Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт, Берекелі қоғам» атты Жолдауында:
— Интернет жəне телефон арқылы жасалатын алаяқтық əрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ, азаматтардың құқықтық жəне қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн, — деп, алаяқтық пен қаржы пирамидасы қылмыстарының алдын алу шараларын қабылдау және жедел әрекет етудің маңызды екенін атап өткен болатын.
Алаяқтық қылмыстар, оның ішінде интернет-алаяқтығының бүгінгі қоғамда күрделі мәселеге айналғаны баршамызға аян. Атап айтсақ, республика аумағында тіркелген қылмыстардың көрсеткіші 5 жылда 50 пайызға азайса, ал алаяқтық қылмыстар саны керісінше артқан. Мәселен, соңғы 2 жылда, өңірімізде 2 500-ден астам (2022 ж. – 1570, 2023 ж. – 988) алаяқтық қылмыс тіркелген.
Осы кезеңде алаяқтық әрекеттердің құрбаны болғандардың да саны 6,6 пайызға (2021ж. — 1433, 2022ж. — 1529) өскендігі анықталды. Жәбірленушілердің 82,2 пайызын (2022ж. — 1249, 2023ж. — 963) жұмыссыз жүргендер құраса, 68,1 пайызы (2022ж. — 1068, 2023ж. — 635) әйел адамдар, 26,1 пайызы (2022ж. – 391, 2023ж. — 239) жастар болған. Оларға келтірілген залал 3,8 млрд. теңгені құраса, оның тек 20,7 пайызы (0,8 млрд.) өндірілген. Қазіргі заманауи кезеңде алаяқтықтың түрлері мен тәсілдері өте көп.
Түркістан облысы аймағында алаяқтықтың 7 түрі кең таралған.Алаяқтық санын күрт өсірген фактор – интернет желісінде жасалатын сенімге кіру мен алдау оқиғалары болып табылады. Республика бойынша 2022 жылы тіркелген 37 286 қылмыстың 47 пайызы интернет алаяқтығына байланысты болса, Түркістан облысында бұл көрсеткіш 35 пайызды (2240-тың 794-і) құраған. Көп жағдайда азаматтар ғаламтор және мобильдік банкинг арқылы тексерілмеген есеп шоттарға ақша аудару салдарынан алаяқтықтың құрбаны болып отыр.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, өңірде екі жыл ішінде 700-ге жуық интернет алаяқтығы тіркелген. Интернет-алаяқтықтардың күн сайын жаңа тәсілдері пайда болуда. Облыс прокуратурасымен жүргізілген талдау нәтижесінде әлеуметтік жәлілерді «Whatsapp» мессенджерлерін қолдану арқылы облысымызда 200-ге жуық алаяқтық әрекет іске асырылған.
Алаяқтықтың тағы бір тәсілі — микроқаржы ұйымдарында жалған құжаттардың көмегімен тұлғалардың нақты қатысуынсыз несие рәсімдеу деректеріде көптеп кездеседі. Қылмыскерлер телефон байланысы арқылы банк қызметкерінің рөлін сомдап, әртүрлі сылтаулармен құпия ақпаратты алуға ұмтылады.
Алаяқтықтың тағы кеңінен тараған бір түрі — қаржы пирамидасы. Қаржылық пирамидалар елдің экономикалық қауіпсіздігінде ерекше орын алады. Жоғары білімі бар мемлекеттік қызметшілердің өздері де алаяқтардың құрбаны болуда. Өткен жылдары білім беру мекемелерінің қызметкерлері, яғни 500-ден астам ұстаз «Индиго» қаржы пирамидасы ісінде жәбірленуші болған. Қазіргі таңда өңір полицейлері интернет алаяқтарды ашу жұмыстарын жүргізуде.
Дегенмен, полицияның техникалық мүмкіндіктері барлық алаяқтық қылмыстарын ашуға толық жете бермейді. Бұны кәсіби білікті мамандардың аздығымен және техникалық жабдықталуымен байланысты деп түсіндіруге болады. Бүгінгі күні облыс прокуратурасының бастамасымен «Whatsapp» мессенжерінде алаяқтық қылмысына қарсы жұмыс тобының барлық мүшелерін тіркеу арқылы топ құрылған.
Топ мүшелері күнделікті интернет желілерінде мониторинг жүргізу арқылы күмән тудыратын жарнамаларды «Whatsapp» мессенжеріндегі чатқа жолдау арқылы бұғат қоюмен айналысады.Бүгінгі таңда 20 ға жуық күмән тудыратын сайтқа бұғат қойылды. Қазір аталған топ жергілікті атқарушы органдармен бірге интернет алаяқтығынан сақтану және тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыруға қатысты алдын алу шараларын, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Елімізде алаяқтық жасағандар ҚР Қылмыстық Кодексi
190-бабы бойынша жазаға тартылады. Конституцияда: «Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену –мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады», — делінген.
Сондай-ақ, ата заңда адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып; ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен; мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық – мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ірі мөлшерде; мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса; екі немесе одан да көп адамға қатысты; бірнеше рет жасалған алаяқтық – мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан алты жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға, мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жымқырылған мүліктің он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер олардықылмыстық топ жасаса; аса iрi мөлшерде жасалса,
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан он жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, ал осы баптың үшінші бөлігінің екінші тармағында көзделген жағдайларда белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ақбұлан Алжанов,
Түркістан облысы прокуратурасының
сотқа дейінгі тергеп-тексеру заңдылығын
қадағалау және қылмыстық қудалау
басқарма бастығының орынбасары