Дәл қазір қоғамда алаяқтар бұрынғыдай да белсенді әрі қауіпті бола бастады. Қаншама адам жылдар бойы жинаған ақшаларын қаржылық жобаларға саламыз деп сан соғып қалып жатыр. Жалпы айтайын дегеніміз, алаяқтықтың түрлері де оны жасайтын адамдар да күн сайын көбейе түсуде. ҚР Ішкі істер министрлігі алаяқтық қылмыспен күресу үшін жергілікті полиция департаменттерінің жанынан «CyberPol» қызметін іске қосып, алаяқтықпен күресті барынша күшейтуге күш салуда.
Сала мамандары алаяқтықтың, оның ішінде интернет-алаяқтығының бүгінгі қоғамда күрделі мәселеге айналғанын айтады. Еліміздің тіркелген қылмыстардың көрсеткіші 5 жылда 50 пайызға азайса, алаяқтық қылмыстар саны керісінше артқан. Мәселен, соңғы 2 жылда өңірімізде 2 500-тен астам (2022 ж. – 1570, 2023 ж. – 988) алаяқтық қылмыс тіркелген (2022 жылы 6,5%-ға өскен, ағымдағы жылдың 8 айында 4,7%-ға азайған).
Осы кезеңде алаяқтық қылмыстың құрбаны болғандардың саны да 6,6 пайызға (2021ж. — 1433, 2022ж. — 1529) өскендігі анықталды.Жәбірленушілердің 82,2 пайызын (2022ж. — 1249, 2023ж. — 963) жұмыс жүрген азаматтар құраса, 68,1 пайызы (2022ж. — 1068, 2023ж. — 635) әйел адамдар, 26,1 пайызы (2022ж. – 391, 2023ж. — 239) жастар болған. Оларға келтірілген залал – 3,8 млрд. теңгені құраса, оның 20,7 пайызы ғана (0,8 млрд.) өндірілген. Қазіргі заманауи кезеңде алаяқтықтың түрлері мен тәсілдері өте көп.
Біз облыс аймағында алаяқтықтың 7 түрі кең таралған.Алаяқтық санын күрт өсірген фактор ол интернет желісінде жасалатын сенімге кіру мен алдау оқиғалары болып отыр.Республика бойынша 2022 жылы тіркелген 37 286 қылмыстың 47 пайызы интернет алаяқтық болса, Түркістан облысында бұл көрсеткіш 35 пайызды (2240-тың 794-і) құраған. Көп жағдайда азаматтар ғаламтор және мобильдік банкинг арқылы тексерілмеген есеп шоттарға ақша аудару салдарынан алаяқтардың құрбанына айналып отыр.
Жалпы, статистикалық мәліметке сүйенсек, облыс аймағында екі жыл ішінде 700-ге жуық интернет алаяқтығы тіркелген.Интернет-алаяқтықтардың күн сайын жаңа тәсілдері, жаңа схемалары пайда болуда.Облыс прокуратурасымен жүргізілген талдау нәтижесінде әлеуметтік жәлілерді «Whatsapp» мессенджерлерін қолдану арқылы облысымызда 200-ге жуық алаяқтық әрекет іске асырылған.
Өңір полицейлері қазіргі таңда бар күш-жігерлерін алаяқтық қылмыспен күресуге арнауда. Ақпараттық технология дамыған уақытта алақтарды ұстау да қиынға түсуде. Жалпы бүгінде полиция қызметкері болу үшін білім де, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Әр істің артында адам тұр десек, осынау ауыр жұмысты арқалаған анықтаушының әр сағатының өзі сан түрлі оқиғамен өріліп, оған қаншама күш-қайрат жұмсалатыны даусыз.
Жуырда Ордабасы аудандық полиция бөлімінің анықтаушысы Санжарбек Алибековке Шұбарсу ауылының тұрғыны алғыс білдіріп, хат қалдырды. Жәбірленуші 2023 жылдың шілде айында аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне алаяқтық дерегі бойынша арызданған. Аталған іс анықтаушы Санжарға жолданып, ол жәбірленушіні толықтай тыңдап, айтқан мәселелерінің бәрін назарға алды. Полицей Санжар қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп, кәсібилігінің арқасында алаяқтық жолмен алынған қаражаттар жәбірленушіге толықтай қайтарылды.
