Құқық қорғаушылар елімізде тіркелетін қылмыстық істердің көпшілігі алаяқтыққа байланысты болып жатқанын айтады. Жалпы алаяқтық дерегінің өскені кімді болса да ойландырмай қоймайды. Соның ішінде, әсіресе, интернет арқылы жасалынатын алаяқтық қаулап барады. Солардың бірі ретінде Шымкент қаласында алаяқтық жасап қолға түскен түркістандық азаматты мысалға келтіруге болады. Жағдайды толығырақ баяндай кетейік.
Шымкент қаласы Абай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғанын айтып шағымданды. Ол өз арызында «Интернеттегі ақшаңызды 10 күнде 50 пайызға көбейтіп беремін» деген жалған жарнамаға сеніп қалғанын жазған.
Жәбірленуші алған ақпараттың рас немесе өтірігіне көз жеткізу мақсатында, қала аумағында бейтаныс келіншекпен кездескен. Ол берген ақшасын он күн ішінде көбейтіп беретініне сендіріп, өзінің банктік есеп шотына 1 290 000 теңге аударым жасатып, ізін суытқан екен.
Уәде етілген мерзім өткен соң, күдікті ұялы телефонға жауап бермей, із-түссіз жоғалғанда ғана әйел алаяққа алданғанын түсінген. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190бабының 1-бөлігі «Алаяқтық» бойынша тіркеді. Күдіктінің жеке басын анықтады. Ол 27 жастағы Түркістан облысының тумасы болып шықты.
Тергеу барысында азаматшаның бұған дейін осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотты болғаны анықталды. Сондай-ақ, алаяқтық жолмен иемденген қаржысын құмар ойынға тігіп, ұтылып қалғаны белгілі болды. Сот отырысында, айыпталушы өз кінәсін мойындап, жәбірленушіге келтірілген шығынды толық өтегенін жеткізді. Сәйкесінше, сот оған қатысты 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Өңір полицейлері азаматтарды алаяқтардан барынша сақ болуға шақырады. Жеңіл жолмен келетін пайдаға қызықпауды және оны ұсынатын адамдарға сенбеуді, олардан аулақ болуды ескертеді.
Сатистикалық деректерге сүйенсек, кейінгі 5 жылда мемлекетімізде кісі өлтіру саны 823-тен 520-ға, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру – 2 198-ден 1 840-қа, зорлау – бірден 3 есеге немесе 1 130-дан 386 оқиғаға қысқарды. Пайдакүнемдік, зорлық-зомбылық қылмыстары, соның ішінде қарақшылық 580-ден 177-ге, тонау 8 091-ден 2 404-ке, ал ұрлық 180,1 мыңнан 58,8 мыңға дейін азайды. Қылмыстың азайғаны кімді болса да қуантады ғой. Дегенмен, соның салдарынан келтірілген залал сомасы керісінше арта түсуде. Айталық, 2018 жылы – 237,3 млрд, 2019 жылы – 312,3 млрд, 2020 жылы – 684,6 млрдқа көбейсе, 2021 жылы – 302,2 млрд теңгеден 2022 жылы – 495,1 млрд теңгеге өскен. Сала мамандары бұған елімізде интернет арқылы жасалып жатқан алаяқтық әрекеттердің көбеюі себеп екенін алға тартады.
Осындай келеңсіздіктердің алдын ала мақсатында ҚР Ішкі істер министрлігі Киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі орталық құрып, өңірлерде пилоттық жоба ретінде «CyberPol» қызметін іске қосты. Цифрлық технологиялар арқылы жасалатын заңсыздықпен күресу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасап, ел тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Түркістан облыстық полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасы жанынан құрылған «CyberPol» пилоттық жобасында киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың алдын алуға 6 жедел уәкіл мен 3 тергеушіден құрылған «Киберқылмысқа қарсы күрес» тұрақты тобы бекітілген. Қазіргі таңда аталған топ өңірден 31 тұрғынды ұстап, олардың 56 дерек бойынша интернет-алаяқтық қылмысқа қатыстары бар екенін дәлелдеген.
«Cyberpol» арнайы тобының мүшелері алаяқтық әрекеттерді болдырмау мақсатында бірқатар шараларды атқаруда. Мәселен, жақында Түркістан облысының полицейлері ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтар, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы күрес тиімділігін арттыру мақсатында республикалық «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.
Өңір полицейлері «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасының екі тәулігінде бұрын тіркелген 14 қылмыстық іс ашылғанын айтады. Сондай-ақ, шұғыл іздестіру шараларын жүргізу нәтижесінде Түркістан облысы мен Шымкент қаласы аумағында 10 дерек бойынша интернет-алаяқтық қылмысын жасап, жасырынып жүрген тұрғын анықталды.
«Қоғамымызда интернет алаяқтарының көбеюінің бірден-бір себебі халықтың қаржылық сауатсыздығы мен құқықтық және компьютерлік сауатсыздығынан», — дейді құқық қорғаушылар.
Сондықтан, тұрғындарға «аз күннің ішінде орасан зор пайдаға, байлыққа кенелесіз» деп қызықтырған алаяқтарға сене бермеу керек екенін айтамыз. Алаяқтарға инвестиция құйып, ақшаңызды көбейтуді ойласаңыз онда ақшаңыздан қағылдым дей беріңіз. Сіз өз ақшаңызды қайтарып алайын деп әрекет жасайтын болсаңыз, бос ауаға инвестиция салғаныңызды білесіз. Оған мысал ретінде жоғарыдағы оқиғаны келтірдік. Сондықтан, Сізге мол пайда алуды ұсынып бейтаныс адам себепсіз хабарласса, сақ болыңыз.
Сол себепті адамдарға әр кез алаяқтан қорғана білу керек. Жоғарыда айтып өткеніміздей, киберқылмыскерлер мен интернет-алаяқтар жаңа схемаларды әзірлеуді жалғастыруда.