Бүгінгі күні елімізде ең көп тіркелетін қылмыстың түрі, ол – алаяқтық. Елімізде қолданыстағы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (әрі қарай ҚК) 190 бабының 1-бөлігінде алаяқтыққа мынадай түсініктеме берілген. «Алаяқтық — бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену». Қарапайым сөзбен айтқанда, алаяқтық – алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау болып табылады.
Аталған бап 4 бөліктен тұрады. Құқық қорғаушылар соңғы уақытта алаяқтықтың белең алуына байланысты бұл қылмыс түріне жазаның күшейтілгенін айтады. Мәселен, егерде айыпталушы жай алақтық жасаған болса, яғни ҚК-тің 190бабының 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жасаса, алаяқ 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Егер де айыпталушы алаяқтық әрекетті адамдар тобында алдын ала сөз байласуымен, адам өз қызмет бабын пайдалана отырып, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен, мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық үшін аталған баптың 2-бөлігіне сай 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына тартылады. Алаяқтықтың ауыр түрлері осы баптың 3-4-бөліктерінде көрсетілген. Орайы келгенде бұл туралы да толығырақ айта кетейік.
Егер алаяқтың ірі мөлшерде, яғни 1 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аса жасалса, алаяқтықты мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаса, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса, екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалса немесе алаяқтық бірнеше рет жасалған жағдайда аталған баптың 3-бөлігінде 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына тартылады. Қылмыстық топ жасаған немесе аса iрi мөлшерде, яғни айлық есептік көрсеткіштің 4000 есе мөлшерінен асатын алаяқтық жасалса, ол үшін сол баптың 4-бөлігінде көрсетілгендей, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Ескерте кету керек, алаяқтарға қосымша жаза ретінде кінәлінің мүлкін тәркілеу жазасы қолданылады.
Алаяқтарға жаза күшейтілгенімен, қоғамымызда алаяқтық әрекет жасайтындар азаймай отыр. Керісінше, олардың қатары күн санап көбейе түсуде. Құқық қорғаушылар ақпараттық технологияның көмегімен алаяқтық жасайтындарды ұстау қиынға соғатынын айтады. Және қазір жауыннан кейінгі саңырау құлақтай көбейіп жатқандар да сол интернет алаяқтары. Олар бүгінгі ғаламторды, яғни әлеуметтік желіні ұтымды пайдаланып отыр. Олардың торына кез келген адам түсіп қалуы мүмкін.
Сондықтан, өңір полицейлері тұрғындарға ескертушараларын ұдайы жүргізіп келеді. Айталық, жақында Түркістан облыстық полиция департаментінің нұсқауы бойынша ақпараттандыру және байланыс саласындағы құқық бұзушылықтарға, сондай-ақ авторлық және сабақтас құқық бұзушылықтарға қарсы күрестің тиімділігін арттыру, ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы күресті жандандыру мақсатында Сайрам аудандық полиция бөліміне қарасты криминалдық полиция қызметкерлері «Hi-tech» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.
— Қазіргі технологияның дамыған кезеңінде қылмыстың жаңа түрлері пайда болатыны да жасырын емес. Сол себепті тұрғындарды барынша сақ болуға, ешқашан бейтаныс адамдарға өздерінің электрондық шоттары мен ұялы телефон шоттарына ақша қаражаттарын жібермеуге, сонымен қатар жеке сипаттағы ақпаратты ешкімге бермеуге, таратпауға кеңес береміз, — дейді сайрамдық полицейлер.
Айта кетейік, ҚР Ішкі істер министрлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі орталық құрып, өңірлерде пилоттық жоба ретінде «CyberPol» қызметін іске қосты. Цифрлық технологиялар арқылы жасалатын заңсыздықпен күресу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасап, ел тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Түркістан облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы жанынан құрылған «CyberPol» пилоттық жобасында киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың алдын алуға 6 жедел уәкіл мен 3 тергеушіден құрылған «Киберқылмысқа қарсы күрес» тұрақты тобы бекітілген. Аталған топ жылбасынан бүгінге дейін облыс көлемінде интернет-алаяқтық бойынша 311 істі тіркеді. Оның ішінде 118 – іс сотқа жолданды, 129 – іс тоқтамға алынып ашылмай қалып тұр.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, бүгінде интернет арқылы алаяқтық қылмыс жасайтындар көбейіп кетті. Олар әлеуметтік желілерге жалған интернет хабарландырулар орналастырады немесе аккаунтпен арнайы бет ашып, сайт жасайды. Бүгінгі таңда ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлеріне интернет арқылы сауда жасау жатады. Сонымен қатар, қазір өзін «банк қызметкерімін» деп таныстырып, адамдардың дербес деректерін иеленуді көздегендер де көп. Олар көбіне онлайн-несие рәсімдеуге ұмтылады.
Құқық қорғаушылар компьютер, смартфон, планшеті бар кез келген адамның ақпараттық жүйенің, соның ішінде интернет алаяқтардың құрбанына айнала алатынын ескертеді. Сондай алданып қалған адамдардың арыздарының көбін тексерген уақытта тергеу органдарына қылмыскерлерді анықтау қиынға соғып жататын айттық. Өйткені, олар тек біздің елде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде өмір сүріп жатқан болуы мүмкін.
Алаяқтар әлеуметтік желілердің ішінде Instagram, Facebook, WhatsApp әлеуметтік желілерін жиі пайдаланады екен. Бұл желілерде отырған адамдардың кімнің қандай мақсатта, ойда хабарласқанын ажырата алмасы анық. Өздерінің жалған парақшалары арқылы киімдер, автобөлшектер, күнделікті тұрмыс заттарын сатамын деп алдайтындар онлайн-сауданың қыр-сырын мықты меңгерген әккі алаяқтар екенін ескере жүріңіз.
Қоғамымызда азаматтардың дербес деректерін алып, онлайн-несие рәсімдеген алаяқтарды ұстай алмаған соңнесиені өздері төлеп жатқан тұрғындар біздің өңірімізде де көп. «Мен банк қызметкерімін, сізге несие мәселеріңізді шешіп бермекпін» деген бір ауыз сөзге сеніп қалып, өзінің дербес деректерін WhatsApp желісі арқылы жіберіп, артынан қапыда қалғандар қатары күн санап көбеймесе, азаймай отыр.
Сондықтан құқық қорғаушылар интернет алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шараларын ұсынады. Мәселен, дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламау керектігін айтады. Белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабарламаларға сенбеуге кеңес береді. Осындай қарапайым ережелерді сақтау арқылы тұрғындар өздерін алаяқтардан қорғай алады.