Өз кезегінде жергілікті тұрғын жедел іздестіру шараларын тиімді нәтижемен ұйымдастырған тәртіп сақшысына алғыс білдірді. Айта кетейік, ордабасылық полицейлер құқық бұзушылықтарға қарсы тұрып, азаматтардың құқығын қорғап қана қоймай, әрдайым көмекке мұқтаж жандарға заң шеңберіндеқолдау жасап, қоғамның тыныштығын сақтап келеді.
Айта кетейік, елімізде респонденттердің 55,8 пайызы қаржылық алаяқтыққа, оның ішінде 34,2 пайызы телефон алаяқтығына (вишинг), 32,7 пайызы интернет-алаяқтыққа (фишинг) тап болғаны анықталды. Сауалнамаға қатысқандардың 21,6пайызы қаржы пирамидалары тарапынан, ал 11,5 пайызы төлем карталарымен алаяқтық әрекеттердің қатысушылары болған.
Қаржылық алаяқтыққа ұшырауға бейім негізгі тәуекел тобы зейнет жасындағы адамдар болып табылады. 63 жастан асқан сауалнамаға қатысқандардың 50,7 пайызы алаяқтықты бірден ажырата алмаған, оның ішінде 6,3 пайызы қылмыскерлерге жартылай ақпарат берген және ешқашан қылмыскер телефон соққан ұйымның деректерін нақтыламаған.
Азаматтарды алдау үшін алаяқтардың қолданатын құралдар жиыны жеткілікті. Олар әлеуметтік жағдайы жақсы құрбандарға телефон соғып шығу үшін қазақстандық қаржы институттарының абоненттік нөмірлерін қайталауға мүмкіндік беретін бағдарламалық қамтылымды (SIP-телефонияны) пайдаланады.
Ақша қаражатын қолма-қол ақшаға айналдыру үшін алаяқтар алдына ала келісілген адамдарды тартады, олар өздерінің аңғалдығының салдарынан және оңай жолмен ақша табу мақсатында алаяқтардың айла-шарғыларына көнеді.
Орайы келгенде айта кетейік, егер сіз алаяқтарға ақша аударған болсаңыз не істейсіз?Ең алдымен, сізге банкке хабарласып, менеджерден ақшаны қалай қайтаруға болатынын білу керек. Егер қаражат әлі аударылып жатқан болса, онда операцияны тоқтатуға болады. Соңғы операцияны қайтару туралы өтініш жазыңыз. Банктердің қаражатты қайтаруы немесе соңғы операцияны тоқтатуы бірнеше сағаттан 60 күнге дейін жүзеге асырылады.
Егер аударым іске асырылған болса, онда ойланбастан дереу құқық қорғау органдарына хабарласыңыз. Құқық қорғау органдары азаматтарды жәбірленуші деп таныған жағдайда, олар ҚР АК 9-бабына сәйкес үшінші тұлғалардың алаяқтық әрекеттері бойынша сотқа талап-арызбен жүгінуге құқылы.
Сондай-ақ, банктердің техникалық төлемдері жақсы қорғалғанын есте сақтаңыз. Алаяқтар банктердің техникалық қауіпсіздігін бұзуға емес, азаматтардың сеніміне кіруге баса назар аударады. Шоттарыңыздағы барлық операцияларды бақылау үшін мобильдік банкті және SMSхабарламаларды қосып алыңыз. Осылайша, сіз алаяқтардың әрекеттеріне жылдам жауап бере аласыз. Есіңізде болсын, мұндайда уақытты өткізіп алмау өте маңызды.
Өзіңізбен бірге алып жүретін және күнделікті шығындар үшін пайдаланатын картада көп ақша сақтамаңыз. Қажет болған жағдайда негізгі шоттан немесе депозиттен аударым жасаған дұрыс.
Алаяқтар сіздің атыңызға жалған кредит ресімдеген жағдайда не істеу қажет? Айталық, егер сіздің дербес және төлем деректеріңіз киберқылмыскерлердің қолына түскен жағдайда, олар сіздің онлайн немесе мобильдік банкингіңізді бұзып, алаяқтық тәсілмен кредит ресімдеулері мүмкін. Атыңызға заңсыз кредит ресімделу фактісін кредиттік тарихтың көмегімен анықтауға болады, оны тоқсанына кемінде 1 реттексеріп тұру қажет. Дербес кредиттік есепті Мемлекеттік кредит бюродан, Бірінші кредиттік бюродан, ХҚО-дан немесе egov.kz порталы арқылы алуға болады.
