Қоғамымызда алаяқтық асқынып барады. Мұны заман көреміз бе әлде адамнан көреміз бе? Әйтеуір бір шешімін таба алмай далмыз. Анығы сол, оңай жолмен олжа табуды көздегендер қатары күн өткен сайын артып келеді. Олардың айла-тәсілдері де жаңара түсуде. Қазір «шотымдағы ақшадан қағылдым» немесе «алданып қалдым» деп өңірлердегі полиция бөлімшелерінің табалдырығын тоздырған жұрттың қарасы қалың. Соған орай ҚР Ішкі істер министрлігі алаяқтық қылмыспен күресті барынша күшейтуге күш салуда.
Ақпарат технологияның өмірімізді жеңілдеткенімен, ғаламтордағы алаяқтық әрекеттердің белең алуына түрткі болып отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт, Берекелі қоғам» атты Жолдауында:
— Интернет жəне телефон арқылы жасалатын алаяқтық əрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ азаматтардың құқықтық жəне қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн, — деген болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сөзі алаяқтық жайлы мәселеге бей-жай қарауға болмайтынын аңғартса керек.
Құқық қорғаушылардың мәлімдеуінше, интернет арқылы жасалынатын алаяқтық әрекеттердің өршуіне пандемия кезіндегі шектеу шаралары себеп болды. Яғни, тұрғындар өздеріне керекті заттарын, айталық азық-түліктерін, киім-кешектерін онлайн қызмет көрсету түрлеріне жүгініп сатып алып отырды. Банктер де онлайн қызмет көрсетуге көшті. Қоғамымызда электронды ақша аударымдары көбейді. Цифрлық технологияның дамуы осы жағынан алғанда тұрғындарға тиімді болғанымен, екінші жағынан қарағанда алаяқтық әрекеттерге баратындардың санын өсіріп жіберді.
Өзінің ойлап қараңызшы, қазір кез келген адам өзінің қолындағы ұялы телефондағы мобильді қосымшалар арқылы банктердің қызметін пайдалана алады. Алаяқтар осыны пайдалана отырып, адамдардың қаражатын өздеріне аударып алып, иемденуде. Мұндай заңға қайшы әрекет ететіндер өкінішке қарай күннен күнге көбейе түсуде. Олардың тұрғындарды алдау жолындағы айла-шарғылары да әртүрлі. Соның бірі ретінде алаяқтардың адамдарға ақшасының сақталуын қамтамасыз ету үшін шоттағы және депозиттегі жинақтарын сақтандырылатын шоттарға аударуды ұсынады. Және сондай әрекет етуге оларды көндіреді. Көндіріп қана қоймайды, бірнеше несиені мойнына іліп кетеді.
Әрине, қазіргі нарықтық уақытта кез келгеннің қолында миллиондаған ақша жоқ. Сондықтан, алаяқтар көбіне зейнеткерлер мен жастарды айналшақтап жүр. Алаяқтардың тұзағына түсіп, полиция бөлімшелеріне арызданғандардың дені зейнет жасындағы қариялар деседі.
Түркістан облыстық полиция департаментінің статистикалық деректеріне сүйенсек, жыл басынан бүгінге дейін өңірімізде интернет-алаяқтық бойынша 311 іс тіркелді. Оның 118–і сотқа жолданды. 129 –ы ашылмай қалып тұр. Ашылу пайызы 47,7-і құрады.
Алаяқтармен күрес жұмыстарын тыңғылықты жүргізу мақсатында облыстық полиция департаменті жанынан «CyberPol» соққы-нысаналы тобы құрылып, оның құрамына 6 жедел уәкіл, 3 тергеуші, 1 криминалист және 1 ІТ-маман кірді. «CyberPol» соққы-нысаналы тобының басты мақсаттарының бірі — халықтың қаржылық сауаттылығын арттырып, профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру. Орын алған интернет-алаяқтық қылмысын жедел түрде ашып, қылмыскерді Заңды жауапқа тарту болып табылады.
Айта кетейік, елімізде қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 190бабының 2-бөлігі 4-тармағында ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану арқылы алаяқтық жасаған қылмыскер 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Немесе оған айыппұл (4 мың АЕК) салынады. Қылмыстық топ құрамында немесе аса ірі мөлшерде жасалған жағдайда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Cyberpol» соққы-нысаналы тобының тиімділігін арттыру мақсатында арнайы жұмыс орны, тиісті компьютерлік техника, ақпараттық мамандандырылған бағдарламалармен және қызметтік автокөлікпен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар қылмыстарды ашу барысында арнайы жедел-тергеу тобы ҚР Ішкі істер министрлігімен ұсынылған ақпараттық-аналитикалық бағдарламаларды пайдалануда.
Интернет-алаяқтық қылмыстарының алдын алудың басты шешімдерінің бірі – ол профилактикалық іс-шаралар, сондықтан «Cyberpol» қызметкерлерінің бастамасымен халық арасындағы үлкен назарға ие тұлғалар, яғни блогер және актерлердің қатысуымен ескертпе бейне-роликтері жарыққа шығуда. Халық көп шоғырланатын орындарда, сауда-орталықтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында және базарларда ескертпе шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, қазіргі заман талабына сай әлеуметтік желілері арқылы профилактикалық іс-шаралар қарқынды түрде өткізілуде.
Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша дін басқармасы әр аптаның жұма күндері мешіттер мен медреселерде, ал облыстық мәдениет және туризм басқармасымен бірге әрбір мәдени іс-шаралардың барысында «Интернет-алаяқтарынан сақ болыңыздар!» атты тақырыпта ескертпе шараларын өткізу жөнінде келісімге қол қойған. Облыстық прокуратура қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырылып, интернет-алаяқтық қылмыстарын тергеу барысында қиындық тудыратын сұрақтарды шешу мәселелері талқылануда.
Құқық қорғаушылар тұрғындарға интернет-қылмыскерлердің құрбаны болмас үшін мынадай қауіпсіздік шараларын сақтау керектігін алға тартады. Айталық, паспорттық және өзге де дербес деректермен бөліспеңіз. Банк карталарының нөмірлерін, пин-кодты, сондай-ақ, ұялы телефонға келіп түскен SMS парольдерді, тіпті егер Сізге банк қызметкері ретінде таныстырған болса да бермеу қажет. Жарнамадағы ақпаратты мұқият және толық оқып шығыңыз. Кез келген ұсынысқа сын көзбен қараңыз. Тауарды сатып алу (сату) кезінде алдын ала төлем жасауға келіспеңіз. Белгісіз адамдарға ақша аудармаңыз. Күмәнді шарттар мен мәмілелер жасамаңыз. Банк қосымшалары арқылы шоттағы шығыс лимитін белгілеп, мүмкін болатын транзакциялар мөлшерін шектеңіз. Өз құжаттарыңыздың, мәселен жекекуәлігіңіздің, банк картасының фотосуреттерін ешкімге жолдамаңыз. Осы айтылған құжаттар алаяқтардың қолына түссе, ол микрокредиттік қаржы ұйымдарынан немесе банктерден сіздің атыңызға несиелерді оңай рәсімдеуге мүмкіндік береді.
Сондықтан, әр кез есіңізде сақтаңыз егер де сізге банк қызметкері ретінде хабарласып, несие рәсімдеуге нұсқаулар айтып, құпия сөзді сұраса, полиция қызметкері ретінде хабарласып, жеке мәліметтеріңізді сұраса, интернеттегі арзан тауарға, сатушы алдын ала төлем сұраса, интернетте ақша табу, ақшаңызды көбейтіп беремін деп, алдын ала ақша сұраса, ұтыс ойынының жеңімпазы болдыңыз деп, сыйлықты алу үшін алдын ала ақша сұраса, сіздің танысыңыз ретінде бөтен тұлға интернет арқылы қарызға ақша сұраса, интернет арқылы сатып жатқан тауарыңызды сатып аламын деп, сілтемеге карта деректерін енгізуді сұраса онда олар интернет алаяқтары. Оларға жеке деректеріңізді, құпия сөзді және банк есепшотыңызды айтуға, ақша аударуға асықпаңыз. Қандайда бір қоңырау күмән тудырса, жергілікті полиция бөлімшесіне хабарласыңыз немесе «102» телефон нөміріне қоңырау шалыңыз.
Құқық қорғаушылар алаяқтар қолданатын әлеуметтік желілер арасында инстаграмм мен Telegram мессенджері алдыңғы қатарға шыққанын айтады. Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта өзге адамның әлеуметтік желідегі аккаунтын пайдаланып, ақшалай көмек сұрайтын алаяқтар да көбейіп кетті. Олар бұрындары елімізге есімі белгілі тұлғалардың аккаунттарын жасау арқылы азаматтардан қаржылай көмек сұраса, қазір әлеуметтік желіде кез келген адамның жалған аккаунты жасап, сол арқылы оның ата-анасынан, бауырларынан, достарынан, жақын араласатын таныстарынан қайғылы жағдайға ұшырап отырғанын айтып, белгілі бір банк картасына ақша аударып, көмек беруін өтінеді.
Интернет алаяқтарынан сақтану үшін мынадай кеңестерге құлақ түріңіз. Сіз интернет арқылы келген сілтемеге өткен кезде оның мекенжай жайына, жеңілдік жасап отырған ұйымның немесе компанияның ресми атауындағы артық символдарға назар аударыңыз. Жалпы әлеуметтік желідегі өз профиліңіздегі байланыс деректерін көпшілікке қолжетімді етпеңіз. Егер де мобильдік нөмірді міндетті түрде көрсету керек болған жағдайда жұмыс телефоныңыздың нөмірін жазыңыз. Жеке телефон нөміріңізді тек жақын адамдарыңызға ғана беріңіз.
Сосын банк картаңыздың деректерін және оның сыртқы жағындағы 3 санды CVV/CVC-кодын ешкімге айтпаңыз. Сонымен қатар, банктен келіп түсетін SMS-кодты бейтаныс жандарға айтушы болмаңыз. Айта кету керек, қазір барлық жерде интернетке қосылуға мүмкіндік қарастырылған. Тіпті, қоғамдық көлікте де. Дегенмен, интернетке қол жеткізуге болады екен деп кез келген Wi-Fi-нүктелеріне сене бермеу керек. Егер де бопсалаушылардың телефон бойынша талаптарын орындасаңыз, онда Сіздің әп-сәтте интернет-алаяқтардың құрбанына айналып шыға келуіңіз ғажап емес. Мұндай жағдайда дереу өзіңізге жақын маңда орналасқан полиция бөлімшесіне немесе 102 телефоны нөміріне хабарласыңыз.