаңа атаумен ашылып қайтадан алаяқтық әрекеттерін жүзеге асырады. Олардың ғаламтордағы сайтының ақпары 2 беттен аспайды. Сондықтан, құқық қорғаушылар мұндай компаниялардың жұмысына, өздерін сол компания мүшесіміз деп таныстырған адамдардың сөзіне күмәнмен қарау керектігін ескертеді.
Кейбір алаяқтар кез-келген адамның аккаунтын бұзу арқылы оның қаражаттарын алып, құпия болған жеке мәліметтеріне қол жеткізуде. Сосын қазір «ұтыс ұттыңыз» деп хабарлайтындар да бар. Немесе ұялы телефонға смс хабарлама, поштаңызға жүлде ұтысы туралы ақпарат келгенін мәлімдеп, оны алу үшін ақша аударуыңызды сұрайды. Сондай-ақ, есіңізде болсын алаяқтар құмар ойынға жақын адамдарды да тез құрыққа түсіреді.
Бұлар ғаламтор арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттің түріне жатады. Сондықтан, құқық қорғаушылар тұрғындарға оңай жолмен табыс табамын деп осындай тұзаққа түсіп қалмау керек екенін ескертеді.
Келес ауданының прокуратурасының мәлімдеуінше, 2022 жылы ауданда жалпы 63 алаяқтық қылмыс тіркеліп, 33 іс бойынша соттың айыптау үкімі шыққан болса, ағымдағы жылдың өткен мерзімінде 39 алаяқтық қылмыс тіркеліп, оның 13-іне соттың айыптау үкімі шыққан.
Жалпы, елімізде соңғы жылдары белең алған алаяқтық әрекеттердің алдын алу үшін ҚР Ішкі істер министрлігі Киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі орталық құрып, өңірлерде пилоттық жоба ретінде «CyberPol» қызметін іске қосты. Цифрлық технологиялар арқылы жасалатын заңсыздықпен күресуді күшейтіп, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасап, ел тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыруды мақсат еткен Түркістан облыстық полиция басқармасының Криминалдық полиция басқармасы «CyberPol» пилоттық жобасы аясында арнайы топ құрды. Қазіргі таңда оның құрамындағы 6 жедел уәкіл мен 3 тергеуші алаяқтықтың алдын алуға жұмылдырылған.
Түркістан облыстық полиция департаментінің статистикалық деректеріне сүйенсек, жыл басынан бүгінге дейін өңірімізде интернет-алаяқтық бойынша 311 (2022 жылы — 321) іс тіркелді. Оның 118–і (2022 жылы — 152) – сотқа жолданды. 129 –ы (2022 жылы — 159) ашылмай қалып тұр. Ашылу пайызы 47,7-і (2022 жылы 48%) құрады.
Республика бойынша 2022 жылы тіркелген 37 286 қылмыстың 47 пайызы интернет алаяқтық болса, Түркістан облысында бұл көрсеткіш 35 пайызды (2240-тың 794-і) құраған.Көп жағдайда азаматтар ғаламтор және мобильдік банкинг арқылы тексерілмеген есеп шоттарға ақша аудару салдарынан алаяқтықтың құрбаны болып отыр.
Қорыта айтқанда, қазір қаулап кеткен алаяқтардан қорғану үшін тұрғындар дербес деректеріне сақ болуы ләзім. Сосын пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге айтпау керек. Сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жасауға асықпаған жөн. Ол үшін сайт туралы толығырақ ақпарат алып, оны тексеріп алған дұрыс.