Егер сіз басқа адамның кредитінің құрбаны болсаңыз, онда бірінші кезекте, қарыз ресімделген кредиттік ұйымның атауын біліп алыңыз, және оған өтінішпен жүгініңіз. Өтінішті сондай-ақ, құқық қорғау органына да беру қажет. Сіздің өтініштеріңіз тіркелуі керек. Өтінішті қабылдау күні көрсетілген тіркеу нөмірі сіз өзіңізге қалдыратын өтініштің көшірмесінде де болуы қажет.
Кредитордан міндетті түрде ішкі қызметтік реттеу жүргізуді талап етіңіз. Сондай-ақ, кредиттік ұйым сізге шарттың көшірмелерін, оған қосымшаларды және жеке басты куәландыратын құжаттарды, ақша аударылған шоттың деректемелерін ұсынуы керек. Сізге кредит берген және шартты ресімдеген қызметкердің деректерін нақтылап алғаныңыз дұрыс.
Кредиттік ұйым құжаттар ұсынудан бас тартқан жағдайда, сіз ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым бере аласыз.
Егер кредиттік ұйым ақшаны сіздің жеке куәлігіңіз бойынша алаяқтардың алғанына дәлелдер таба алмаса, тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша сотқа мәмілені жарамсыз деп тану туралы шағым-талап беру қажет. Сот шешімді сіздің пайдаңызға шығарған жағдайда, кредиттік ұйым:
— сізден борышты төлеуді талап етуді тоқтатуға;
— берешекті есептен шығаруға;
— кредиттік бюроға сіздің кредиттік тарихыңыздан басқа адамның қарызы бойынша ақпаратты алып тастау жөнінде хат жолдауға тиіс.
Енді «Өзіңізді және жақындарыңызды алаяқтардың алдауынан қалай қорғауға болады?» деген сұраққа келейік. Ол үшін алаяқтардың құрбаны болмау үшін азаматтар сақтауға тиіс негізгі қауіпсіздік ережелеріне назар аудайық:
- Егер сізге банк қызметкерлерінен қоңырау түссе, әңгімені бірден тоқтатыңыз. Есіңізде болсын, нағыз банк қызметкері, банктердің байланыс орталықтарының операторлары ешқашан телефон арқылы жеке деректерді сұрамайды. Бұл конфиденциалды ақпарат тек алаяқтарға қажет. Егер күмәнданған болсаңыз, сізге қызмет көрсететін банктің Call-орталығына өзіңіз хабарласып біліңіз.
- Егер сізге өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстыратын адам хабарласса, қандай жағдайда да үрейге бой алдырмаңыз. Ықтимал күдіктінің полицияның нақты қай бөлімшесінде екенін, оған қатысты қандай баптың қолданылып жатқаны, іс-әрекеттің қашан жасалғаны, адвокат көмегінің көрсетілген-көрсетілмегені және онымен қалай байланысуға болатыны туралы сұраңыз. Сондай-ақ сізге оның атынан хабарласқан ұйымның: ҚР ІІМ және аудандық полиция бөлімшесінің шұғыл желісіне өзіңіз қоңырау соғыңыз.
- Егер желіде қор нарығында табысқа кенелу ықтималдылығы 99 пайыз, бұрын-соңды болмаған ақша табуға мүмкіндік беретін таңғажайып платформаға қол жеткізу үшін сауалнамадан өтуді ұсынса, сенбеңіз. Өзіңіздің дербес деректеріңізді еш жерде, интернет кеңістігінде, әсіресе, фишингтік сайттарда қалдырмаңыз. Егер сіз мұны жай қызығушылықпен жасап, жалған нөмірлерді тіркесеңіз де мұның салдары болуы мүмкін.
- Ешқашан және ешкімге жеке деректеріңізді, банк картаңыздың деректемелерін, картаның жарамдылық мерзімін, CVC/CVV кодты (банк картасының артқы жағындағы үш санды, картаның түпнұсқалығын тексеру кодын), құпия сөзді және ақша қалдығын, жасалған операцияны растау үшін SMS-кодты: төлемді, аударымды және т.б. айтпаңыз. Интернет-банкингтегі немесе мобильді қосымшадағы жеке кабинетіңіздің паролін ешкімге айтпаңыз. Қарт туыстарыңызға алаяқтардың айла-амалдары туралы айтыңыз, қаскүнемдердің нысанына айналатындар – көбінесе солар.